Медицина • 22 Қаңтар, 2021

Батыс Қазақстанда вирусқа қарсы екпе 180 мыңнан аса адамға егіледі

246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында коронавирусқа қарсы 180 мыңнан астам адамды егу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Батыс Қазақстанда вирусқа қарсы екпе 180 мыңнан аса адамға егіледі

Облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, өңірде жоспарға сәйкес дайындық жүргізіліп жатыр.

Коронавирусқа қарсы бірінші кезекте жұқпалы аурулар стационары, жедел жәрдем, санитарлық-эпидемиялық қызмет мамандары, полиция, білім беру және медицина саласының қызметкерлері егіледі.

Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, ақпан айында Ресей Федерациясында жасалған «Спутник V» вакцинасын егу басталады. Екпе екі рет жасалады. Яғни алғашқы рет егілген кезде адамның коронавирусқа қарсы иммунитеті жартылай, 21-інші күні екінші рет салынғанда толық қалыптасады.

Сонымен қатар Қазақстанда «Kazcovid-in» вакцинасы бірінші және екінші кезеңде сынақтан өтті. Үшінші кезеңнен сәтті өтсе, оны да егу көзделіп отыр.

«Екпе ерікті түрде жасалады. Ешкімді мәжбүрлемейді. Адам егілер алдында медицина қызметкерінен қандай вакцина екенін, оның қалай әсер ететінін сұрап, толық біліп алуға, сондай-ақ жасатудан бас тартуға құқылы», деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жыл басынан бері мыңға жуық адамнан коронавирус табылғанын жазған болатынбыз.