Еліміз Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты шара АҚШ астанасы Вашингтонда аталып өтті. Бұл туралы «Хабар» телеарнасы хабарлады.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күнімен ең бірінші болып АҚШ мемлекеттік хатшы Джон Керри құттықтады. Одан әрі сөз мемлекеттік хатшысының көмекшісі Ниша Десай Бисвалға берілді: «Қазақстан өзін тұрақтылық, қауіпсіздік және экономикалық даму көрсеткіші бойынша өңірдегі көшбасшы ретінде танытты. Қазақстанның бастамалары аймақтағы ғана емес, әлемдік деңгейдегі проблемаларды шешуге оң әсер етуде. Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаевтың «жасыл экономика» бастамасы – тек бір ғана мемлекет үшін емес, халықаралық қауымдастыққа үлгі боларлық идея»,-деді ол.
Бұл ретте Ниша Десай Бисвал АҚШ пен Қазақстанның берік байланысы жыл санап артып келе жатқанын айтып, қазір Ауғанстандағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде екі ел қайтадан білек тіресе жұмыс жасап жатқанын тілге тиек етті. Ал келесі кезекте ықылас пейілдерін білдірген азаматтардың пікірлері былайша өрбіді.
Стив Стокман, Техас штатынан конгрессмен:
«Қазақстанды Ядролық қарусыздану мен әлемдегі бейбітшілікті орнатуға ерекше үлес қосқан ел ретінде жақсы білеміз. Біз Техас астанасы Хьюстон мен Қазақстан арасындағы әуе байланысының орнауын асыға күтудеміз. Бұл екі тараптың мұнай және газ саласындағы байланысын оң жолға қояр еді».
Билл Китинг, Массачусетс штатынан конгрессмен:
«Қазақстанның «Жаңа Ұлы Жібек Жолы» жобасына АҚШ үлкен қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ, біз Қазақстанның «жасыл экономика» бастамасын қолдаймыз. Бұл елдеріңіздің энергетикалық ресурстарды үнемдеуге ден қойып отырғанын көрсетеді».
АҚШ елімізді тек стратегиялық серіктес ретінде ғана қарастырмайды. Сарапшылардың дәлеліне жүгінсек, Қазақстан – Азия мен Еуропаны байланыстырып тұрған негізгі мемлекет.
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: «Хабар» телеарнасы.