Қоғам • 26 Қаңтар, 2021

Есім ауыстыру – сән емес

1773 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Балаға ат қою – өмірде бір-ақ рет болатын рәсім әрі сүннет амалдың ең мүкәммәл берігі. Қазақ халқы бұл рәсімге аса құрметпен, бірақ сақтықпен қараған. Он ойланып, мың толғанып, бір ұйықтап, бір түс көріп, тіпті аянмен балаға есім берген.

Есім ауыстыру – сән емес

Ат қоюда халқымыздың даналығы бірінші орында болған. Қазыққа байланған ат іспеттес, балаға арнаған есімге оның тағдырын, келешегін, болашағын болжаммен байлаған. Әлбетте, ертеде ата-әжелердің қой­ған ақ баталы имани есімдері еш қар­сылықсыз құпталған. Қазір ол заң­дылық артта қалып, ат қою рәсімі заманауи әке мен анаға өткен. Бөгдеге еліктеуден болар, кейде қойған есі­мі­нің мағынасын өзге түгіл, өздері де түсінбей жатады.

Бүгінде азан шақырылып қойылған есімді ауыстыру сәнге айналды. Алай­да есім өзгертуді адам өміріндегі құ­былысты бұрылыс деп санауға болады, яғни бұл –тағдырды басқа арнаға бұру әрекеті іспетті. Әрине, балаға кезінде дұрыс есім берілмесе немесе одан ұялу ыңғайсыздығы туындаса, ат өзгерту дұрыс. Мәселен, мұсылман балаға өз дәуірінде қандай да бір ха­лыққа зұлымдығы өткен дінсіздің есімі білместікпен берілген болса, онда есімді өзгерту міндет болып табылады. Ал қазіргі қазақи есімдерді өзгерту немесе шетел тіліне ыңғайлау – құр әурешілік.

Ғасырлар бұрын ата-бабаларымыз балаға есім беруде екі нәрсеге мән берген. Мәселен, қай руға тиесілі екендігін білдіретін, яғни жалайыр болса, жалайыри немесе наймани, қыпшақи деген жалғауларды қосқан. Екіншіден, туған жеріне қарай, мысалы Түркістанды мекендесе – Түр­кістани деген. Бүгінде дәл осы «и» дегенді тіркеу жөнсіз. Себебі, бұл – үлкен еңбек сіңірген, тарихқа есімдері ойылып жазылған, өздері батыл, сүйектері асыл, сөздері ақыл, есіміне лайықты ғұмыр кешкен, атына заты сай, хат қалдырған аталарымыздың үрдісі. Ал бүгінгі қазақи әп-әдемі есімін қанағат тұтпаған еліктеушілер осы үрдісті жалғастыруға ең болмаса рухани дайын ба? Еліктемесін демеймін, еліктесін. Алайда діни тұр­ғыда Мұхаммед (с.ғ.с) пайғам­бар­дың көзін көрген, яғни жанында бір күнін өткерген рухы мықты сахабаларға, тіпті пайғамбарға, одан бергі қазақтың небір ғұламаларына еліктегісі келсе, алдымен олардың өмірімен таныссын, сосын иманға келсін, одан кейін білімге ұмтылсын, қала берді мінезін түзесін, арасында ағайынмен тату болсын, барынша қоғамға сыйлы болсын. Міне, сонда ғана бүгінгінің мүміні, діндары, ғалымы, ақыны, гуманисі бола алады. Ал «өзім білемін» мен «өз еркімге» салынып, ұлылардың есімін жамылып, істейтіні – күнә, айтатыны – жаман сөз, баратыны – түнгі клуб болса, онда есімін өзгерткенінен не қайыр?!

Есімнің тағдырға тигізер өзіндік ықпалы бар. Сондықтан бабаларымыз ұрпағын ұлылардың жолына салу үшін, оларға киелі кітапқа қарап, пайғамбарлар есімін, тарихқа қарап, батырлар, жыраулар, ақындар есімдерін берген. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өзі «Балаға ат қоюда мұқият болыңдар, көркем есім бе­ріңдер» демеді ме? Бұл бекерден-бекер емес. Керек десеңіз, есім зерт­тейтін антропонимика ғылымы да осы ұлы сөзге сүйенеді. Адам есімі неғұр­лым көркем болған сайын, адамның өзі де көрікті, өмірі де мағыналы болады делінеді.

Ел ішінде пайғамбарлар есімі балаға ауыр болады деген сәл қате ұғым да бар. Негізінде, пайғамбар­лар есімімен аталған балаға ұр­сып, жекуде ата-анаға ауыр тимес үшін, шариғат тіркеме сөзді қарас­ты­рады. Мәселен, Ибраһим есімін Абай деп алған. Данышпан атамыз осы есіммен тарихқа енді. Бұдан басқа, он сахабаның бірі – Сағд ибн Әби Уаққастың есімін аталарымыз Сәдуақас деп ана тілімізге ыңғайлаған. Мұхаммедті Махамбет, Ибраһимді Ыбырахым, Хасан мен Хусейнді Асан мен Үсен, Айшаны Қайша, Фатиманы Бәтима деп атаған. Негізінде, ат қоюда мен осы екі нұсқаны ұсынар едім. Ал енді осындай тіркемесіз балаға Мұхаммед есімі берілсе, Муха деп, Ибраһимді Ибо деп ойнап та, қал­жыңсыз да қысқартуға болмайды.

Жалпы, қазақ болып туып, мұ­сылман болып қайтамын деген ниет­те­гілерге айтарым, жақсылап ұғы­ныңыздар: қазақы есімдеріңіз өзде­ріңізге Құдай берген құт. Мұсыл­ман­дық – есімде емес, жүректе, иманда, мінезде. Қазақтың көзден, сөзден, тілден қорғаныш есебінде қойған Қиқым, Итаяқ, Жаманбала, Сасықбай сияқты, тіпті олардан да гөрі құлаққа түрпідей тиетін есімдерді еншілеген азаматтар да бұл дүниеден өз атынан жиренбей, абыроймен, иманмен өткен. Осыны естен шығармайық.

 

Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ

дінтанушы, имам