Аймақтар • 25 Қаңтар, 2021

Көксу зауыты қамыстан қант шығаруды қолға алды

654 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жетісуда қант қызылшасын өсіру дәстүрі қайта жаңғырғалы бері тәтті түбір егілген танаптар саны көбейді. Бұл үдеріс елдегі диқан мен шаруаның ісін ілгерлетіп, тұрғындарды еңбекпен қамтуға да оң әсер етуде. Ал қант қызылшасынан алынған өнімнің артуы өңірдегі өндірістің де жұмысын жолға қойып отыр, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Көксу зауыты қамыстан қант шығаруды қолға алды

Тәтті түбір өсіріп, табысқа кенелген шаруашылықтың дені Көксу ауданында орналасқан. Заманында қызылша егістігінің көлемі мен өнімнің сапасы арқасында әлемге әйгілі болған ауданда кейінгі оншақты жылда дәстүрлі іс заңды жалғасын тапқандай. Бұл өз кезегінде аудандағы қант зауытының жұмысына жан бітірді. Балпық би ауылында орналасқан зауыттың өндірісі толықтай жаңғыртудан өткен.

– 2019 жылы зауыт 230 мың тонна қант қызылшасын өңдеді. 2020 жылы бұл көрсеткішті 250 мың тоннаға жеткіздік. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жыл сайын жазғы маусымда зауытты қайта жаңғыртып, құрал-жабдықтарын жаңалап отырдық. Қазір қант қызылшасын өңдейтін цех толығымен ағымдағы және күрделі жөндеуден өтіп, автоматтандырылған жүйеге ауыстырылды. Сондай-ақ автокөліктерді өлшейтін аспаптарды жаңадан сатып алып, ауыстырдық. Нәтижесінде, науқан кезінде күніне 3 мың тоннаға дейін қант қызылшасын қабылдап үлгердік. Зауытта  еңбек маусымында 250 адам жұмыс істейді, қабылдайтын өнімнің көбеюі мен өңделетін шикізаттың артуына орай жұмыс күшін 450 адамға дейін жеткізу міндеті тұр, – дейді «Көксу қант зауыты» ЖШС директоры Алтынбек Абатов.

Зауыт тәтті түбір өңдеуден бөлек, қант қамысынан да өнім шығаруға кірісіп жатыр екен. Бұл өңірдегі өндірістің қант қызылшасының пісіп, жетілгенін күтіп отырмай, жыл бойына тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік бермек. Қазір зауыт 140 млн теңге жұмсалған жаңа цехты жүргізіп жатыр. Алдағы сәуір айынан бастап қант қамыс өңдеуге кіріспек.

Ал аудан диқандары қант қызылшасын өсіруді жандандыра бермек. Былтыр күзде 84,3 мың тонна  тәтті түбір, жинаса, оның орташа өнімділігі гектарынан 350 центнерді құрапты. Жалпы, қызылша егістігінң көлемі жыл сайын өсіп отыр. 2019 жылы танапқа түскен тәтті түбір тұқымының көлемі 2100 гектар болса, өткен жылы бұл көлем 2407 гектарға жетіпті.

- Ауданда агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жеткілкті көңіл бөлініп отыр. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Өнімді субсидия мен өндіріске берілетін арзан несие және көктемгі егіс кезінде жеңілдікпен берілген жанар-жағар май диқан мен шаруаға нақты көмек болды. Нәтижесінде, ауыл шаруашлығы саласы бойынша түсім артты.  Есеп бойынша, ауданда  29 млрд 823 млн.теңгенің ауыл шаруашылық өнімі өнділіген. Бұл өңірдегі нақты өнім индексінің 103,1 пайызға жеткенін көрсетеді. Әсіресе, 8739 егілген дәнді дақылдар гектарына 21,4 центнерден өнім беріп, қамбаға 18,7 мың тонна жинадық. Осының бәрі аудан диқандарының маңдай тері, - дейді Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ.