Ат қоюда халқымыздың даналығы бірінші орында болған. Қазыққа байланған ат іспеттес, балаға арнаған есімге оның тағдырын, келешегін, болашағын болжаммен байлаған. Әлбетте, ертеде ата-әжелердің қойған ақ баталы имани есімдері еш қарсылықсыз құпталған. Қазір ол заңдылық артта қалып, ат қою рәсімі заманауи әке мен анаға өткен. Бөгдеге еліктеуден болар, кейде қойған есімінің мағынасын өзге түгіл, өздері де түсінбей жатады.
Бүгінде азан шақырылып қойылған есімді ауыстыру сәнге айналды. Алайда есім өзгертуді адам өміріндегі құбылысты бұрылыс деп санауға болады, яғни бұл –тағдырды басқа арнаға бұру әрекеті іспетті. Әрине, балаға кезінде дұрыс есім берілмесе немесе одан ұялу ыңғайсыздығы туындаса, ат өзгерту дұрыс. Мәселен, мұсылман балаға өз дәуірінде қандай да бір халыққа зұлымдығы өткен дінсіздің есімі білместікпен берілген болса, онда есімді өзгерту міндет болып табылады. Ал қазіргі қазақи есімдерді өзгерту немесе шетел тіліне ыңғайлау – құр әурешілік.
Ғасырлар бұрын ата-бабаларымыз балаға есім беруде екі нәрсеге мән берген. Мәселен, қай руға тиесілі екендігін білдіретін, яғни жалайыр болса, жалайыри немесе наймани, қыпшақи деген жалғауларды қосқан. Екіншіден, туған жеріне қарай, мысалы Түркістанды мекендесе – Түркістани деген. Бүгінде дәл осы «и» дегенді тіркеу жөнсіз. Себебі, бұл – үлкен еңбек сіңірген, тарихқа есімдері ойылып жазылған, өздері батыл, сүйектері асыл, сөздері ақыл, есіміне лайықты ғұмыр кешкен, атына заты сай, хат қалдырған аталарымыздың үрдісі. Ал бүгінгі қазақи әп-әдемі есімін қанағат тұтпаған еліктеушілер осы үрдісті жалғастыруға ең болмаса рухани дайын ба? Еліктемесін демеймін, еліктесін. Алайда діни тұрғыда Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың көзін көрген, яғни жанында бір күнін өткерген рухы мықты сахабаларға, тіпті пайғамбарға, одан бергі қазақтың небір ғұламаларына еліктегісі келсе, алдымен олардың өмірімен таныссын, сосын иманға келсін, одан кейін білімге ұмтылсын, қала берді мінезін түзесін, арасында ағайынмен тату болсын, барынша қоғамға сыйлы болсын. Міне, сонда ғана бүгінгінің мүміні, діндары, ғалымы, ақыны, гуманисі бола алады. Ал «өзім білемін» мен «өз еркімге» салынып, ұлылардың есімін жамылып, істейтіні – күнә, айтатыны – жаман сөз, баратыны – түнгі клуб болса, онда есімін өзгерткенінен не қайыр?!
Есімнің тағдырға тигізер өзіндік ықпалы бар. Сондықтан бабаларымыз ұрпағын ұлылардың жолына салу үшін, оларға киелі кітапқа қарап, пайғамбарлар есімін, тарихқа қарап, батырлар, жыраулар, ақындар есімдерін берген. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өзі «Балаға ат қоюда мұқият болыңдар, көркем есім беріңдер» демеді ме? Бұл бекерден-бекер емес. Керек десеңіз, есім зерттейтін антропонимика ғылымы да осы ұлы сөзге сүйенеді. Адам есімі неғұрлым көркем болған сайын, адамның өзі де көрікті, өмірі де мағыналы болады делінеді.
Ел ішінде пайғамбарлар есімі балаға ауыр болады деген сәл қате ұғым да бар. Негізінде, пайғамбарлар есімімен аталған балаға ұрсып, жекуде ата-анаға ауыр тимес үшін, шариғат тіркеме сөзді қарастырады. Мәселен, Ибраһим есімін Абай деп алған. Данышпан атамыз осы есіммен тарихқа енді. Бұдан басқа, он сахабаның бірі – Сағд ибн Әби Уаққастың есімін аталарымыз Сәдуақас деп ана тілімізге ыңғайлаған. Мұхаммедті Махамбет, Ибраһимді Ыбырахым, Хасан мен Хусейнді Асан мен Үсен, Айшаны Қайша, Фатиманы Бәтима деп атаған. Негізінде, ат қоюда мен осы екі нұсқаны ұсынар едім. Ал енді осындай тіркемесіз балаға Мұхаммед есімі берілсе, Муха деп, Ибраһимді Ибо деп ойнап та, қалжыңсыз да қысқартуға болмайды.
Жалпы, қазақ болып туып, мұсылман болып қайтамын деген ниеттегілерге айтарым, жақсылап ұғыныңыздар: қазақы есімдеріңіз өздеріңізге Құдай берген құт. Мұсылмандық – есімде емес, жүректе, иманда, мінезде. Қазақтың көзден, сөзден, тілден қорғаныш есебінде қойған Қиқым, Итаяқ, Жаманбала, Сасықбай сияқты, тіпті олардан да гөрі құлаққа түрпідей тиетін есімдерді еншілеген азаматтар да бұл дүниеден өз атынан жиренбей, абыроймен, иманмен өткен. Осыны естен шығармайық.
Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ
дінтанушы, имам