Кәсіпқой бокс • 21 Қаңтар, 2021

Головкин-«Канело» трилогиясы бола ма?

339 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей отандасымыз Геннадий Головкин мен Мексиканың мақтанышына айналған Сауль «Канело» Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек қашан өтеді деген сұрақ төңірегінде әңгіме қазіргі таңда қызып тұр. Тіпті трилогия тағдыры тек қазақстандық бокс жанкүйерлері ғана емес, бүкіл әлем көрермендерінің бас ауруына айналды десек те болатын шығар.

Головкин-«Канело» трилогиясы бола ма?

 

2019 жылдан бері ұйымдастырылуы ықтимал деген үшінші айқас түрлі себептермен әлі күнге дейін кейінге ысырылып келеді. Бұл жекпе-жектің былтыр не үшін өтпегені баршаға белгілі деген ойдамыз. Әлемді шарпыған коронавирус пандемия­сына байланысты 2020 жылы боксшылар үшін шаршы алаңға шығу былай тұрсын, жаттығу жасаудың өзі мұң болды. Өйткені барлық елде карантиндік шектеу енгізіліп, спорттық бәсекелерді өткізуге тыйым салынды. Ал кәсіпқой боксшылардың бір шоғыры жиналған АҚШ вирустың ошағына айналған соң ол жақта, тіпті, спорт залда шынығудың өзіне шектеу қойып тастады. Сөйтіп бірқатар бокс­шы былтыр бірде-бір рет шаршы алаңға шықпай, жанкүйерлерін қуанта алмады. Дегенмен жыл соңына қарай карантин талабы жеңілдей бастаған соң промоутерлер іске кірісіп, қоластындағы боксшыларына бокс кештерін ұйымдастыра бастады.

Солардың қатарында қазіргі таңдағы кәсіп­қой бокстың шоқ жұлдызына ай­нал­ған Геннадий Головкин мен Сауль Альварес те бар. Екеуі де желтоқсанда, яғни бір уақытта шаршы алаңға көтеріліп, боксты сағынған көрермендерге тамаша шоу ұсынды. Желтоқсанның 19-ында Головкин Польшаның мықтысы Камил Шереметаны мерзімінен бұрын жеңіп, жылды сәтті қорытындылай алды. Ал араға бір күн салып Альварес британиялық боксшы Каллум Смитпен жұдырықтасып, 12 раундқа созылған бәсекеде тек ұпай санымен басым түсті. Кездесуден кейін екі боксшы да өз ойларын ортаға салып, кез келген боксшымен жұдырықтасуға тәбеттері ашылып тұрғанын жеткізді. Сондай-ақ егер промоутерлер тиімді ұсы­ныс жасайтын болса, трилогияға да қарсы еместігін айтып қалды.

Желтоқсандағы жекпе-жектен кейін бокс сарапшылары екі боксшы арасындағы үшінші кездесу биыл өтуі мүмкін бе, әлде жоқ па? Трилогия кімге тиімді, кімге тиімсіз деген сұрақ төңірегінде өз ой-пікірлерін айтып жатыр. Біз де осы мәселенің басын ашу мақсатында отандық және шетелдік мамандардың пікіріне жүгініп көрген едік.

Америкалық TALKsport порталының редакторы Майкл Бенсон Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек биыл күз мезгілінде өтетініне сенімді. «Головкин мен Ка­нело» рингке бір уақытта оралды. GGG Шереметаны сенімді жеңді, ал Альварес Каллумға еш мүмкіндік қалдырмады. Әрине қарсыластарын салыстыруға келмейді, бірақ екі боксшы да бабында. Екеуін екі түрлі шаршы алаңда көр­генде көпшіліктің оларды бір рингте кө­руге ынтасы ашылды. Биыл DAZN платформасының ең негізгі жұмысы – GGG мен «Канело» арасындағы трилогияны ұйымдастыру болмақ. Өйткені бұл шоу­ды өткізу боксшыларға, платфор­ма мен промоутерлерге де пайдалы. Сон­дықтан бұл айқас осы жылдың күз мез­гілінен ұзаққа созылмайды», дейді Бенсон.

Ал ардагер спорт журналисі, Головкин мен «Канело» арасындағы алғашқы жекпе-жекте елге АҚШ-тан хабар таратқан Несіп Жүнісбайұлы өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында екі боксшы арасындағы үшінші бәсеке мүлде өтпеуі мүмкін деген пікір білдірді. Оның пайымдауынша, Геннадий Альварестен үшінші жекпе-жекті қанша сұрағанмен бұл шайқас бола қоймас.

«Өйткені «Канело» Головкинді бүгінде өзіне тең қарсылас деп санамай­ды. Менің ойым: Генаға шама келсе «Канеломен» шықпай-ақ қойғаны дұрыс. Мен бұл жайлы 2-3 жыл бұрын да айтқанмын. Головкин – талассыз талантты, күшті боксшы. Бірақ оның мұндай қарсыласпен шайқасатын кезеңі өтіп кетті. Әрине, бұл ұмтылыстың артында теңіздей толқыған ақша тұр. Бірақ ақша күндердің күнінде таусылады, ал жеңіліп қалса, ол атақ мәңгілік маңдайына жазылады. Бұл менің Головкинді боксшы ретінде жақсы көргеннен кейін айтқаным. Головкин де Альварестің дәрежесінде өсер еді, егер боксты бастағанда оны бірден шын мық­тыларға салғанда. Әсіресе, Германияда өткізген алғашқы 4-5 жылы мен сияқты көрінгенмен шайқасып, босқа кетті...», дейді. Сонымен қатар Несіп Жүнісбайұлы «Канелоның» бүгінгі таңдағы ғажап боксының тылсымы – табиғат берген талант, тынымсыз жаттығумен қатар бокс­шы болып, аяғына тұрғаннан бері нағыз мықтылармен шайқасып келуінде екенін айтады.

Бұл пікірді бокстан Афины Олимпиа­дасының чемпионы, отандық телеарналардан Головкиннің боксына сарапшылық жасап жүрген Бақтияр Артаев та қол­дайтынын жеткізді. Олимпиада чемпио­нының пікі­рінше, Головкин «Канеломен» жекпе-жек өткізіп абыройын жоғалтқанша, дең­­гей жағынан шамалас боксшылармен жұдырықтаса бергені жөн.

«Меніңше, Геннадийдің Альвареспен жекпе-жек өткізбегені дұрыс сияқты. Себебі Головкин жыл өткен сайын қар­тайып, бұрынғыға қарағанда күш-қайраты сарқылып жатыр. Ал «Канело» болса керісінше, жыл сайын күшіне күш қосып келеді. Егер үшінші бәсеке болатын болса, Геннадийге өте қиын болады. Ол да бұл айқастың өзіне оңай соқпайтынын біледі деп ойлаймын. Бәлкім менің ойым қате шығар, бірақ екі боксшы арасындағы екінші жұдырықтасудың нәтижесі менің сөзімді қуаттай түседі деген ойдамын. Сондай-ақ көзі ашық жанкүйерлер бірінші жекпе-жек пен екіншінің айырмашылығы жер мен көктей екенін де біледі. Екінші айқастан Альварестің әлдеқайда өскенін көруге болады. Қорыта айтқанда, екі бокс­шы арасындағы үшінші кездесу өтпейді деп есептеймін», дейді Б.Артаев.

Спорт журналисі Бек Төлеуов трило­гияның тағдыры бұған дейін қаржы мәселесіне байланысты шешімін таппай келсе, енді оған салмақ дәрежесі де қосылғанын айтады. Өйткені жуырда ғана мексикалық боксшының бапкері, әрі менеджері Эдди Рейносо Сауль GGG-мен тек 168 фунтта жұдырықтасады және жекпе-жек шарттарын да Альварес қояды деген болатын.

«Головкин мен «Канелоның» үшінші рет кездесуін күтіп жүргендердің басым көпшілігі қазақстандық боксшының жанкүйерлері деп ойлаймын. Өйткені GGG-дің карьерасы аяқталуға жақын кезде мексикалықты жеңсе деп армандайды. Ал «Канелоның» есебі түгел. Ол үшінші рет асығыстық таныта қоймас. Головкинге биыл жылдың соңына дейін шығып үлгермесе қиын болады. Осы жылы 39 жасқа толады. 40 жасында өзінен 8 жас кіші әрі нағыз бабында тұр­ған спортшыны ұрып құлату қиын. Осы арада салмаққа қатысты айтқым келеді. Головкин спорттық карьерасында тек 72 килода жұдырықтасып келеді. «Канело» түбегейлі екінші орта салмаққа (76,2 кг) ауысып кетті. Енді трилогия үшін Генна­дий жоғары салмаққа ауысуға тәуекел ете ме? Осы жағы қызық болып тұр. Бұл кездесу екеуіне де бір ғана жағдайда қажет. Ол – тек қаржы табу тұрғысынан. DAZN компаниясы екі бокс­шымен де келісім­шартқа отырған. Әзірге екеуінен де дұрыс табыс түсіп жатпаған көрінеді. Америкалықтар үшін Головкин мен Канелоның өткізіп жүрген жекпе-жектері қызықсыз, қарсыластары әлсіз. Егер үш тарап та жақсы ақша табуды көздесе, трилогияны өткізері анық», дейді ол.

Жалпы жанкүйерлер қауымының басым бөлігі екі алыптың арасындағы екі айқастың қорытындысы бойынша есеп тең деп есептейді. Себебі алғашқы бәсекеде GGG басым болғанын айтады. Енді кімнің шын мықты екенін анықтау үшін және адамдарда күмән қалмауы үшін бәрібір шешуші кездесу керек сияқты. Сонымен қатар 2020 жылы жөні түзу жекпе-жек тамашалай алмаған көрермендер биыл екі боксшы арасындағы Big Drama Show-ды көруге әбден құқылы деп есептейміз.