Аймақтар • 25 Қаңтар, 2021

Жүйрік ат, ұшқыр тазы, шымыр жігіт

898 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Орал қаласының іргесіндегі шағын ғана Ветелки ауылындағы «Болашақ» балалар аула клубы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қазақтың ұлттық ойындарынан «Мәңгілік елдің тұғыры» атты керемет шара өткізді.

Жүйрік ат, ұшқыр тазы, шымыр жігіт

Ветелки ауылында 100-ге тарта үй бар. Ол Орал қаласы әкімдігіне қарайтын Деркөл кенттік округіне жатады. Облыс орталығынан 20 шақырымдай қашықта орналасқан осы елдімекен тұрғындарының ұйымшылдығын бұрын да естігенбіз. Былтыр қыста қарлы боранда ауыл мен қаланы жалғайтын жолдың қар басқан тұстарын қаладан трактор келгенше ауыл халқы жұмылып күрекпен аршып тастаған екен. «Ауылда ат жаратып, тазы жүгіртетін қазақы жігіттер көп» деген әңгіме де рас болып шықты. Биыл атап өтілетін Қазақстан Республикасының 30 жылдығы мерекесіне алдымен елеңдеп, ұлттық спорт түрлерінен ауыл біріншілігін ұйымдастыруға ұсыныс беріпті.

- Ветелки ауылындағы «Болашақ» атты балалар аула клубы 2005 жылы құрылған. Мұндағы көңілді тапқыштар клубы, көркемсөз және спорттық үйірмелерге 60-тай бала тұрақты қатысады. Пандемияға байланысты қазір көп жұмысымыз онлайн режімге көшті ғой. Дегенмен, ашық аспан астындағы ұлттық ойындарға не жетсін?! Ауыл азаматтары осындай шара ұйымдастыруға өтініш білдірген кезде барынша қолдадық, - дейді Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарайтын Мәдени ағарту бірлестінің басшысы Серік Тоқмәмбетов.

Шара өтетін күні біз де Ветелки ауылын бетке алдық. Ауылға жақын маңнан қарды тазалап, ашабар алаң жасалған екен. Қыстың күні болғанына қарамастан халық қарасы әжептәуір. Аттылы адамның өзі бір шоғыр. Сылаңдаған тазылар да жиынның көркі көрінді. Олар да жәй келмепті: бүгін тай жарыс, құнан бәйгімен қатар, тазылар сайысы да өтеді екен. Аударыспақ, қыз қуу секілді сайыстарға да жүлде тігілген. Асау үйрету сынына арнап екі-үш құнан-тайды арқандап қойыпты. Олар да пысқырынып, бір қауіпті сезгендей елегізіп тұр екен.

4

Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жарысты ашқан құттықтау сөзінде пандемияға қарамастан осы шараны өткізуге ауыл тұрғындарынан ерекше өтініш көп түскенін айтты.

- Елбасымыздың «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласында, Президентіміздің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында ат спортын, ұлттық ойындарды дамыту, халықтық бастамаларды қолдау жөнінде айтылған. Әр халықтың мықтылығы мен тектілігін, мәдениеті мен мінезін танытатын ұлттық ойындары болады. Сондықтан бүгінгі шараны ұйымдастырушылардың – ұлттық спорт жанашырларының тілегін қызу қолдадық. Пандемиядан құтылсақ, мұндай сайысты республикалық деңгейде өткіземіз деген ойымыз бар, - деді Бақытжан Хаберұлы.

Сонымен, алғашқы 3 шақырымдық тай жарысына Азамат Қарақойшиевтің «Самғауы» (№6, Ермахан) мен «Елесқоңыры» (№13, Ранел), Самат Молдашевтің «Сұңқары» (№8, Бақытжан Қазиев), Махамбет Өтемісұлының «Қоянқасқасы» (№17, Бисұлтан) мен «Шайтанқарасы» (№18, Ермахан Қонаев), Меркен Бисәлиевтің «Лексусы» (№37, Аңсар) қатысты. Тайдың аты – тай ғой, өміріндегі алғашқы сайыс, дулы нөпір оларға да оңай болмаса керек. Бақытжан есімді шабандоз шапқан «Сұңқар» алғашқы екі айналым алдымен келсе де, дәл мәреге жетер сәтінде аяңдай түсіп, «Елесқоңыр» мен «Лексусті» алға жіберіп алды. Бұл екі тайға ағайынды Ранил мен Аңсар Карипулловтар шапқан еді.

7

Келесі құнан жарысқа Бисұлтан Дәренов «Алпамыс», Рафхат Испаев «Азартный» және «Ласка», Махамбет Өтемісұлы «Қойтанқара», Қайырболат Алабасов «Бәйтерек», Алтынбек Дәренов «Әлисары», Артур Исламғалиев «Шустрый», Мәди Медетов «Кенже» есімді жүйріктерін қосты. 5 шақырымдық бәйгеден Бисұлтанның «Алпамысы» қара үзіп келді. Бір қызығы, құнан жарыстан екінші-үшінші орын алған Қайырболаттың «Бәйтерегі» мен Рафхаттың «Ласкасын» тағы да ағайынды Ранил мен Аңсар Карипуллов тізгіндеген екен.

Тартысты сайыстың бірі – тазы жарысы болды. Атауы ауыл біріншілігі болғанымен, бұл шараға Ветелкиден бөлек Зашаған, Круглоозерный, Желаев кентінен келіп жүйрік қосқандар кездесті. Қаршанаға іліп алып құйғытқан қоянның соңынан 14 тазы құйындай ұшты. Бұған дейін ат бәйгесіне тай-құнанын қосқанымен жүлдесіз қалған Махамбет Өтемісұлының «Ракета» және «Стрелка» атты екі тазысы бірінші және екінші келді. Үшінші келген – Ғарышкер Хамитовтың «Ғарышкері». Ұйымдастырушылар сайыс соңында «Ракетаның» аузынан қоянды әрең ажыратып алды.

- Тазыны 2017 жылдан бері ұстаймын. Осы ауылға тазыны алғаш әкелген мен едім, қазір көбейдік. Қызығы мен қиындығын қатар көріп, ұлттық қазынамыз – қазақы тазыны сақтауға, көбейтуге үлес қосып келеміз. Біздің Ветелки – ұлттық спортқа жақын ауыл. Жылқы ұстайтындар да көп. өзім қазір ауылдың жылқысын бағып жүрмін, - дейді аты-жөні ерекше Махамбет Өтемісұлы.

Жігіттің білек күші мен әдіс-айласын сынайтын аударыспаққа қатысқандар көп болды. Бұл кезде Мәдени ағарту бірлестінің басшысы Серік Тоқмәмбетовтің өзі жарыстың тізгінін қолға алып, төрешілік жұмысқа қызу кірісіп кеткен. Барлық сайыс ережеге сай қатаң бақыланды. Бір сағатқа созылған аударыспақ байқауында ағайынды Карипуллов Нұрсұлтан мен Бейбарыс финалға шығып, інісі ағасын жығып кетті. Үшінші жүлде Ержан Алабасовқа бұйырды. Асау үйрету сайысында да ағайынды Карипулловтарға теңдесер ешкім болмады. Қыз қуу кезінде осы Ветелки ауылының атынан шыққан бойжеткен Әдемі Молдашева қашқанда жеткізбей, қуғанда жігіттің жонынан «таспа тілді».

Сонымен, шағын ғана ауылда өткен шара өте қызықты болды. Жүлдегерлердің бәрі арнайы мақтау қағазымен, ақшалай сыйлықпен марапатталды. Азаматтар көкпар сайысынан да көрініс көрсетуі үшін ауыл тұрғынының бірі ала серкесін алып ұрыпты. Алақандай ауыл халқының ұйымшылдығына, қазақылығына қатты риза болдық. Орал қаласының төңірегіндегі елдімекендер кеңес кезінде орыстілді, орыс тәрбиелі болғаны рас еді. Ветелкидің аты өзгермегенімен, заты өзгерген екен. Тұрғындар қазір ақылдасып, ауыл атауын өзгерткелі жатқанын естіп қуандық.

- Осы шараны біз «Болашақ» балалар аула клубының атынан ұйымдастырдық. Орал қаласында дәл осындай 22 аула клубы жұмыс істейді. Қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің негізгі жұмысы – халықты мәдени-ағарту қызметімен кең көлемде қамту, кәсіби және көркемөнерпаздық шығармашылықты дамыту үшін қажетті жағдайлар туғызу, халықтың жас ерекшеліктеріне қарай әр түрлі шығармашылық қабілетін айқындау, олардың бос уақытын ұйымдастыруға бағытталған, - дейді Серік Тоқмәмбетов.

Таныса келе байқағанымыздай, Орал қаласында 1992 жылы құрылған Мәдени-ағарту бірлестігі көптеген игі істің басы-қасында жүреді екен. Орал қаласының әр аумағында орналасқан 14 балалар аула клубы, 4 комьюнити орталық, «Жас ұрпақ» жасөспірімдердің әлеуметтік даму орталығын, Гагарин атындағы балалар кинотеатрын, зағип және көзі нашар көретіндерге арналған «Бойтұмар» клубын, құлағы естімейтіндерге арналған «Ақниет» клубын біріктірген бірлестікте барлығы 155 адам қызмет ететін үлкен ұжым екен. Жоғарыда аталған әр клубтың әрқайсының өз ерекшелігі бар. Бірі спорттық жетістіктерімен танымал болса, бірі шығармашылық қырымен әйгілі. Бірлестік құрамындағы «Әже сәлемі», «Аруаналар», «Ағалар әуені» вокалдық топтары көпжылғы қажырлы еңбегінің арқасында «халықтық» атауға ие болған. Жоғарыда аталған клубтарда ересектер үшін - 20 үйірме, балалар үшін – 87 үйірме жұмыс істейді. Оларға күні бүгін барлығы – 402 ересек адам, 2018 бала қатысады екен.

- Мәдени-ағарту бірлестігіне қарайтын барлық клубтар өз жұмысында ұлттық дәстүрді дамытуға, жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге баулуға, шығармашылығын ұштауға ерекше көңіл бөледі. Өткен қазан айында «Алтын орда» атты қоғамдық балалар театры ашылды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ұйымдастырылған «Алтын сақа» байқауына 60-тай оқушы қатысты. «Қыз Жібек» кинофильмінің экранға шыққанына 50 жыл толуына орай жастар арасында «Қазақ махаббатының адал үлгісі» атты онлайн байқау өткіздік. «Шебердің қолы алтын» атты қамшы өру байқауы да карантинге орай онлайн өтті. Карантин демекші, пандемияның алғашқы кезінде бетперде тапшылығы болғанда, біздің аула клубтары мен комьюнити орталықтарының қолөнер үйірмелері 1944 бетперде тігіп, тұрғындарға тегін үлестірді, - дейді Серік Әнуарұлы.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысында коронавирустың өршуіне байланысты «қызыл аймақ» болып жарияланды. Дегенмен, Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты барлық аула клубтары қызметін онлайн жалғастырып, елге пайдалы игілікті істерін жалғастырып жатыр. Соның бір көрінісі – Ветелки ауылында өткен ұлттық спорттан аул біріншілігі дер едік.

 

Суреттерді түсірген автор

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше