Облыста ең көп орын алған сыбайлас жемқорлық қылмыстары білім беру саласында – 24, жер қатынастары саласында – 13, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық – 9 әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау салаларында – 5, ал құрылыс саласында анықталғаны – 4.
Департамент басшысы Хаким Көшқалиевтің қатысуымен өткен жыл қорытындысы бойынша есеп беру брифингінде осындай деректер келтірілді. Сондай-ақ департаменттің штаб басшысы Жомарт Аитов шағын және орта кәсіпкерлік бизнесіне мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларымен заңсыз араласудың 18 дерегі анықталғанын, 15 кәсіпкердің құқығы мен бостандығы қорғалып, аталған қылмыстар бойынша жергілікті атқарушы органдарының 10 лауазымды тұлғасы сот үкімімен сотты болғанын мәлім етті. Өндірістегі қылмыстық істер бойынша жалпы 1 млрд 345 млн теңге залал анықталып, оның 1 млрд 335 млн теңгесі, яғни 99%-ы өндірілген. Өткен жылы 10 мекеменің қызметінде сыртқы талдау және 12 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілген. Мемлекеттік мекемелердің сатып алу мониторингі нәтижесінде 2 млрд теңгеден астам қаржы үнемделген.
«Облыс бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бағытында 850 мыңға жуық адамды қамтыған 1817 түрлі бағытта іс-шаралар өткізілді. Ал департаменттің онлайн форматта өткен "Antikor Live" жобасы аясында – 375, "Adal Komek" жобасымен – 776, ақпараттық ағартушылық штабымен 295 тікелей эфир ұйымдастырылып, жалпы 700 мыңнан аса қаралым жиналды», деді Жомарт Аитов.
Департаменттің ұсынысымен облысқа қарасты барлық әкімдіктер "сервистік үлгіге" толықтай көшкен және тұрғындардың игілігі үшін ашылған «Сервистік әкімдіктер» былтыр мемлекеттік қызметтің 65 686 түрін көрсеткен. Биыл көлемі жағынан үлкен ауылдық округтерде халыққа қолайлы қызмет көрсету үшін «Сервистік әкімдіктер» ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтің ашықтығын, қолжетімділігін көздейтін алаң құру мақсатында облыстық әкімдіктің басқармалар үйінен «Ашық әкімдік» ашылған.
Жомарт Аитов облыс тұрғындарына барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында «Парасаттылық орталығының» ашылуы – мемлекет пен азаматтардың өзара әрекеттесуінің жаңа форматын айқындайтынын атап өтті.