Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде ажары ашылған әлеуметтік нысандар Алматы облысында да көптеп саналады. Атап айтқанда, былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша іріктелген 50 жобаға 13,7 млрд теңге бөлініп, бұл қаржыға аймақтағы 24 елді мекендегі нысандарға күрделі жөндеуден жұмысы жүргізіліпті. Жалпы өткен жылы «Ауыл - ел бесiгi» бағдарламасының аясында Жетісу өлкесінде бір мезетте 360 адам қабылдай алатын 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, 20 км су жүйесі жөнделген екен. Сондай-ақ, ұзын-саны 70 шақырымға созылған ауыл ішіндегі электрмен қамту желілері ауыстырылып, жалпы ұзындығы 90 шақырымға жуық ішкі жолдар қалпына келтірілген. Мұнан бөлек елді мекендердегі үйлер мен ғимараттарға 4,4 шақырым болатын жылу жүйесі тартылған.
Осы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржының игілігін көрген ауылдар Кербұлақ ауданында да баршылық екен. Өткен жылы ауданға жоба аясында 2 млрд 75 млн. теңге бөлінген. Бұл қаржыға 9 жоба іске асырыыпты. Олардың арасынан елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етуге, өмір сүру жағайдын жақсартуға ықпал еткені бір төбе. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» аясында аудандағы Ы.Алтынсарин, Дутов, Сарыбұлақ орта мектептеріне күрделі жөндеу жасалса, Сарыөзек, Қоғалы, Қарағаш ауылдарының ішкі жолдары қалыпқа келтіріліпті. Сарыөзек ауылының көшелеріне жарықө шамдар қойылып, аудан орталығының келбеті жаңарыпты.
Кербұлақ тұрғындары үшін аудандағы Мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өткені ерекше сый болғандай. Былтыр Әбікен Сарыбаев атындағы бұл мәдени нысанның күрделі жөндеуіне республикалық бюджеттен 320 млн 337 мың теңге бөлінген болатын.Нәтижесінде ғимараттың қабырғалары, шатыры, электрмен қамту жүйесі қайта жаңғыртылды. Мұнан бөлек, облыс әкімінің қолдауымен облыстық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға өнер ордасының материалдық техникалық базасы да толықтырылыпты. Көрермен залына жиһаз, заманауи музыкалық аппаратура, кеңсе техникасы, LED-экрандар мен арнайы құрылғылар сатып алынған. Бүгінде Әбікен Сарыбаев атындағы мәдениет үйінде 16 адам, ал «Күреңбел» фольклорлық ән-би ансамблінде 13 адам жұмыс істейді. Жақында жаңғырған Мәдениет үйінің сахнасында аудан өнерпаздары үлкен концерт қойды. Өкінішке қарай, елдегі эпидемиялық ахуалға орай залдағы көрермендер орын бос тұрды. Ал күреңбелдіктердің өнерін тұрғындар онлайн тамашалады.
Айтпақшы, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірлерді дамытуға бөлінген мақсатты қаржы көзі тлалстамайды. Яғни, бұл игі іс биыл да жалғасын тауып отыр. Бүгінде Алматы облысы бойынша арнайы бағдарламаға 32 жоба енген екен. Демек, жыл аяғына дейін тағы 32 ауылдағы мәдениет үйі, мектеп, медицина нысаны және ішкі жолдар жөнделмекші.