Аймақтар • 21 Қаңтар, 2021

Алматыда студенттерге арналған екі жатақхана салынады

159 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық заң академиясының көпсалалы кешеніне барды. Бұл туралы қала әкімі Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда студенттерге арналған екі жатақхана салынады

«Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасындағы» негізгі міндеттің бірі — студент жастардың жағдайын жақсарту. Ол үшін қаладағы жоғары оқу орындары жатақхана құрылысын бастап кетті. Д. Қонаев атындағы Еуразиялық Заң Академиясында ашылғалы жатқан көпсалалы кешенде болдым. 100 студентке арналған орын, оқытушыларға арналған бөлмелер, сондай-ақ тұрмысқа қажет асхана, кір жуатын орын, кітапхана, медпункт, интернет-сыныптар қарастырылған», деп жазды әкім.

Оның айтуынша, соңғы екі жылда жоғары оқу орындары 1,5 мың орынға жуық 5 жатақхана салып, жаңғыртқан.

«Биыл 1,7 мың студентке арналған тағы екі ғимараттың құрылысы басталды. Алматы — жастар қаласы. Сондықтан білім алып жүрген жастардың өмір сүру мен тұрмыс жағдайын жақсарту бойынша жұмыстарды жалғастыра береміз», делінген жазбада.