Бүгінде облыстың медицина мекемелерінде 550 науқас ем қабылдауда. Оның ішінде 33 науқастың жағдайы ауыр екен. Дерт белгісі анықталған тағы 369 адам үйден ем алып жатыр. Жалпы, індет ошағыны негізінен адам көп шоғырланған аумақтарда байқалып отыр. Мысалы, бір тәулік аралығында облыс орталығы Талдықорған қаласында 28 адамнан вирус анықталса, Алматы қаласына жақын орын тепкен Талғар ауданында 22 науқас дәргерлік көмекке жүгінген. Осы тізімде бір күнде 8 науқас анықталған Іле ауданы және алты адам ауырған Еңбекшіқазақ ауданы бар. Аймақтың басқа аудан, қалаларындағы көрсеткіш те мәз емес, бір тәулікте 4-2 адамға дейін індет жұқтырушылар шығып жатыр.
Өкінішке қарай, карантин шектеуі мен сақтық шарасының мейлінше сақталуына қарамастан балалардың індет жұқтыру дерегі де өсіп отыр.Оның ішінде кезекші сыныпта оқитын оқушы мен қашықтан білім алып отырған балалар да бар. Мәселен, оқу жылының басынан бері 320 жасөспірімнен короновирус анықталған. Ауырған 20 бала кезекші сыныпта оқыған болса, қалған 300 оқушы қашықтан оқығандардың арасынан шыққан екен.
Айтпақшы, облыс мектептерінің кезекші сыныптарындағы карантин талабының сақталуын тексерген тиісті органдар білім беру мекемелерінен өрескел қателіктер тауыпты. Эпидемияға қарсы күрес қызметінің мамандары аймақтағы 765 мектепте оқитын 400 мың баланың денсаулығына алаңдаушылық білдіріп отыр. Ал санитарлық талапты бұзған 22 білім беру мекемесіне 1 833 470 теңге айппұл салыныпты.