Осыдан кейін А.Мамин Петропавл ауыр машина жасау зауытына барды. Бұл КСРО қорғаныс зауыттарының Петропавлға орнатылған бес зауытының ішіндегі ең алдыңғы қатарлысы болған еді. Қазір оның аумағында тез бұзылатын азық-түлік өнімдерін тасымалдауға арналған термос-вагондар құрастыратын жаңа өндіріс орны ашылған. Жобалық қуаттылығы жылына 1200 вагон өндіруге қабілетті және 200 адамды жұмыспен қамтиды.
Премьер-Министрдің сапары «Солтүстік фанер комбинаты» ЖШС-де жалғасты. Мұнда ламинатталған фанер өндіріледі. Кәсіпорын қазірдің өзінде 150 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал жобалық қуаты толық күшіне енгенде жылына 27 мың текше метр өнім шығарады және қосымша жұмыс орындары ашылатын болады.
Қызылжардағы тағы бір маңызды нысан – 510 орындық көпбейінді аурухана. JCI халықаралық стандарттарына сәйкес салынып жатқан аурухана құрылысы қаланың «Шығыс» шағын ауданында жүргізіліп жатыр. Үкімет басшысы жаңа нысанның құрылысына қанағаттанатынын білдірді. Бұл жобаны мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында «YDA Holding» түрік инвесторы жүзеге асыруда. Толығымен 2022 жылдың соңына қарай аяқталады.
А.Мамин Қызылжар ауданының Чапаево ауылындағы «Қызылжар Сүт» ЖШС-нің жаңа цифрландырылған тауарлы сүт фермасында да болды. Ферманың қуаттылығы – жылына 3,6 мың тонна сүт.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-Министр Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы кезеңге арналған перспективалары жөнінде кеңес өткізді. Өңір әкімі Құмар Ақсақалов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов және Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов баяндама жасады.
«Солтүстік Қазақстан облысы агроөнеркәсіптік кешенде, өңдеу өнеркәсібінде және басқа да салаларда үлкен әлеуетке ие. Өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатының жоғары болуын қамтамасыз етуге елеулі серпін беруі қажет», деді А.Мамин.
2020 жылдың қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 779 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылғыдан 27%-ға жоғары, өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі – 306 млрд теңге. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 20,5%-ға, яғни 281 млрд теңгеге дейін ұлғайды.
Солтүстік Қазақстан облысы