Таяуда Оңтүстік Африка республикасының құқық қорғау қызметкерлері заңсыз аң аулап, оны сатумен айланысып жүрген топты құрықтады. Олар «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарларды ұдайы шетелге шығарып отырған. Браконьерлерді қызықтырған – өте ерекше сүтқоректі панголиндер.
Панголин – терісі бауырымен жорғалаушылар секілді қабыршықты болып келетін ерекше сүтқоректі жануар. Сырт келбеті рептилийлерге ұқсағанымен, құмырсқа секілді жәндіктермен қоректенеді.
Біздің елге аты да, заты да беймәлім бұл жануарға қызығушылар саны мыңдап саналады. Шартараптың түкпір-түкпірінде панголиннің еті мен елтірісі жоғары бағаланады. Жыл сайын браконьерлер оны миллиондап аулайды. Оның адамға қарсы көрсетер қайраны жоқ. Баяу қозғалатындықтан, тез қолға түсіп қалады.
Рас, халықаралық ұйымдар панголинді аулауға, өлтіруге, оның еті мен терісін сатуға тыйым салған. Алайда бұл браконьерлерді тоқтата алмай тұр. Сондықтан шығар, жан-жануарлардың ішінде ең көп ауланып, «қара нарықта» сатылатыны да осы жануар екен. Кей деректер бойынша жыл сайын оның 2,7 миллионы заңсыз түрде ауланады.
Ресми түрде тыйым салынғанына қарамастан, әсіресе Қытайда оған сұраныс жоғары. Елдегі дәстүрлі медицинада панголиннің қабыршықты терісі дәрі ретінде пайдаланылады. Еті Оңтүстік Азиядағы бірқатар елде жеңсік ас саналады.
Қоршаған ортаны қорғаушылар полициямен бірлесіп, жыл сайын панголин сатумен айналысатындарды құрықтап жатады. Заңсыз ауланған жануардың етін өте көп мөлшерде жасырын тасып бара жатқандар ара-тұра қолға түседі. Мысалы, 2019 жылы Малайзияда панголиннің 30 тонна еті мен терісін елге алып кірмек болғандар ұсталды. Бұл – антирекордтық көрсеткіш. Яғни шамамен 90 мыңға жуық сүтқоректі жануар ауланған. Сарапшылардың есебінше, бұл заңсыз тауардың жалпы құны 2 миллион доллардай.
CNN арнасының хабарлауынша, мейрамханаларда панголин етінің бір килосының бағасы 350 доллар шамасында. Ал «қара нарықта» браконьерлер жануарды 22 долларға сатады екен. Оның терісінің құны Вьетнам, Қытай секілді елдердегі жайма базарларда 1 000 долларға жетіп жығылады. Осыдан-ақ панголин бизнесінің қара ниеттілерге қаншалықты пайда түсіретінін аңғару қиын емес.
Бір айта кетерлігі – панголиндер еркіндікке үйренген. Браконьердің қолынан құтқарылған күннің өзінде аман қалуы екіталай. Өйткені еркіндіктен айырылған соң басқаша тірлікке көндіге алмай, құсалықтан өліп кетеді екен.
Жалпы, әлемде браконьерлік тыйылмай тұр. Жыл сайын миллиондаған піл, мүйізтұмсық, қар барысы секілді сирек кездесетін аңдар заңсыз ауланады. Қоршаған ортаны қорғаушылар мен жергілікті билік өкілдерінің талпынысына қарамастан, қаскөйлердің бәрін бірдей қолға түсіру мүмкін емес.
Сарапшылардың айтуынша, күн сайын қара құрлықта мыңнан астам жануар заңсыз ауланады. «Қара нарықтағы» заңсыз аң саудасының құны шамамен жылына 23 миллиард долларды құрайтын көрінеді.
Браконьерліктің қоршаған ортаға зияны орасан. Мәселен, браконьерлер 2014-2017 жылдар аралығында Африкада 100 мыңнан астам пілді өлтіріп, тісі мен сүйегін жымқырып кеткен. Осыдан бір ғасыр бұрын әлемде 100 мыңға жуық жолбарыс болса, қазір олардың саны небәрі 3 890 ғана.
Айтпақшы, заңсыз аң аулаудың екінші жағы да бар. Мұндай әрекет бұрын-соңды кездеспеген вирустардың таралуы қаупін туындатады. Естеріңізде болса, Конго мен Габонда басталған Эбола вирусы маймылдардың етін тұтынғандықтан, адамдарға жұққан. 2003 жылы Оңтүстік-Шығыс Азияда бұрқ ете қалған SARS коронавирусы да жабайы аңдардан жұққанын ғалымдар дәлелдеген-ді.
Африкадағы браконьерліктің Қазақстанға қатысы қандай екеніне келейік. Уханьда басталған коронавирус пандемиясы әлі күнге ауыздықтауға көнер емес. Оған қарсы вакцинаның шыққанына қарамастан, күн сайын вирус жұқтырғандар саны азаймай отыр. Ғалымдардың пайымдауынша, Covid-19 аталып кеткен вирус әуелі жарқанаттан панголинге, одан адамға жұққан.
Адамзаттың қоршаған ортаға деген ашкөздігінің салдары осындай жаһандық індетке әкеліп соғып отыр. Табиғат ана адамдарды панголинге жасаған қиянаты үшін пандемия арқылы жазалап, зауал тарттырып жатқан тәрізді.