«Бастау» жобасы өткен жылдан бастап онлайн өткізілуде. Жоба аясында 2020 жылы Қызылорда облысы бойынша 2150 адамды оқыту жоспарланған болатын. Жыл соңында 2181 азамат сертификат алды. Олардың 1966-сы аяқтағаны туралы, 205-і қатысқаны туралы құжатқа ие болды, - дейді Палата басшысы.
Былтыр оқыған азаматтардың ішінде жалпы сомасы 422,1 млн теңге болатын 746 қатысушының жобасына қаржы бөлінген. Оның 411,2 млн теңгені құрайтын 741 жобасы мемлекеттік грант есебінен қаржыландырылса, 10,9 млн теңгелік 5 жоба мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізген.
Айта кету керек, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша «Бастау» жобасы 2017 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Курсқа қатысушылар 21 күн ішінде өз біліктіліктерін арттырады және арнайы бизнес-жаттықтырушылардан кәсіп ашу және жүргізудің қыр-сырын үйренеді.
Өткен жылы жоба 10 маусымда басталып, Қызылорда қаласы мен облыстың 7 ауданында, сондай-ақ Байқоңыр қаласында өткізілді. Елде төтенше жағдай жариялануына және карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты оқытудың кейбір ерекшеліктері болды. Оқу карантиге орай онлайн жүргізілді. Белгілі бір дағдылар мен білімге ие болып, бейне сабақтар тапсырмаларын сәтті орындағандар оқуды ертерек аяқтады.
Курс 12 модуль бойынша 50 танымдық бейне сабақтан және өз бетінше орындауға арналған 9 тапсырмадан тұрады. Оқу процесі аяқталған кезде тыңдаушы қорытынды тестілеуден өтеді. Тыңдаушы мүмкіндігінше көп балл жинауы керек. Осыдан кейін ғана оған бизнес-жоспар құрастырушысы ашылады. Бизнес-жоспар үшін ең жоғары баға 30 балл. Курс бойынша аяқтағаны туралы және қатысқанын растайтын сертификат беріледі. Сертификаттың соңғы түрі жеңілдетілген пайызбен несие алуға немесе мемлекеттік грантқа қатысуға құқық бермейді. Аяқтағаны жайлы сертификатты алу үшін қатысушы 60 % (18 балл) және одан жоғары балл жинауы қажет. Егер қатысушы бизнес-жоспарды тексеру нәтижелері бойынша шекті балл жинамаса, оған қатысқаны туралы сертификат тапсырылады. Қатысушының бизнес-жоспарды портал арқылы қайта тапсыруға 2 мүмкіндігі бар.