Соның ішінде 5 933 науқаста вирустың симптомды, ал 3585 адамда симптомсыз түрі анықталған. Індеттен 99 адам қайтыс болған. Өлім-жітім көрсеткіші 1,06-ны құрайды. Вирус жұқтырғандардың басым көпшілігі ересек адамдар. Барлық науқастың 8,3 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар.
Індеттің етек алуына өзіміз себепші болып отырмыз. Әлі күнге дейін жасырын той-томалақ, құдалық тыйылмай тұр. Алғашқы беттегі үрей сейілді. Есесіне, ауру көбейді.
Коронавирус диагнозы көбінесе науқастардың емханаға өздері барып қаралу кезінде қойылған. Сондай-ақ коронавирусқа шалдыққан науқастармен байланыста болған адамдар арасында тест жүргізу және профилактикалық скринингтер кезінде де індет жиі анықталып отыр. Облыс эпидемиялық жағдайға байла
нысты бірнеше аптадан бері «қызыл» аймақта. Эпидемиялық қызметтің мәліметтерін сараптасаңыз, жағдайдың үдеп бара жатқанын аңғарар едіңіз. Мәселен, бір тәуліктің ішінде облыста 219 вирус жұқтыру оқиғасы анықталып отыр. Соңғы тәулікте жаман тұмау жұқтырған науқастармен байланыста болған 594 адам тұрақты бақылауға алынған.
Бүгінгі таңда, COVID-19 вирусымен қатар, осы вирус белгілеріне ұқсас пневмонияға шалдығу деректері де тіркелуде. Мәселен, облыста бір аптаның ішінде мұндай диагноз 51 адамға, ал соңғы тәулікте 2 адамға қойылған.
Соңғы тәулікте вирус анықталған науқастардың басым көпшілігі Көкшетау, Степногор қалалары мен Бурабай, Есіл, Зеренді, Жарқайың, Целиноград аудандарында. Ал індеттің оқушылар арасында таралу көрсеткіші бойынша Көкшетау қаласы көш бастап тұр. Індет жұқтырған 179 оқушының 70-і дәстүрлі, 109-ы қашықтан білім алып жатқан балалар. Эпидемиялық қызмет мамандары оқушылар арасында індеттің таралуына карантин талаптарының сақталмауы себеп болғанын айтады. Демек, халқымыздың «сақтансаң, сау боласың» дейтін тәмсілі әбден шындық.
Ақмола облысы