Аймақтар • 22 Қаңтар, 2021

Абай атындағы ҚазҰПУ-да Директорлар кеңесінің төрағасы сайланды

1795 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің мәжілісі өтіп, Директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Исимбаева Гүлмира Истайбекқызы сайланды.

Абай атындағы ҚазҰПУ-да Директорлар кеңесінің төрағасы сайланды

Исимбаева Гүлмира Истайбекқызы - төртінші және бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, алтыншы шақырылған Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, көптеген жылдар Алматы қаласының білім басқармасының бастығы болып істеген. 

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» ректоратының жиналысында Гүлмира Исимбаеваны Директорлар кеңесінің төрағасы ретінде министрлік тарапынан ұсынысты қабылдағаны үшін рақметін айта отырып, Директорлар кеңесінің төрағасына сайлануымен құттықтады. Гүлмира Истайбекқызының заң саласындағы, яғни ҚР «Білім туралы», «Педагог мәртебесі туралы» заңдарын талқылау және оның қабылдау кезінде зор үлесін қосқаны туралы ерекше атап өтті - ҚР БҒМ Асхат Аймағамбетов. 

«15 қаңтар 2021 жылдың Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Жеті басымдықтың бірі ретінде Елбасы бастаған адами капиталды дамыту екендігін атап өтті. Сонымен қатар өңірлер мен әлеуметтік топтар арасында білім сапасының алшақтығын жою жөнінде нақты тапсырмаларды берді. Ол тапсырмаларды орындау әсіресе мұғалім дайындау мәселесіне тікелей қатысты. Сондықтан Директорлар кеңесі университет ұжымымен бірлесе отырып Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың, Мемлекет Басшысы К.К. Тоқаевтың тапсырмаларын орындауда университеттің әрі қарай дамуына өз үлесін қосады деп сенемін», - деді өз сөзінде  Гүлмира Исимбаева.

 

 

АЛМАТЫ