Биылдан бастап StartDrama театр лабораториясымен жеті жас жазушының жеті пьесасын жеті жас режиссер сахналайды. «Туған күніңмен, Анашым!» – солардың алғашқысы.
Су жаңа пьеса бүгінгі қоғамдағы отбасылық проблемаларды қаузайды. Қарапайым әрі трагедиялы тақырыптың сахнаға келуі турасында спектакль режиссері: «Қазақ театрларында көбіне классика қойылады. Жас, жаңа драматургтарға көңіл бөлінбей жатыр. OzgeEpic сияқты кішкентай жерде үлкен өнерді насихаттап, олқылықтың орнын толтырғымыз келеді. Сондықтан жалпы өнерге жанашыр кез келген адамға ашықпыз», дейді.
Қойылымда бір-бірінің тіршілігінен мүлдем бейхабар ағайынды үшеу анасының туған күніне жиналады. Қара шаңырақта бәрі бәз баяғы қалпында. Сонда да туған бауырлар біртүрлі жатырқайтын сияқты. Бәлки, күйбең тірлік оларды бір-бірінен баяғыда-ақ алыстатып жіберген болар.
Басты рөлдегі Ердәулетті актер Нұржан Асылхан, ортаншы ұл Бақдәулетті Еркебұлан Мусин, ал үйдің кенжесі Сырымды Нұрбол Құмарша ойнайды. Үшеуі де Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрында өнер көрсеткен.
Автор шығармашылығындағы сәтті шыққан алғашқы пьеса «Тәуелсіздік толғауы» байқауында отбасы құндылықтарын насихаттайтын үздік үш пьесаның бірі атанған. Театрларда заманауи тақырыптарды қозғайтын шығармалар аз екенін ескерсек, аталған туынды көрермен қауымды жаңа бір кеңістікке алып келді. Жаңа драманы елорда сахнасында күтеміз.