Аймақтар • 20 Қаңтар, 2021

Түркістан облысында 7 жаңа медициналық нысан салынуда

134 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында медициналық инфрақұрылымды дамыту мақсатында 78,5 млрд теңгеге 7 жаңа нысан салынуда. Өңірде күрделі жөндеуден өткен 8 емдеу нысанның алтауы пайдалануға берілген.

Түркістан облысында 7 жаңа медициналық нысан салынуда

Қоғамдық денсаулық басқармасының өткен жылғы қызметі қорытындыланып, ертеңгі жоспарлары талқыланған кеңейтілген алқа отырысында осындай деректер келтірілді. «Статистикалық деректерге сүйенсек, халық санының өсуі бірінші кезекте туу көрсеткішіне және ана мен бала денсаулығына тікелей тәуелді. Облыста ана мен бала өлімін төмендету үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, әлеуметтік ахуалды түзету бағытында біршама істер атқарылды. Бүгінде облыс ана өлімі бойынша республикада 16.3 көрсеткішімен  ең соңғы орында. Бұл дәрігерлердің тынымсыз еңбегінің жемісі. Сондай-ақ облыс бойынша негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерінің жақсарғанын атап өткен жөн. Осылайша соңғы жылдары өңірде  өмір сүру ұзақтығы артып, жалпы өлім-жітім, туберкулез 26,5% төмендеген. Қатерлі ісік аурулары, қан айналымы жүйесі аурулары да едәуір азайды»,  деді алқа отырысында қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов.

Өңірде эпидемиялық жағдай тұрақты. Тұрақты негізде облыста коронавирустық инфекциясы бар науқастарды емдеуге жатқызу үшін мыңға жуық инфекциялық және карантиндік төсек ұйымдастырылған. Мемлекеттік ПТР зертханаларының саны үш есеге көбейтілді. Аудандар жылжымалы медициналық кешенмен толық қамтамасыз етілді, жедел жәрдем паркі 96% -ға жаңарды. Сондай-ақ алқа отырысында алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс жоспарлар мен міндеттер айқындалды.

Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов басқарма қызметін оң бағалап, бірқатар нақты тапсырма жүктеді.