Руханият • 21 Қаңтар, 2021

Қайырымды істің сауабы мол

253 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Волонтер жылының қорытындысын шығарды. Аталған жыл аясында 4 830 қайырымдылық іс жасалған. Бұған дейін «Қазақстан темір жолында» Волонтер жылын қолдау бойынша HR-командасы «2020 қайырымды іс» бағдарламасын құрған болатын. Жыл соңына дейін 2020 қайырымды іс істеу мақсаты қойылып, жарты жылда жүзеге асырылды.

Қайырымды істің сауабы мол

Теміржолшылар 1500-ден астам аз қамтылған және көп балалы отбасына жәрдемдесті. Қайырымдылық акциясы 350 зейнеткер мен 300-ге тарта баланы қамтыды. Ұлы Отан соғысының 1900 қатысушысына көмек көрсетілді. ҚТЖ еріктілер қозғалысының энтузиастары соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көмек көрсету бойынша «Жеңіс» республикалық әлеуметтік-қайырымдылық жобасына белсене қатысты. Жоба шеңберінде 500-ден астам ерікті еліміздің 35 қаласы мен ауданында 1 900-ге тарта рейд жүргізді.

«Біз ауқымды жұмыс атқардық. Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің шаруашылығына көмек­тестік, азық-түлік пен дәрі-дәрмек, тұрмыстық техника сатып алып бердік. Бұл еріктілік рухымызды көтере түсті. Компаниямыздың аталған жобаға қатысқанына және белсенділердің жастарға үлгі көрсеткенін ерекше мақтан тұтамын», дейді Батыс Қазақстан облысы бойынша 160 волонтерлік рейд жүргізген Жилаево стансасының инженер-технологы Ерлан Құжымов.

Жалпы, 400-ден астам волонтер COVID-19-бен күреске бағытталды. Теміржолшылар медициналық маскалар тігіп, тұрғындарға таратты, зарарсыздандыру құралдарымен қоғамдық орындарды тазартты, ауруханалар мен медперсоналға қолдау көрсетті. Сонымен қатар 1000 КамАЗ қар шығарылып, көшеттер отырғызылып, 1 тоннадан астам макулатура қайта өңдеуге жіберілді.

Те­мір­­жолшылар қолдауға зәру жандарға үнемі қол­ұшын созып келеді. Волонтер жылы қайырымдылық істерге жаңа серпін дарытып, корпоративтік рухты нығайтуға мүмкіндік берді. Қайырымдылық челленджін компанияның барлық құрылымдық бөлімшелері лезде қағып алды. Әртүрлі әлеуметтік жобаларға қатысуға ниет білдірген белсенділер көбейе түсті.