Қоғам • 20 Қаңтар, 2021

Сыбайлас жемқорлық жасаған 15 басшы жауапқа тартылды

1250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмола облысында 2020 жылы сыбайлас жемқорлық үшін 76 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оның 15-і – республикалық және жергілікті деңгейдегі бірінші басшылар. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аумақтық департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев «Аntikor ortalyǵy» алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Сыбайлас жемқорлық жасаған 15 басшы жауапқа тартылды

«Өткен жылы облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің өндірісінде 100 – ден астам қылмыстық іс болды, оның 78-і ауыр қылмыстар бойынша. Негізінен, бұл ұрлау, парақорлық, сондай-ақ алаяқтық фактілері. 51 адамға қатысты 136 іс сотқа жіберілді», деді Мұрат Төлеубаев.

Өткен жылы сотталғандар арасында басшылық құрамының тұлғалары – Ақмола облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Р.Т.Бикенев, Зеренді ауданының әкімі Б.Н.Әбутәліпов, Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы С.К.Молдағұлов және облыстық, аудандық деңгейдегі басқа да басшылар бар. Сонымен қатар, Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік республикалық орталығының бас директоры, Аршалы ауданы әкімінің орынбасары, сондай-ақ облыстың бірнеше аудан әкімдіктерінің бөлім басшылары сотқа жіберілді.

Одан басқа, облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосы жүйелі сыбайлас жемқорлықтың 7 фактісін анықтады, онда 35 қылмыс анықталды және 21 адам тартылды. Шағын және орта бизнестің қызметіне араласудың бірқатар фактілерінің жолы кесілді.

Мемлекеттік бағдарламаларды сүйемелдеу аясында өңірдің 26 қылмыс тіркелді. 2020 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша мемлекетке өтелген залал сомасы 650 миллион теңгеден асты. Қылмыстық істерді тергеу нәтижелері бойынша Департамент сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы 88 ұсыну енгізді.

Ұсынуларды қарау қорытындысы бойынша 69 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, олардың ішінде 21 басшылық құрамының тұлғалары. 13 лауазымды тұлға жұмыстан босатылды, 10 адамға қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескертілді.

«2019 жылмен салыстырғанда өңірде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар санының төмендеу динамикасы байқалады, бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан алдын алу шараларының тиімділігін көрсетеді. Жалпы, біз өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту аясында жүйелі жұмысты жалғастырамыз», деп түйіндеді Мұрат Төлеубаев.