Аймақтар • 22 Қаңтар, 2021

Әскери теңіз күштерінде тәрбиеші офицерлердің мерекесіне орай салтанатты жиын өтті

454 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әскери-теңіз күштерінің жеке құрамы Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 19 қаңтардағы № 1084 Жарлығына сәйкес ҚР ҚК командирлердің (бастықтардың) тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бойынша орынбасарлары институты құрылған күніне 28 жыл толуына арналған салтанатты жиын өткізді, деп хабарлайды Ақтау гарнизоны баспасөз қызметі.

Әскери теңіз күштерінде тәрбиеші офицерлердің мерекесіне орай салтанатты жиын өтті

Осыған орай, 2021 жылы 19 қаңтар күні Әскери-теңіз күштерінің бағынышты бөлімдері мен бөлімшелері және кеме командирлерінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарларының қатысуымен салтанатты жиын ұйымдастырылды.

Салтанатты жиын барысында қатысушыларға Қарулы Күштеріміздің, оның ішінде тәрбиеші-идеолог офицерлер институтының тарихы таныстырылып, даму тарихына ат салысқан алдыңғы буын аға офицерлердің еңбектері бейне материалда көрсетілді.

Сонымен қатар тәрбие және идеологиялық жұмыстардың әр алуан салалары бойынша, яғни жеке құрамды психологиялық дайындық, әскери тәртіп пен идеологиялық жұмыстардың бағыттары бойынша баяндамалар оқылды. Оның үстіне қызметі сан қырлы болып келетін Әскери-теңіз күштеріндегі тәрбие және идеологиялық жұмысты ұйымдастырудың ерекшеліктері мен қазіргі заман талабына сай шешуін табатын түйінді мәселелер қарастырылды.

Жиын барысында 29011 әскери бөлімінің командирі 2 дәрежелі капитан Данияр Хайрушев «Тәртіпке бағынған құл болмайды» - деп батыр Бауыржан Момышұлы атамыздың сөзін келтіре отырып, жауынгерлік дайындықты жоғары ұстау үшін әскери тәртіптің мықты болуының маңызын айта кетіп,  қызмет барысында ынта-жігері мен үлгілі тәртібі үшін көзге түскен тәрбиеші-идеолог офицерлерді бағалы сыйлықтар және мадақтамалармен марапаттады.

Салтанатты жиын соңы ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған іс-шарамен ұласып, барлық санитарлық-эпидемиалогиялық шараларымен талаптарын сақтай отырып Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық Музыкалық драма театрында өткен «Құнанбай мен Абай» сырласу атты спектакльдің премьерасын тамашалады.