Қазақстан • 21 Қаңтар, 2021

Иордания Корольдігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясы қазақстандық жобаға қызығып отыр

151 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2020 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі әлеуметтік желілерде «AntikorNews», «АntikorLive", «Агенттік қызметкерінің бір күні» және «AntikorCase» сияқты әлеуметтік желі қолданушылары арасында оң пікірге ие болған бірқатар перспективалық жобаны іске қосты. Бұл туралы "Antikor ortalygy" алаңында өткен онлайн-брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Серіктестік департаменті директорының орынбасары Перизат Сәдуақас мәлімдеді.

Иордания Корольдігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясы қазақстандық жобаға қызығып отыр

Спикердің сөзінше, эксклюзивті контенті бар ерекше «AntikorNews» медиа-жобасы Агенттіктің БАҚ-пен және жұртшылықпен өзара іс-қимылының маңызды құралына айналған. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы контенттің үздіксіз онлайн көрсетілімін қамтамасыз етіп, сондай-ақ Антикор қызметінің нәтижелері мен басымдықтары туралы жедел хабарлаған.

П.Сәдуақас бұл жобаның аз ғана уақыт аралығында нәтиже беріп, сұранысқа ие болғанын тілге тиек етті. Оның тұжырымдамасына тіпті Иордания Корольдігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясы қызығушылық танытып, өз ведомстволарында осындай жобаны енгізуді жоспарлап жатқандығын атап өтті.

Агенттіктің «АntikorLive» медиа-жобасы парасаттылық идеологиясын түсіндіруге және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Бұдан бөлек, жоба аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекет саясатының түрлі аспектілері үнемі жарияланып отырады.
Агенттік белсенділікті арттыру үшін Instagram парақшасында жаңа айдарлар ашты. Аудиторияны тарту үшін «Сіз білесіз бе?», «АнтикорТаланттары», «Ұлылардың қанатты сөздері», «Күн саны», «Миф және шындық» айдарымен танымдық және анимациялық посттар, бейнероликтер жарияланды.

Сондай-ақ, Агенттік арнайы пошта маркасы мен Елбасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы қанатты сөздері бар пошта конверттерін шығарған алғашқы мемлекеттік орган болғанын атап өткен жөн.

Агенттік республикалық және өңірлік БАҚ өкілдерімен ынтымақтастықта белсенді ақпараттық жұмыс жүргізеді.
Есептік кезеңде орталық аппарат қызметкерлерінің 60-тан астам сұхбаты ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Агенттік «Тенгриньюс», «Zakon.kz», «ҚазТАГ», «Информбюро», «Ratel», «Время» және т.б. БАҚ-тың 200-ге жуық ресми және бейресми сұрауларына жауап берді.

Журналистика күніне орай «Үздік интернет-жарияланым», «Үздік баспа жарияланымы», «Үздік телевизиялық жұмыс» номинациялары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпқа арналған конкурс ұйымдастырылды. Нәтижесінде «Қазақпарат» АА, «Zakon.kz», «Kazpravda.kz» интернет-басылымдарының, өңірлік «Маңғыстау», «Bilim ainasy», «Наша газета» газеттерінің, «Astana TV», «Almaty TV», «Хабар 24» телеарналарының журналистері жеңімпаз атанды.