Аймақтар • 26 Қаңтар, 2021

Шағаннан неге шу шықты?

970 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сырдария ауданындағы іргелі ауылдардың бірі Шаған ертеден-ақ бірлігі бекем елге мекен болған берекелі жұрт еді. Күре жолдың бойынан орын тепкен ауыл мен аудан орталығы Тереңзек кентінің арасын Сырдария өзені бліп жатыр. Шағандықтар үшін Қызылорда қаласы да аса қашық емес. Егін егіп, мал бағатын ауылдағылар сонда да керегін алыстан іздеп сабылмайтын, түтіні түзу ұшқан байырғы жұрттан ұзап кеткендер сирек еді. Соңғы кезде айрандай ұйыған осы ауылдың шырқы бұзылып, шындық іздеп шырылдаған жұрттың үні қаттырақ естіле бастады.

Шағаннан неге шу шықты?

 

Өңір халқы кеңшар тарағаннан кейін елге бас болған Қожабек Дә­дікбаев есімді азаматтың есі­мін әлі күнге құрметпен атайды. Кезінде «Шаған» атты агрофирма құрып, кеңшардың мүлік-мүкәмалын елдің игілігіне жаратқан басшының арқасында ауыл басқа елді мекендер көрген қиындықтың бірін де сезінген жоқ. Агрофирма жыл сайын күріштен мол өнім алып, техника жаңалап жатты. Шаруашылық үздіктерін марапаттап, алғашқы болып автокөлік мінгізіп, жақсы үрдістің үлгісін көрсеткен сол азамат 2000 жылы көлік апатынан қайтыс болып кеткен еді. Жүйелі жоспарлаудың нәтижесінде ісі алға басқан агрофирма сол кез­дегі аудандағы барлық қайырым­дылық іс-шаралардың басында тұрды.

Басшысыз қалған агрофирма айналасы аз жылда тығы­рық­қа тіреліп, 2004 жылы ауыл­да жаңа шаруашылық – «Ша­ған Жер» ЖШС құрылды. Серіктестіктің 2004 жылғы 24 жел­тоқсандағы құрылтай шартында және жалпы жиналыс шешімімен бекітілген жарғыда құрылтайшылардың саны 3 113 адам, жарғылық капиталы – 16 736 380 теңге деп көрсетілген. Оның ішінде 15 062 742 теңге салым салған Б.Байжановтың үлесі 90, ал 1 673 638 теңгеге баға­ланған жер үлесімен кір­ген қалған қатысушыларға 10% тиесілі делінген. Келер жылы серіктестік «Шапағат Лими­тед» ЖШС құрамына кіріп, 2007 жылы қайта бөлінетін болған­дық­тан Б.Байжановтың тоқсан пайыздық үлесі «Шаған Жер» компаниясындағы 6 адамға беріледі. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі содан бергі 13 жыл ішінде серіктестіктегі 10 пайыз­дық үлеске ие 3 112 адамның құ­қық­тары мен мүдделері бұзы­лып келген деп отыр.

Ара-тұра айтылып қалатын осы мәселе былтыр жыл басында тағы бір жаңғырып, ауыл­да­ғылар 6 құрылтайшының бірін қата­рына қосу арқылы жалпы жиналыс шақырып, соның нәти­же­сінде серіктестікті ұзақ жыл басқарып келген Бердібек Қады­ров өз еркімен қызметінен кетеді де, көпшілік дауыспен Жеңісбек Сыздықов атты азамат басшы болады.

Жалпы жиналыста тұрғындар жаңа басшыға серіктестік жарғы­сын қайта қарап, халықтың жер және пай мүліктік үлестерін түген­деуді, аудиторлық тексеру жүр­гізуді тапсырады. Көпшілік талабымен «Азаматтарға арнал­ған үкімет» корпорациясынан серіктестіктің тіркеу құжаттарын алдырғанда осы кезге дейінгі басшылар тарапынан жіберілген біршама заң бұзушылықтар анықталыпты.

Ең әуелі серіктестік құрыл­ған уақытта 90 пайыз үлеске ие болған Б.Байжановтың жар­ғылық капиталға қаражат сал­ма­ғаны, 2005 жылы ол үлестің «Шапағат Лимитед» ЖШС-не, араға екі жыл салып Б.Жаңа­бер­­­­геновке, Ж.Ома­ровқа, А.Адае­ваға, М.Құтты­мұ­ратовқа, К.Назым­баев­қа, К.Дұрысо­ваға заңсыз бе­ріл­­гендігі белгілі болған. Осы­дан кейін ауылдың алты жүзге жуық тұрғыны сотқа талап-арыз беріп, өткізілген барлық жалпы жиналыс хаттамаларына сәйкес шешімдерді, әділет органдарында жүргізілген тіркеу әрекеттерін жарамсыз деп тануды сұрайды.

Қызылорда облысының ма­ман­­­дандырылған ауданаралық эконо­микалық сотының судьясы М.Сәрсеновтің төрағалық етуімен өткен сот отырыстарында осы заң бұзушылықтардың барлығы анықталып, серіктестікті тіркеу әрекеттерін жүргізуге негіз болған жалпы жиналыс хаттама­ларының шешімдері заңсыз деп танылыпты. Сотта жауапкер ретінде көрсетілген алты құрылтайшының кейбірі серіктестіктің жарғылық ка­пи­­та­лындағы үлесті басқа қаты­су­шыларға бөліп беруге келісетін­дік­терін айтқан.

Қызылорда облысының ма­ман­дандырылған ауданаралық эко­но­микалық сотының судьясы М.Сәрсенов берілген талап-арызды ішінара қанағат­тандырған. Бірақ кейбір жауап­кер­лер өкілдері аталған ше­шім­нің күшін жоюды сұрап аппе­ляциялық шағым береді. Осылайша даулы мәселе облыс­тық соттың азаматтық істер жөніндегі аппеляциялық алқа­сын­да қаралып, толығымен зерттелді. Алқа сот отырысына талапкерлердің барлығының қатысуы және істі қосымша құ­жат­тармен толықтыру қажет бол­ғандықтан азаматтық істі бірін­ші саты сотына қайта жолдапты.

– Біздің ешкімде алты аласымыз, бес бересіміз жоқ, – дейді «Шаған Жер» ЖШС директорының орынбасары Әбдіразақ Сәдуов. – Тек халыққа тиесілі дүниенің қайтарылуын талап етіп отырмыз. Осыған дейін жылда табыспен шықтық деп көңіл тоғайтқанмен қарапайым жұмысшының еңбегі оншалықты ескерілмей қалатын. Биыл ең алдымен, жалақыны көтердік. Еңбеккерлер науқан соңында көрсеткішіне қарай қомақты қосымша қаржы алды.

Айтпақшы, сонау 1976 жылы ауылдағылар миллион пұт күріш жинап, облыстағы ең озық шаруашылықтар көшін бас­таған екен. Былтыр мол өнім алып, қырық төрт жыл бұрынғы көрсеткішті жаңартыпты. Серік­тес­тікте жұмыс істейтіндер қата­ры көбейді. Ең алдымен қоста еңбек етіп жүргендерге жағдай жасалды, түскі тамақтарын те­гін қылды. Ортақ өнім қолды болып кетпеу үшін қырманға электронды таразы қойды. Пан­демия кезінде бие байлап, ауыл тұрғындарына тегін саумал таратты. Ауыл ортасынан бір ғима­ратты гипермаркетке айналдырып, қажетті құралдармен жаб­дық­тады. Енді жылыжай салып, елді көкөніспен қамтамасыз етудің қамын жасап жатыр.

Сотта жауапкер ретінде та­ныл­ған 6 құрылтайшының бірі Бақытбек Жаңабергеновпен де тіл­дестік. Ол серіктестіктегі құ­­­­рыл­­тайшылардың ешқан­дай ар­­тықшылыққа ие болмаған­да­­рын, өздерінің атына жөнді-жөнсіз пікірлер айтылып жатқа­нына ренішті екенін жасырмады. Мәселеге байланысты біржақты пікірлер тарап жатқанына да алаңдаулы екен.

– Бұрынғы басшылық істе­ген жұмыстың бәрін теріске шыға­руға болмайды ғой. Серік­тестік ауыл­дағылардың әлеуметтік жағ­дайын жасауға шама-шар­қынша үлес қосты. Соны тез ұмы­та қалғандарға реніштімін. Өткен жолғы сотта осы уақытқа дейінгі біраз істің заңсыз деп танылғанына қарсы болдық, – дейді ол.

Шағандағы шудан жергі­лікті билік те хабардар, аудан әкімдігінде қос тараптың қаты­суымен кездесулер де өткен. Жақында ауыл тұрғын­да­рының өкілдерін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қа­был­дап, істің әділ шешілуін на­зарда ұстайтынын айтыпты. Ауыл ішіндегі алыпқашпа әңгі­меден, ағайын арасындағы алауыздықтан қажыған тұрғын­дар­ға осы сөз демеу болып тұр. Көп ұзамай көктемгі егіс нау­қа­нының қарбаласы басталады. Несібесін жерден терген жұрт­тың көңілінде «Ағайынды алауыз қылған бұл дау көптің ырзығына кесірін тигізбесе екен» деген алаң да жоқ емес.

 

Қызылорда облысы