Өткен аптада Қарағанды қаласында жеке-командалық Қазақстан Республикасы чемпионаты аяқталды. Осы сайыста командалық біріншілікте Батыс Қазақстан облысының ерлер құрамасы алтын медальге ие болды. Оралдықтар финалда үстел иелерін 3:0 есебімен жеңіп, алғаш рет ел чемпионы атанды. Әйелдер арасында чемпионаттың күміс медалін да батысқазақстандық команда жеңіп алды. Ел чемпионатынан үлкен жеңіспен келген команда спортшыларымен Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев арнайы кездесіп, облыс құрамасының жаттығу барысын тамашалады.
– Мен сіздерді осы тамаша жетістіктеріңізбен құттықтаймын! Облыс тарихында алғаш рет ерлер құрамасы республика чемпионатының алтынын жеңіп алды. Өткен жылы облыстың әйелдер құрамасы чемпион атанды. Үстел теннисі дене қозғалысы белсенділігін арттыратын өте қызықты спорт түрі. Ол елімізде жылдан-жылға дамып келеді. Шындығына келсек, үстел теннисі – кеңінен насиxаттауға лайық спорт түрі. Ол үшін үстел теннисін ойнауға қызығатындар санын арттырып, теннис үстелдерін көптеп орналастыру керек. Ол аса қиынға соқпас, – деді облыс әкімі.
Бүгінде Батыс Қазақстан облыстық ерлер командасы құрамында ағайынды Айдос пен Дастан Кенжеғұлов, Санжар Жұбанов, Дамир Мэлсов, Болат Ниетқалиев сынды спортшылар бар. Қарағандыдағы сайыста Дастан мен Айдос жұптасып өнер көрсетуден – үшінші орын, қыздар арасында Гүлчехра Хусейнова – екінші, Алсу Сапарова – үшінші орын алса, аралас жұпта Айдос Кенжеғұлов шымкенттік Әнел Бақытпен бірге бірінші орынды жеңіп алды. Ал жекпе-жек сайыста Дастан – екінші, Айдос – үшінші, Гүлчехра мен Алсу – үшінші орыннан көрінді.
Айта кетейік, оралдық екі спортшы Қазақстан Республикасы Ұлттық құрамасы сапында. Олар қазір халықаралық жарыстарға, ақпан-наурыз айларында Қатарда өтетін Азия олимпиадалық іріктеу турниріне дайындалуда.
Кездесуде өңірде үстел теннисін одан әрі дамыту үшін ең алдымен жайлы әрі заманауи құралдармен жабдықталған зал қажеттігі де әңгіме болды. Орал қаласында теннис сарайы болғанымен, ол үстел теннисі залына қойылатын ерекше талаптарға сай емес екен.
Өңір басшысы спортшылардың ұсыныс-пікірін тыңдап, облыстық спорт басқармасына зал бойынша мәселенің оңтайлы шешімін дайындауды тапсырды.
Батыс Қазақстан облысы