15 Желтоқсан, 2013

Қазақстан-Израиль бизнес байланысы

416 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада Израиль мемлекетінің Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстандағы елшілігінің және Globe gatway компаниясының ұйымдастыруымен екі күнге ұласқан 2-Қазақстан-Израиль бизнес форумы аяқталды.

Астанада Израиль мемлекетінің Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстандағы елшілігінің және Globe gatway компаниясының ұйымдастыруымен екі күнге ұласқан 2-Қазақстан-Израиль бизнес форумы аяқталды.

Айтулы шараға Қазақстан мен Израильдің бірқатар лауазымды тұлғалары мен ірі компания­лары­ның басшылары, сондай-ақ, өзге де ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың арасында Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары вице-министрі Ерлан Нысанбаев, Төтенше жағдайлар вице-ми­нис­трі Валерий Петров және «Қа­зақ­телеком» АҚ-тың басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев бол­ды. Израиль мемлекетінің Қазақстандағы елшісі Элияу Тас­ман шараға модератор болумен қатар, алғашқы баяндаманы да өзі жасады.

Ол әуелі екі елдің достық қа­рым-қатынасы туралы айта келіп, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанға тағдыр тәлкегімен жер аударылып келген еврей халқына қазақтар тек есігін ғана емес, жү­регін де ашып, шын ықыласпен қабылдағанын әңгімеледі. «Из­раиль мемлекетін құру барысында 20 жыл көлемінде біз жете ал­маған жетістікке Қазақстан ер­кін серпіліп жетті. Оны көзіміз көріп отыр. Осында елші болып келген бір жылдан астам уа­қытта ғана мұндағы әлеуметтік-эко­номикалық даму үрдісі мен тех­ни­калық-технологиялық жаңару, жаңғыру үдерісіне куә болып жүрмін. Израиль іскерлеріне айтарым, Қазақстанға келіңіздер. Өздеріңізбен деңгейлес, нағыз іскер жандарды осы елден табасыздар. Өйткені, барлық да­мы­ған елдер Қазақстанда өз әріп­тесін іздеп жүр. Мұнда тек Израиль кәсіпкерлері ғана көзге кө­рінбейді», деген елші мырза екі елдің ұлттық компаниялары мен іскерлер ортасын тығыз әріп­тестікке шақырды.

Дегенмен, баяндамашы екі елдің бірлесіп атқарып жатқан жұмыстарын да жоққа шығармады. Мәселен, соңғы жылдары Қазақстанға Израиль үлгісінде жылыжайлар салынып, онда көкөністерді сол елдің технологиясы бойынша тамшылатып суару шарасы жақсы нәтижелер беріп отырғанына тоқталды. Елші жылыжай құрылған жерлерде Израиль агрономдары тәжірибе алмасу мақсатымен 2-3 жыл бойы жұмыс істеп кететінін де айтты. Ендігіде екі ел ІТ-индустриясы бойынша бірлесіп жұмыс істесе, көп нәтижеге қол жеткізуге болатынын жеткізді.

Келесі сөз кезегі берілген Төтенше жағдайлар вице-ми­нистрі В.Петров шараны ұйымдас­ты­рушыларға алғысын айтты. Сөйтіп, екі елдің кәсіпкерлеріне тығыз байланыс жасап, пікір алмасу үшін осындай қолайлы іскерлік алаңы ашылғанына риза көңілін білдірді. «Біз бұл форумның маңызын жоғары бағалаймыз. Өйткені, телекоммуникация саласында тәжірибе алмасуда, жаңа идеяларды талқылап, тың бағыттарды анықтауда көп көмегі болады деген ойдамыз», деді В.Петров.

Форумда екі елдің көптеген мамандары сөз сөйлеп, өз тәжірибелерін ортаға салды. Шара аясында Қазақстанның телекоммуникация секторына шолу жасалып, израильдік компаниялардың таныстырылымы ұйымдастырылды және екіжақты кездесулер өткізілді.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар