Аймақтар • 20 Қаңтар, 2021

Түркістан облысының полицейлері жоғалып кеткен әйелді аман-есен тапты

185 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысының полицейлері жоғалып кеткен әйелді аман-есен тапты, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Түркістан облысының полицейлері жоғалып кеткен әйелді аман-есен тапты

Төле би АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Ер адамның айтуынша, оның жұбайы таңғы сағат 07:15 шамасында үйінен ауруханаға кеттім деп шығып, қайта оралмаған. Осылайша әйелімен еш байланыса алмай, хабар-ошарсыз қалған ер адам өздігінен іздей бастайды. Ата-анасы мен жақын туыстарының үйіне бармағанын білгеннен кейін полицейлерге арызданып, көмек сұрайды.

Тәртіп сақшылары ақпарат алысымен жоғалған әйелді іздестіруге кіріседі. Көрген-білгендерден, таныстарынан жауап алып, оның баруы мүмкін жерлер мұқият тексеріледі. Жан-жақты қажетті шаралар іске асырылады.

Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, полицейлер бес сағат ішінде жас әйелді Сайрам ауданынан ешқандай туыстық не таныстық қатынасы жоқ белгісіз азаматшаның үйінде жүрген жерінен табады.

Полицейлер оны туған анасына аман-есен тапсырды. Тексеру барысында анықталғандай, 2018 жылы отау құрған жас жұбайлар арасында отбасылық кикілжің орын алып, содан күйеуіне ренжіген әйел үйінен кетіп қалған. Қазіргі таңда ерлі-зайыптыларға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әйел аман-есен үйіне қайтарылды.

Өз кезегінде анасы, қызын тауып берген полицейлерге алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.