Спорт • 20 Қаңтар, 2021

Он үш жасар оғлан ересектер арасында ел чемпионы атанды

299 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күні кеше кеншілер астанасында үстел теннисінен өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында небәрі 13 жастағы қарағандылық теннисші Алан Құрманғалиев айды аспанға шығарып, жекелей сында жеңіске жетті.

Он үш жасар оғлан ересектер арасында ел чемпионы атанды

 

Финалдық жекпе-жекте ол Батыс Қазақстан облысы аты­нан тартысқа түскен сақа тен­нисші Дастан Кенжеғұловты тізе бүктірді. Сөйтіп ол ересектер арасында чемпион болған ең жас теннисші атанып, қазақ спор­тының шежіресіне өз есімін жазды.

Алан үстел теннисінің әліп­биімен жеті жасында танысыпты. Жас балаға ойынның ұнағаны сонша, ол жаттығу залынан шыққысы келмей, ертеден кешке дейін теннис ойнайды екен. Өзі құралпы балалар бір, бір жарым сағат жаттықса, бұл олардан екі есе көп жұмыс істейтін көрінеді. Баланың мұндай құлшынысын байқаған Эльмира Әлиева сынды сұңғыла бапкер оған бірден назар аударып, қанатының астына алған.

Әлбетте, жеткіншектің мұн­дай талпынысы өзінің жемісін бермей қоймады. Арада екі жыл өткенде жастары өзімен шамалас балаларды шаң қаптырып, ел чемпионы атанды. Ал бір жылдан кейін Алан өзінен үш-төрт жас үлкен ойыншыларды түгел жеңіп, Қазақстан чемпионатында топ жарды. Сонымен бірге ол үстел теннисінен еліміздегі ең жас спорт шебері атағына да ие болды.

Ел ішінде өзіне төтеп бере алатын қарсылас табылмаған соң, жас дарын халықаралық додаларда мықтылармен күш сынаса бастады. Үстел теннисіне деген үлкен махаббат және ерінбей төккен тердің жемісі Алан сынды алған бетінен қайтпайтын қайсар ұлдың мерейін өсіре түскен болатын.

Сол жылы ол төрт бірдей ірі турнирде жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Атап айтқанда, Алматы қаласында өткен республикалық іріктеу жарысында, одан кейін Бішкекте жалау көтерген Орталық Азия бойынша додада топ жарды. Іле, Таиландта болған Азия құр­лығының іріктеу турнирінде қар­сылас шақ келтірмеді. Сонан соң Оманда өткен әлемдік іріктеу жа­рысында тағы да жеңіс биігіне көтерілген. Нәтижесінде, Алан Құр­манғалиев Халықаралық үс­тел теннисі федерациясының (ITTF) ше­шімімен Hopes Week құр­лықаралық және әлемдік тур­нирлерінің қорытындысы бойынша 2019 жылдың ең үздік жасөспірім теннисшісі болып танылды!

«Аталған жаңалықты интернеттен білдім, – дейді Аланның өзі. – Әрине, қуанышымда шек болмады. Ол сында ойын үстін­дегі ең үздік техника, шарды ұру және оны зыр айналдыру сынды тәсілдер сарапқа түскен екен. Бұдан бөлек, жаттығулардағы ынта мен турнирлер арасындағы тәртіп мәселесі де қаралыпты. Бұл нәтиже менің мерейімді өсіре түсті. Сонымен бірге, әрине, жауапкершілік те жүктейді».

Алан жастығына қарамастан, жаттығу үстінде босаңсуға жол бермейтін өте ықтиятты, жауап­кершілігі зор бала екен. Бап­керінің айтқанын екі еткізбей орындайтын тәртіптілігі оны бас­қалардан ерекшелендіріп тұратын көрінеді. Яғни ойын баласы болса да жаттығуда, турнир барысында өзінің байсалды, сабырлы қалпын мейлінше қатаң сақтай біледі екен.

«Алан – талантты ғана емес, өте еңбекқор бала. Со­ның ар­қасында жоғары көрсет­кіш­терге қол жеткізіп жүр», дейді оның жеке бапкері, Қазақстанның ең­бек сіңірген жаттықтырушысы Эльмира Әлиева.

Жас дарынның анасы Татьяна Перцева ұлының өзіне ұнайтын спорт түрін адаспай тапқанына қуанышты екенін жасырмайды. «Жас кезінде көп ауыратын. Қалай спортпен айналыса бастады, солай аур-сырқау дегенді мүлде ұмыттық. Тәртібі де түзеліп, уақытты тиімді және дұрыс пайдалануды үйренді», дейді анасы мерейленіп.

Алан – текті тұқымнан тамыр тартқан өрен. Атасы Хәкім Құрманғалиев Ұлы Отан со­ғысында батыр­лы­ғымен көзге түскен жауынгер болыпты. Тіпті майдан даласында көр­сет­кен көзсіз ерлігі үшін Ке­ңес Одағының Батыры ата­ғы­­­на ұсынылған көрінеді. Ал Алан­ның өз әкесі Денис Құр­­ман­ғалиев құрылысшы болып жұмыс істейді. Оның айтуын­ша, баласының бойындағы ең­бекқорлық пен табандылық қан­да бар қасиет екен. «Мен Алан­­ның бізді ұятқа қалдырмай, өзі­­­нің көздеген мақсатына же­те­ті­ніне сенімдімін», дейді Денис.

Алан сынды тума таланттың арманы да асқақ: енді ол Азия, әлем чемпионаттарында жеңіске жетіп, одан кейін Олимптің шыңын бағындыруды алдына мақсат етіп қойған.

 

ҚАРАҒАНДЫ