Оқиға • 21 Қаңтар, 2021

Қардан қаланған «Ақбас бұқа»

570 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы №1 өрт сөндіру бөлімінің алдында құйрығын тігіп, басын төмен салып, мүйізін шайқап тұрған алып бұқа ертегі кейіпкерінен аумайды. Қардан тұрғызылғанымен, түрлі-түсті бояумен әрленген қар-мүсін алыстан көз тартады. Гагарин көшесімен олай-бұлай өтіп бара жатқан көліктердің кейбірі тоқтай қалып, суретке түсіп жатады. Ондай сәтте осы мүсінді жасаған Әлішер Құттығалидың бойын мақтаныш кернейді.

Қардан қаланған «Ақбас бұқа»

– Әсіресе балалар келіп, ме­нің туындымды ұнатып, айнал­шықтап, кете алмай жүргенде ерекше қуанамын. Еңбегім еш кет­­пегенін түсінемін, – дейді Орал қалалық №1 мамандан­дырылған өрт сөндіру бө­лі­мінің құтқарушысы Әлішер Құттығали.

Бір қызығы, қыс келген сайын дәл осы жерде қардан жасалған түрлі мүсін пайда болатынына жергілікті халық үйреніп ал­ды деу­ге болады. Өйткені Әлішер былтыр осы алаңқайға өрт сөн­діретін машинаның дәл көшір­месін қар­дан тұрғызған болатын. Оның алдында Жеңістің 75 жыл­дығына орай «Т-34» танкісін қар­дан қалап шыққаны да бар.

1

Мүсін жасауды бала кезінен жақсы көретін Әлішердің хоббиін биыл қалалық Төтенше жағдайлар мекемесінің басшылығы да қол­­дап, «Қардан жасалған үз­дік мүсін» атты байқау ұй­ым­­дастырған. Бұл байқауға тө­тен­ше­ліктердің барлық бөлім­шесі мен ведомстволық бағы­ныс­ты ұйымдары қатысыпты. Осы­лай­ша, ауылдар мен қалада қардан жасалған түрлі мүсін пайда болды. Үздіктері жүлделі орындармен, арнайы сыйлықтармен марапатталған. Ең бастысы, қар­дан жасалған өнер туындылары уақытша болса да көрген жан­ның көзіне қуаныш ұялатып, эстетикалық ләззат сыйлап тұр.

– Бұл туындыны ұлттық бренд – қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырына барынша ұқ­сатқым келді. Ал сиырдың мү­сінін жаса­ған себебім – наурызда келетін сиыр жылы елімізге құтты, бере­келі болсын деген ті­легім, – дейді Әлі­шер. Лайым да солай болсын!

 

Батыс Қазақстан облысы