Саясат • 22 Қаңтар, 2021

Бәрін бүлдіретін – «бейресми жол»

140 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Болашағымыз бұлыңғыр болмас үшін алдағы даму жылдарында алдын алуды қажет ететін бірқатар олқы тұсымыз бар екенін жасырмай айтып жүрміз. Басқасы басқа, ел экономикасын елеулі шығынға батырып, халықтың сеніміне секем мен селкеу түсіріп келе жатқан сыбайлас жемқорлықтан арылғанымыз шамалы. Адалдықтың ала жібінен аттағандардың қай-қайсысы болсын әлі жетсе жымқырып, сәті түссе қымқырып қалғылары келеді.

Бәрін бүлдіретін – «бейресми жол»

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

 

Мұндайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жыл сайын Қазақстанда орташа есеп­пен 2 мыңнан астам сыбайлас жем­қор­лыққа қатысты қылмыстық іс тір­ке­леді. Мыңнан аса адам жауапқа тар­тылады. Бұл – батпандап кіріп, мыс­қалдап шығатын кесел. Осы ауру­ды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін», де­ген сөзі еріксіз еске түседі. Иә, жем­қор­лардың желкені жиылмайын­ша, алдағы күнге алғаусыз қарай ал­май­­мыз. Осынау кесел қай салаға болсын сыналап та, дендеп те кіріп ал­ған. Мұны жуырда Transparency Kazakhstan қоғамдық қоры жүргіз­ген сауалдаманың нәтижесіне сүйе­ніп айтып отырмыз.

Аталған қоғамдық қор еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың жай-күйіне қа­тысты мониторинг жүргізіп, 2020 жылғы нәтижелерді жариялап отыр. Осы ұйымның сарапшылары Қазақ­стандағы қалалардың, облыс және аудан орталықтарының дең­ге­йінде 9 000 респонденттің қаты­с­уымен сауалдама жүргізіп, «Ашық диалог» порталына келіп түс­кен 1 347 шағымға талдау жасапты. Бұл зерттеу жұмысы Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Даму бағ­дарламасының қолдауымен іске асы­рылған екен.

– Зерттеуге 200-ге жуық әлеу­мет­­­танушы мен 12 талдаушы қа­тыс­­ты. Олар өткен жылғы күз мез­гі­лінде республикалық маңызы бар 3 қалада, 14 облыс және 143 аудан орталықтарында сауаднама жүр­гізді. Әдістеме Transparency International-дің екі жаһандық зерт­те­уіне – тұрғындардың сыбайлас жемқорлық тәжірибесін өлшейтін әлемдік сыбайлас жемқорлық баро­ме­трі мен қоғамдық дискурстағы сыбайлас жемқорлық тақырыбының өзектілігін бағалайтын индекске негізделген, – дейді Transparency Kazakhstan қоғамдық қорының атқа­ру­шы директоры Ольга Шиян.

Оның айтуынша, сауалдама нә­ти­желері бойынша отандастары­мыз сыбайлас жемқорлыққа жиі тап болатын өңірлер мен мем­ле­кет­тік органдар, сондай-ақ неғұр­лым жемқор мемлекеттік лауазым­дар­дың тізбесі, сыбайлас жемқорлық мәмілелерінің себептері мен мән-жайлары, пара сомалары анықталып отыр. Азаматтардың пікірінше, өмір­де туындаған мәселелерді кө­бі­несе Жамбыл, Атырау, Алма­ты, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында, ал кәсіп­кер­лердің пікірлері бойынша Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Ақ­мола, Павлодар, Қызылорда, Қара­ғанды, Жамбыл, Алматы, Батыс Қазақ­стан облыстарында «бейресми жолмен» шешуге тура келген. «Бей­рес­ми жол» деп нақ осы сыбай­лас жемқорлық, тамыр-таныстық туралы айтылып отырғаны белгілі.

Осылайша, «бейресми әре­кет­тердің» жарияланған жағ­дай­ла­ры­ның үштен екісін құра­ған емханалар мен ауруханалар, полиция, салық және өртке қарсы қызметтер, жер қатынастары және қала құрылысы органдары, халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО), мемлекеттік балабақшалар мен жоғары оқу орындары сыбайлас жемқорлыққа барынша бой алдырған мемлекеттік мекемелер ретінде белгіленіпті.

Отандастарымызды сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін негізгі себептер ретінде азаматтардың ем алу немесе емделуге жолдама алу (12,7%), жұмысқа орналасу (10,1%), баланы балабақшаға орналас­тыру (6,1%), жер мәселесін шешу (6,5%), ХҚКО-дан анықтама алу (5,1%), сессияны «жабу» (4,4%), салық есебін тапсыру (9%), жол берілген бұзу­шы­лық­тар кезінде жауап­кер­­шіліктен құ­тылып кету (8,4%) кездеріндегі заң­ға қайшы әрі әдепсіз әрекеттерін айтуға болатын секілді.

Респонденттер көп жағдайда мә­се­лені «бейресми шешудің» бас­тама­шылары мемлекеттік меке­ме­лер­дің қызметшілері, ал әрбір төр­тін­ші жағдайда – делдалдар еке­нін атап өтті. «Бір жыл ішінде сыбайлас жемқорлық мәмілелеріндегі делдалдардың үлесі 6 пайызға өсті. Мұны респонденттер карантин ке­зінде мемлекеттік мекемелердің жет­кіліксіз ақпарат беруімен байла­ныс­тыр­ды», дейді Ольга Шиян.

Сауалдамаға қатысқандардың үштен екісі, егер қандай да бір меке­ме­нің қызметкері пара алғысы келсе, онда ол әуре-сарсаңға салып, өз өкілеттіктерін асыра пайдаланатынын атап өткен. Пара сомасы 1 мың теңгеден бастап, 300 мың теңгеге дейін жеткен көрінеді. Ал 2019 жылы 500 теңгеден бастап, 500 мың теңгеге дейін болған көрінеді.

«Ашық диалог» порталын талдау нәтижелері Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының, Ішкі істер, Қаржы, Денсаулық сақтау, Әділет, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму министрлерінің, сондай-ақ Мем­­ле­кеттік кірістер комитеті тө­ра­ға­­сының блогтарына сыбайлас жем­­­қор­­лық туралы ақпарат барынша жиі жолданатын көрсетті. Әсіресе Алматы, Павлодар облыстары және Алматы қаласы әкімдерінің блог-платформаларына шағым жиі түскен екен.

Арыз берушілер полицияның, аудан әкімдіктерінің, мемлекеттік ауруханалар мен емханалардың, са­лық органдары мен жеке сот орын­даушыларының жұмыс сапасы­на наразылық білдірген. Олардың пікірінше, әуре-сарсаңға салу, мем­лекеттік органдардың өтініш беру­ші­лердің мәселелерін қараудағы әрекетсіздігі, қызметкерлердің білік­сіздігі және мемлекеттік дерек­қор­лардағы техникалық қателер мен қате мәліметтердің болуы – ша­ғым­дар­дың негізгі себептері болған.

Алайда еліміздегі сыбайлас жем­қор­лыққа қатысты жағдайдан мүлде күдер үзуге болмайтын секілді. Себебі, азаматтардың 37,4 пайызы және кәсіпкерлердің 45,9 пайызы өз­дері тұрып жатқан елді мекендер­де кейінгі жылдары сыбайлас жем­қор­лықтың төмендегенін атап өткен. Яғни мемлекеттік органдарға жү­гінген кезде тұрмыстық сыбай­лас жемқорлыққа тап болған респон­дент­тердің үлесі 2020 жылы небары 11,3 пайызды құраса, бұл көрсет­кіш 2019 жылы 13,4 пайыз болған. Бөркімізді аспанға атпасақ та, жем­қорлықтың сәл де болса азайғаны байқалады. Осындай оң көрсеткіштің барын кәсіпкерлер де мойындап отыр. Өткен жылы мемлекеттік органдарға жүгінген кезде шағын орта бизнес өкілдерінің 8,2 пайызына мәселені «бейресми жол­мен» шешуге тура келсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 9,2 пайызды құ­раған болатын.

Бизнес-қоғамдастықтағы жа­ғым­ды көріністі де атап өткен жөн. Мәселен, сауалдамаға қатысқан кә­сіп­керлердің 80 пайыздан астамы Қазақстанда пара бермей-ақ бизнесті дамытуға болады деп есептейді. Яғни заңға қайшы әрекетке бармай-ақ, құқықтық шеңберде жұмыс істеуге, кәсіпті дөңгелетіп, жетістікке жетуге барлық мүмкіншілік жасал­ған. Азаматтар мен бизнес-қоғам­дастықтардың пікірінше, Президент, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі, Үкімет, Мемле­кет­­тік қыз­мет істері агенттігі және сая­­си ұйым­­­дардың ішінде Nur Otan пар­­тия­­­сы барынша сенімге ие.

Ең бастысы, сауалдамаға қатыс­қан қазақстандықтардың 60 па­йыздан астамы сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күресте тиісті органдарға көмек көрсетуге дайын екендіктерін біл­дірген. Бұл – қуантарлық жайт. Себебі, отандастарымыздың ниеті түзелген жағдайда ғана қолданылып жатқан шаралардың барынша нәти­жесін көретін боламыз. Осы мәсе­лені ел Президенті ерекше на­зар­ға алып, «Әкімшілік сауалдама жүр­гі­зе­ді, өзім де ел аралап жүремін. Сонда байқағаным, біздің қоғам жем­қорлықпен ымырасыз күресуге дайын. Біздің елді дамытуға және ха­­лықтың әл-ауқатын арттыруға ба­ғыт­­талған жоспарларымыз жем­қор­­лықты түбегейлі жойған жағ­дай­да ғана жүзеге аспақ», деген болатын. Яғни жалпақ жұрт жемқорлықпен жұмыла күресуге дайын. Оған – осы сауалдамаға қатысқандардың пі­кір­лері де куә. Тек халықтың ынта-ықы­ласын дұрыс пайдалана алсақ, алға қойған биік те бағынар, қамал да алынар.