Аймақтар • 21 Қаңтар, 2021

Петропавлда алаяқтық асқынып барады

134 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Олардың құрығына түспеудің жолдарын полиция банк қызметкерлерімен бірлесіп талқылады.  Жыл басынан бері 26 петропавлдық интернат-алаяқтардың құрығына түсіп қалған, деп хабарлайды Egemen.kz

Петропавлда алаяқтық асқынып барады

Өткен жылы Петропавлда алаяқтар 97 рет қалалықтардың есепшотынан ақша қағып кеткен. Полицейлер бұған алаңдаулы.

«Бұл проблемамен бізге банкпен бірлесе күш жұмсау арқылы ғана күресуге болады. Қабылданып жатқан шаралар әр кезде нәтиже бермейтінін фактілер көрсетіп отыр. Біздің міндетіміз – күшімізді біріктіріп, алаяқтарға қарсы тұру», дейді Петропавл қалалық ПБ бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұқатов.

Кездесуге алаяқтардың құрбаны болған әйел де қатысты. Ол банктен несие алу үшін қаскөйге 200 мың теңге аударған. Ол өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырып, қоңырау шалғандардың іс-әрекеті жайлы айтып берді. Жалған менеджерлердің сенімді және сауатты сөйлегенінен ол тіпті күмәнданбаған. Сонымен қатар, олар бұған фамилиясын, атын, әкесінің атын айтып берген. Дәл осы жеке мәліметтерді білуі полицейді үрейлендіріп отыр. Демек, алаяқтар банк қызметкерлерімен байланысуы мүмкін.

Тіпті олардан қоңырау түскен кезде банк мекемесінің CALL-орталығының нөмірі шыққан. Банк өкілдері: «Қауіпсіздік қызметі немесе басқа бөлімдердің қызметкерлері кез-келген сылтаумен, әсіресе қандай да бір код немесе шоттардың, карталардың нөмірлерін сұрап, клиенттерге қоңырау шалмайды», деп атап өтті жиналыста. Кездесу қорытындысында полицейлер мен қаржы мекемелерінің өкілдері алдағы уақытта бірлескен профилактикалық жұмыстар жүргізуге келісті.