Кеңесте департамент еліміздің темір жол және әуе көлігі объектілеріндегі жедел жағдайдың жай-күйіне тиісті бақылауды қамтамасыз ету мақсатында ел Президенті мен Ішкі істер министрі қойған міндеттерді орындау бойынша тиісті іс-шаралар қабылдап жатқаны туралы айтылды.
«Жалпы, Департаменттің қызмет көрсету учаскесінде өткен жылы барлығы 1484 қылмыстық құқық бұзушылық, оның ішінде 742 қылмыс және 742 теріс қылық тіркелді.
Жүргізілген кешенді ұйымдастыру-практикалық шаралардың нәтижесінде құқық бұзушылықтар санын 30,8%-ға, оның ішінде ауырлығы орташа санаттағы қылмыстардың 50,9%-ға және онша ауыр емес қылмыстарды 12%-ға төмендетуге қол жеткізілді. Сондай-ақ бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысының саны 50,7%-ға және алаяқтық 13,8%-ға төмендеді. Қылмыстың жалпы ашылуы 87%-дан асты.
Департаменттің аумақтық бөліністерінің күшімен 415 есірткі қылмысы, оның ішінде 29 өткізу фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 164 кг есірткі заты тәркіленді», деді Оңал Бекеев.
Департамент бастығының айтуынша, Елбасының ұсақ құқық бұзушылықтарға, тәртіпсіздіктерге «мүлдем төзбеушілік» қағидатын іске асыру мақсатында өткен жылы ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде түрлі құқық бұзушылықтар үшін 43569 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 465 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Кеңес барысында ел Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауындағы басымдықтарды жүзеге асыруға баса назар аударылды. Бұдан соң бірқатар желілік бөлініс басшыларының есептері тыңдалды.
Сонымен қатар, басқосуда кадр саясатын жетілдіру, қызметтік-жауынгерлік даярлықты нығайту, тәртіп пен заңдылық, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері де кеңінен талқыланды.
Жедел кеңес соңында көлік полициясының үздік қызметкерлері марапатталды.