Білім • 24 Қаңтар, 2021

Дарынды 100 оқушының бірі Талдықорғанда тұрады

1067 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алтыншы сыныптың оқушысы Ранона Жәлелқызы «Қазақстанның 100 дарынды оқушысы» тізіміне енді. Ол Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дарынды 100 оқушының бірі Талдықорғанда тұрады

Жасөспірім мұндай атаққа жақында «Білім өркениеті» ұлттық инновациялық зерттеу орталығы ұйымдастырған республикалық байқауда ие болды. Ранонаның «Менің болашақ мамандығым» атты эссе байқауға қатысқан еңбектердің арасынан үздік шығып, 1-орын алды. Ал жеңімпаз оқуышының эссесі «Қазақстанның 100 дарынды оқушысы» кітабына енгізілді. Ранонаның өзі таланты мен көшбасшылық қыры үшін арнайы сертификатпен марапатталып, кеудесіне «Дарынды оқушы» төсбелгісін тақты.

Бұл Ранонаның алғашқы жетістігі емес екен. Бұған дейін ол бірнеше байқауда топ жарып, үздік атанған. Мысалы, 2018 жылы ол облыстық «Бала әлемі» шығармашылық байқауында, «Ұлы дала ұрпағы» республикалық фестивалінде жүлдегер болды. Сондай-ақ, сол жылы «Шексіз математика» дүниежүзілік олимпиа жарысында II орын алған. Ал 2019 жылы республикалық «Зерде» ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы атанса, ізін ала «Қазақстан күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы» атты халықаралық байқауының гран-при жүлдесін иеленіпті.

Ранона болашақта омарташы болып, бал арасын өсіруді армандайды екен. Оқушы қыз былтыр Жетісудың бал арасын өсіретін аймақтарына арнайы барып көріпті. Осы сапарында омарташылардың әңгімесін тыңдап, балдың құнды қасиеттерін, оның адамға тигізетін пайдасын, құрамы мен негізгі түрлерін зерттеді.

- Мен бал арасы туралы көп ізденіп жүрмін. Өз болашағымды ара шаруашылығымен байланыстырғым келеді. Өйткені, маған араларды бақылап, зерттеген ұнайды. Кішкентай тіршілік иелері мені қызықтырып, қатты таңдандырады, - дейді 6-сынып оқушысы Ранон Жәлелқызы.