Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Қазақстанда бұл президенттік институтты енгізу, тәуелсіздікті нығайту және тәуелсіз мемлекеттің мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру мәселесінен бастау алады. Сондықтан ол мемлекеттік қызмет пен кадр дайындауды қолға алуды талап етті. Себебі ескі партиялық-кеңестік мемлекеттік қызметшілер жаңа жағдайда жұмыс істеуге дайын болмай шықты. Тіптен, олар жаңашыл шешімдерге ашық және жасырын түрде де қарсылық танытып, жаңа міндеттерді іске асыруға бағытталған ұмтылыстарға кедергі келтіріп бақты.
Демократиялық қоғам мен нарық қатынастарына негізделген экономика құруға лайық кадрларды бірден өсіріп шығару мүмкін болмады. Басында көзқарастары кеңестік әкімшілдік-әміршілдік идеология шеңберінде қалып қоймаған, өзінше ойлау қабілеті бар-ау деген адамдарды қызметке тартып, амалдай тұруға тура келді. Бұл үдерістің оңай жүре қоймағаны да анық. Тек 1995 жылы ғана мемлекеттік қызмет туралы алғашқы заң қабылданып, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік құрылды. Осылайша мемлекеттік қызметтің меритократия қағидаттарына негізделген қазақстандық моделі қалыптаса бастады. Мемлекеттік қызметшілер саяси және әкімшілік деп екіге бөлінді. Нәтижесінде мемлекеттік аппаратқа саяси үдерістердің ықпалын бәсеңдетуге жағдай туды.
Дегенмен, мемлекеттік қызмет жүйесінде кемшіліктер әлі де болса сақталды. Ол мемлекеттік билік органдары арасындағы деңгейлік жұмыс бөлінісін толық шеше алмады. Сондықтан болар, бұл жағдай жоғарыдан төмен қарай бағытталған барлық атқарушы билік арасында кейбір жұмыс түрлерінің қайталануына әкеліп соқты және оның қызметінің тиімділігіне теріс әсерін тигізді. Оның үстіне орталық билік өзіне тиесілі емес функциялардан арылуға, мемлекеттік басқару жүйесі ашық жұмыс істеуге аса асықпады. Сонымен қатар билікті орталықсыздандырып, мемлекеттік құзыреттің бір бөлігін жергілікті органдарға беру мәселесі толығымен шешімін таппады.
Сонау 1991 жылдан бері үкіметтік мекемелердің құрылымдық ұдайы өзгерістерге ұшырауы оларды ұйымдастырудың оңтайлы нұсқаларының бертінге дейін табыла қоймағанын көрсетсе керек. Сондықтан да бұрынғы кемшіліктерді жоймақ түгіл, оның жаңа түрлері пайда болып отырды. Өйткені, бұл жұмыста жүйелілік пен сабақтастық болмады. Орталық мемлекеттік органдардың бірде жойылып, бірде қайта құрылулары, олардың ұйымдастырушылық-құқықтық пішіндерінің өзгеруінің жиілеп кетуі осындай бей-берекетсіздіктердің кең құлаш жаюына әкеліп соқтырды. Мәселен, 1997 жыл мен 2000 жылдың арасында мемлекеттік органдарды қайта құру мәселесі бойынша Президенттің 20 Жарлығы шықса, 1999 жылдың басындағы Үкіметтің құрамына қатысты Жарлыққа 13 өзгеріс пен қосымша енгізілген екен.
2003 жылдың ақпанында Үкімет бекіткен мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді межелеу туралы тұжырымдама да жергілікті жерлерде толыққанды мемлекеттік билік құру мәселесін аяғына дейін шеше алмай, оны жергілікті өзін-өзі басқару заңы шеңберінде қарастыру ұйғарылды. Артынша бұл заңға өзгерістер енгізіліп, Қаржылық кодекстің қабылдануы және жүзден астам әртүрлі құзыреттердің жергілікті деңгейге түсірілгеніне қарамастан, аймақтардағы мемлекеттік басқару жүйесі жаңа талаптарға сай жұмыс істеуге бейімделе алмады. Керісінше, жергілікті атқарушы органдар мен олардағы мемлекеттік қызметшілердің саны өсіп кетті. Сонымен қатар жергілікті атқарушы биліктің атқарып отырған қызметінің ретсіздігі мен көп бағыттылығы оның құрылымдық тұрақсыздығына әкеліп соқты. Орталық және жергілікті басқарудың арасындағы байланыстың сипаты жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға көп ықпал ете алмады. Сондықтан мемлекеттік қызмет жөніндегі заңнаманың тек лауазымынан айырылып қалмауды ойлайтын қызметшілерден гөрі, нәтижеге бағдарланған кадрларды даярлауға кедергі келтіретін олқылықтарын жою қажет болды.
Ол тек жоғарыдан төмен қарай емес, сонымен бірге көлденеңінен де, яғни құзыреттерді Үкіметтен министрліктерге, орталықтан аймақтарға қайта бөлу арқылы да жүргізілетіндігі ескерілді. Бұл ретте әңгіме мемлекеттің рөлін қысқарту туралы емес, керісінше, мемлекетті епті басқаруды дамыту хақында болды. Ендеше, мемлекеттік аппаратты реформалау нақты нәтижеге жетуге бағытталуы шарт еді. Әкімшілік реформа елдің одан әрі дамып, өркендеуіне серпіліс береді деп есептелді. Бұл реформа мемлекеттік қызметті де жетілдіруге бағытталуы керек еді.
Жалпы алғанда, 2000 жылдардың екінші жартысында жүргізілген әкімшілік реформаның алдында үлкен міндеттер тұрды. Қызмет бабымен басқа өңірге ауысқан кезде өз «нөкерлерін» қасынан тастамайтын әкімдер, корпоративтік басқарудың ұжымдық жауапсыздыққа әкелу мүмкіндігі, мемлекеттік ірі бағдарламалардың аяғына дейін орындалмауы, министрлердің олардың нәтижесі бойынша нақты есеп беруі мен жеке жауапкершіліктерінің болмауы, соған қарамай жаңа бағдарламаларды ұсынуға әуестенушілік, мемлекеттік мекемелердегі бітпейтін қайта құрулар, мемлекеттік басқару органдары жұмысында сабақтастықтың жоқтығы сияқты өзекті мәселелер мамандар арасында да, қоғамда да қызу талқыға түсті. Әсіресе, сабақтастық проблемасы қоғам денесіне жабысқан жазылмайтын індетке айналды.
Мемлекеттік органдардың қызметінде сабақтастықтың толық сақталмауы реформаларды тиянақты жүргізіп, нақты нәтижелерге жетуге мүмкіндік бермеді. Себебі жаңа министр бұрынғысының ісін жоққа шығарып, жұмысын қайта құрудан бастап, әртүрлі орынды-орынсыз бастамаларды алға тартып, ұпай жинаумен айналысты. Былайша айтқанда, министрліктер мен ведомстволар сынақ алаңына айналды. Мемлекеттік мекемелердегі ретсіз және ешбір қажеттілікке негізделмеген құрылымдық қайта құрулар мен басымдықтарының жиі өзгеріске ұшырауы мемлекеттік қызметтегі берекесіздікке әкеліп соқты. Мемлекеттік қызметшілерді есеңгіретіп, кадр саясатын тұрақсыздандырды. Қаржыны игеру басты көрсеткішке айналып, жалпы сандық көрсеткішпен әуестеніп, нақты нәтиже, сапа, іс жүзіндегі халықтың әл-ауқаты сияқты мәселелер жете ескерілмеді. Сөз бен іс үйлеспей, қоғамдық өмірде сәйкессіздіктер орын ала бастады.
Әрбір жаңа әкім кадрларды ауыстырып, аймақ басқарудың құрылымын өз ыңғайына қарай ауыстырып отырды. Ол үшін өзінің адамдарын отырғызу мақсатында әкімдер әдетте заңмен үйлесе бермейтін әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға, өзінің үнемі «алға басып» отырғанын көрсетіп, ұпай жинау мақсатында, тіптен, «командасымен» көзбояушылыққа барудан да тайынбады. Осыдан барып аудандық, қалалық және облыстық депутаттардың ықпалы біртіндеп азая бастады. Жергілікті элитаны құраған мәслихаттардың депутаттары, кәсіпкерлер, әртүрлі мекемелер мен ұйымдардың басшылары, ректорлар және т.б. әкімдердің ықпалына ілікті. Жергілікті билік бақылаусыз болды. Әкімдердің құзыреті күшейді. Мәслихаттар солардың басты тірегіне айналды. Сондықтан әкімдер өздеріне ыңғайлы мәслихаттарды жасақтауға тырысты. Жергілікті тұрғындар депутаттарын көруден қалды, оларды танымайтындай жағдайға жетті. Мәслихаттардың жұмысы жыл санап нашарлай берді. Бұдан әкімдер ұтпаса, халық одан ешбір пайда көре қоймады.
Бұл жағдай халықтың билікке деген «өкпесін» қара қазандай қылып, пікірін дұрыс жаққа өзгерте алмады, керісінше, олардың арасында наразылық көңіл күйін тудырып отырды. Оның үстіне мемлекеттік қызметке қабылдаған кезден бастап, қолынан іс келетіндердің жұмыста келесі сатыға көтерілуі әртүрлі жасанды кедергілерге тап болып, әділ шешілмей жатты. Бұл – мемлекеттік аппараттағы тәртіптің әлсіреп, әлеуметтік-рухани ахуалдың нашарлағандығының, оның моральдық құлдырауға ұшырағандығының және іштей қарсылық әлеуетінің артқандығының көрсеткіші еді. Ал оның ар жағында жалпы билікке деген сенімсіздік пен оппозициялық пиғылдың пайда болуының ауылы да алыс болмады.
Осының барлығы, түптеп келгенде, мемлекеттік органдардың деңгейінің, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігінің төмендегенімен, әкімшілік байланыстардың жоқтығымен байланысты болды. Яғни реформаны тереңдету мәселесі атқарушы билік тармағын қайта құру мен қоғамды демократияландыру үдерісін дамытуды талап етті. Өйткені әкімшілік реформаның нәтижелілігі мемлекеттік аппараттың кәсіби деңгейін көтеруге, оның қызметінің тиімділігі мен өнімділігіне, ашықтығына байланысты еді. Сол сияқты бұл жемқорлықты тежеп, азаматтарды елдің әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге тарту мен мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыруды көздеді. Мемлекеттік қызметте лауазымды сақтауға ғана емес, керісінше, басқарушылық нәтижелерге жетуге бағдарлану қажеттілігі туындады.
2007 жылы мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың тұжырымдамасы анықталып, реформаларды іске асыратын мемлекеттік органдардың өзара іс-әрекеттерінің тиімділігіне қол жеткізудің міндеттілігі мен түпкі нәтижеге бағдарлану сияқты мәселелерге үлкен мән беріле бастады. Ол үдерістер мен процедураларды, мемлекеттік қызмет көрсетуді және мемлекеттік аппараттың қызметін үйлестіруді жетілдіруді талап етті. Мұндағы мақсат – мемлекеттік органдардың өкілеттілігінің жетіспеуінен оның қызметінде ақауды болдырмау және олардың қолына, керісінше, артық билік шоғырландыру арқылы қызмет бабын теріс пайдалануға жол бермеу еді. Оның тағы бір маңыздылығы әлеуметтік саясаттың әкімшілік реформасымен тікелей байланысты болатынын ескеру қажеттілігінде еді. Өйткені, мемлекеттік қызметшілердің еңбегінің әділ бағаланбауы, жалақыларының теңестірілуі тиімді жұмыс істеп жүргендерді бойкүйездікке ұрындырды. Мемлекеттік қызметшілер әрекетсіздік көрсеткені үшін жауапкершілікке тартылмайтынын, өрескел қате жіберсе жазаланып, мансабынан айырылмайтынын білді. Сондықтан дағдарыстық жағдай туындай қалғанда мемлекеттік қызметшілер тұрғындармен жұмыс істеуге бейім болмай шықты.
2000 жылдардың екінші жартысында жүргізілген әкімшілік реформа қоғам тарапынан қызығушылықпен қатар, сыни көзқарас, тіптен, қарсылық та тудырды. Өйткені бұл іс-шараның Қазақстанның болашағы үшін тағдыршешті мәні бар еді. Оның үстіне әкімшілік реформаны жүргізудің әжептәуір тәуекелі болғандығын да ескерген жөн. Себебі бұл қайта құру мемлекеттен өзінің басқарушылық құрылымдарының барлығын реформалауын талап етті. Осы тұрғыдан алып қарағанда, бұл проблемаға сыни көзқарасты ұстанғандардың арасында аталған іс-шараның сырт көрініс үшін істеліп жатқандығына және ең бастысы, әкімшілік реформаны терең және жан-жақты саяси реформалардан кейін жүргізу қажеттілігіне назар аударылғандығын атап өткен жөн. Екінші сөзбен айтқанда, олардың пікірлері уақыты келген саяси қайта құруларды әкімшілік реформалармен алмастыруға жол бермеу керек дегенді аңғартты. Мұның кадр мәселесіне тікелей қатысы бар. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елге патриоттық сезімі бар, саяси бейтарап, іске адал берілген, кәсіби тұрғыда дайындалған кадрлардан тұратын мемлекеттік аппараттың қажеттілігіне үлкен мән берді. Ол сонымен бірге мемлекеттік органдардың жұмысына баға бергенде жемқорлық деңгейінің төмендеуін, тұрғындарға қызмет көрсету мәдениетін, үкіметтік емес ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысын және мемлекеттік органның ашықтығын ескерудің маңыздылығын атап өтті.
Өйткені, жемқорлыққа қарсы күрестің нақты жұмыс істеп, нәтиже беретін тәсілдерін енгізу, кадрлардың жиі алмасуына тосқауыл қою және басқа да көптеген мәселелерді шешуге, олардың орындалуына бақылау жасауға қоғам өкілдерін тарту бұрынғыша маңыздылығын жоймады. Бұл шенеуніктердің ойына келгенін істеп, әкімшілік реформаның мәнісін түсіруге жол бермеудің бір жолы болды. Бұл үшін өзін-өзі басқару жүйесі де қажет болды. Осы бағыттағы жұмыстар 2000 жылдардың аяғына қарай орын алған әлемдік дағдарыстың салдарынан кідіріңкіреп қалды. Десек те, ендігі жерде тек есеп беруді ғана ойлайтын емес, тұрғындарға қызмет етуге ынталы мемлекеттік қызметші керек еді. Сонда ғана салық төлеуші ақшасының қалай жұмсалып, неге жаратылып жатқандығын біліп, заң бұзылған кезде кімнің нақты кінәлі екендігін білер еді. Бюджеттік жоспарлауды түпкі нәтижеге бағдарлаудың қажеттілігі де осыдан туындаған болатын. 2010 жылдары билік деңгейлерінің аражігін ажырату, ықшамды және тиімді атқарушы билікті нығайту жұмысы жалғасын тапты. Бес институционалдық реформа, 2017 жылғы билік тармақтарының құзыреттерін қайта қараудың нәтижесінде мемлекеттің саяси жүйесі нығайып, қоғамдық өмірді жаңғыртуға бағыт алынды.
Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық сұранысқа сай келетін мемлекеттік басқарудың жаңа тиімді және әділетті моделін құру керек деп санайды. Президент көтерген мәселелер 2007 жылғы сарапшылардың сыни ескертулерімен үндесіп жатыр. Демек, бұл мемлекеттің өз басқарушылық құрылымдарын түбегейлі қайта құру міндеттерін шешіп, меритократия қағидаларын толық іске асыра алмағанын көрсетеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілердің көпшілігі өзгерістердің қажеттілігін түсіне алмай, ескіше жұмыс істеуді жалғастыра отырып, елдегі жаңару үдерістеріне кедергі жасауда деп атап айтты. Президенттің «мемлекеттік қызметшілер – халықтың бір бөлігі, халық үшін және халықтың арасында жұмыс істейді» дегені де бекерден-бекер емес. Өйткені, олардың жұмысына азаматтар баға береді, ал билік болса, тұрғындардың талап-тілектеріне құлақ асуы қажет. Ол үшін, әрине, тиісті саяси тетіктер жасалуы шарт және нақты нәтижеге қол жеткізу үшін биліктің әр басқан қадамы қоғамға түсінікті де ашық болғаны абзал.
Әрине, жаңа кезеңде жаңа міндеттерді орындауға қабілетті кадрларды іріктеп алудың маңыздылығы арта түспек. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа бағыт білімді, батыл, бастамашыл, іскер және адал орындаушылардың болуын көздейді. Мемлекеттік аппаратта білімді, кәсіби, епті, адал мамандар болуы керек. Мұндай азаматтар бізде жеткілікті ме?», деген еді. Президент «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында мемлекеттің басты міндеті ретінде жастардың бойына мемлекетшілдік рухын сіңіру, оларды қоғам мүддесіне адал етіп тәрбиелеп, ел игілігіне қызмет етуге жұмылдыру екендігіне баса назар аударды. «Билік органдарындағы азаматтар, ең алдымен, ұлттық мүддеге берік болуға тиіс», дейді Мемлекет басшысы.
Қазіргі кадрлардың арасында заманына сай бірнеше тілде сөйлей білетін, кемінде екі дипломы бар, әлеуметтік желіге шыға білетін азаматтар баршылық. Бірақ, бұл фактілер мемлекеттік қызметтегі жағдайдың түзеліп кеткенінің көрсеткіші бола алмайды. Біз үміт артып отырған бүгінгі шенеуніктердің талайы бұрынғыдан да жабығырақ, өз қызметіне қатысты сынға көп мән бермейтін, ақталуға епті болып алған. Олар БАҚ өкілдерімен кездесуге де онша құштарлық танытпайды, сұхбаттарын баспасөз қызметі әзірлейді, әлеуметтік желіге шығуы да арнайы дайындығы бар көмекшілері арқылы ұйымдастырылады, көпшіліктің алдына шығып, тұрғындармен тікелей сұхбаттасып, тіл табысуға онша машықтанбаған. Оның үстіне ондайлар билікке қатысты айтылып жатқан мінді түзету керектігін түсінуге, ол жағдайды өзгертуге ынталы ма, ұрпақ сабақтастығын жалғастыруға қауқары жете ме екен? Жоқ, әлде қызметтерін мінсіз атқарып жүргендіктеріне жұртты сендіруге тырысып, өздеріне шаң жұқтырмаумен әуестеніп отыр ма? Әйтеуір, бұл арада жасандылықтың болмағаны игі.
Бүгін Қазақстанда 100 мыңға тарта мемлекеттік қызметші әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеп жүр. Бұл – үлкен күш. Егер олар өздерінің халық алдындағы жауапкершілігін толық түсінсе, бойларына мемлекетшілдік рухын сіңіріп, ұлттық мүддеге берік болса, Отанына сүйіспеншіліктерін іс жүзінде бір кісідей көрсете білсе, кез келген биікті бағындыруға болады. Ол үшін Президентіміздің: «...біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз» деген сөзінің мәнін түсіну және осы ұғымға сай өр мінез бен ұлттық намыс қажет.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
қоғам қайраткері, саясаттанушы