16 Желтоқсан, 2013

Аймақтар тәуелсіздік тойын тойлап жатыр

454 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін

Бүгін, 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күні. Еліміздің ең басты мерекесі болып табылатын бұл күні республикамыздың орталығынан бастап, барлық аймақтарда кеңінен тойланып жатыр. Біздің облыстардағы тілшілеріміз осы мерекелік сәттерден хабар береді.

 

16-12kyzylorda

Ержан Байтілес- Қызылордадан:

Тәуелсіздік – Тәңірдің мөрі. Жаратқанның өзі жар болып Азаттықтың ақ таңына жеттік. Әрбір қазақстандық үшін қадірлі де қастерлі мерекені Сыр бойындағы жұртшылық ерекше қарсы алды. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені, тірлігімен еліне ерен еңбек сіңіріп жүрген Абзал Ералиев кеше ғана Елбасының қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алды. «Егеменнің» оқырмандары біледі. Біз Ералиев басқаратын «Абзал және К» толық серіктестігінің жұмысы туралы ұдайы ақпараттандырып отырдық. Жақында ғана ел газетінің бетінде «Абзал адам» деген мақаланың жарық көргенін оқушы қауым естерінен шығара қоймаған шығар. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев бастаған қызылордалықтар «Еңбек Ерін» әуежайдан күтіп алды. Сонан соң Нартай Бекежанов атындағы облыстық драма театрындағы салтанатты шараға дейін бірге келді. Мерекелік шараға келген халық Абзал Ералиевті табандарынан тік тұрып, зор ілтипат білдіріп қарсы алды. Онан соң облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Сыр халқын мерекелерімен құттықтап, сөз сөйледі. Әкім Қазақстанның бүгінгі жетістіктерінің барлығы Тәуелсіздік пен Елбасының сындарлы саясатының арқасында жүзеге асып жатқанын баса айтты. Сонымен қатар Ұлт көшбасшысы ұдайы назарында ұстап отыратын Қызылорда облысының даму динамикасы туралы сөз қозғады.

«Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын нақтылап, болашағына оң бағыт-бағдар берген, бүгінгідей іргелі мемлекет қалыптастырған Тұңғыш Президентіміздің халыққа, елге жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Осы жылдардағы игілікті істердің барлығы Елбасы есімімен тығыз байланысты. Дарабоз Көшбасшының салиқалы саясаты Қазақстанды өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын әлеуетті мемлекетке айналдырды»,- деді Қырымбек Елеуұлы.

Мұнан соң Абзал Ералиев сахна төріне көтеріліп, жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтады. Ол «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы өзіне ғана берілген құрмет емес, барша қызылордалық еңбеккерлерге Елбасы тарапынан жасалған сый деді. Бұдан кейін аймақ басшысы мереке қарсаңында «Шапағат», «Құрмет», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Ерен еңбегі үшін» секілді мемлекеттік сыйлықтарға ие болған азаматтарды марапаттады. Салтанатты шара соңы мерекелік концертпен жалғасты.

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қызылорда облысында бірнеше әлеуметтік нысандар ашылды. Мәселен, Жалағаш ауданында екі бірдей ауылдық клуб ел игілігіне берілді. Ал Сырдария ауданында «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша қайта жаңғыртудан өткен ауыз су жүйесі іске қосылды. Осылайша, қызылордалықтар атаулы күнді ерекше көңіл күймен атап өтті.

 

Нәзира Жәрімбетова - Қостанайдан:

Тәуелсіздік күні мерекесіне байланысты шаралар Қостанайда түс кезінен басталды. Шыңылтыр аязға қарамастан, облыс орталығында мерекелік сауда қызды. Патриоттық әндер орталыққа келгендердің көңілін одан сайын көтере түскендей. Әр қостанайлықтың жүрегін Қазақстан үшін мақтаныш кернейтіндей. Еліміздің осы күнге жеткеніне шүкір етеді. Облыс өңірінің экономикасы дамып, әлеуметтік сала күшейіп келеді. Қостанай-еліміздегі тотыдай таранған қаланың бірі. Мереке алдында ғана біраз қостанайлықтар әкім қолынан пәтер кілтін алды. Қуанышқа қуаныш қосылды. Баспаналы болған облыстық филармонияның әртісі Дәркенбай Санай мерекені қызықтауға отбасымен қала орталығына шығыпты. Думан қызығы аяздың шымшылауын елер емес.

«Тәуелсіздіктің біздің отбасына бергені ұшан-теңіз. Менің бала кезімде әкем ата жұртымызға оралған еді. Қазақстанда ер жетіп, мамандық алдым. Міне, енді өзім баспаналы болып отырмын. Мереке барлығымызға құтты болсын! Қасиетті күн ғой!»,дейді Дәркенбай қуанышын жасыра алмай.

Тәуелсіздік күні мерекелік шаралар бірінен соң бірі жалғасын тапты. Қостанай қаласының орталығында «Шахмат клубы» бар. Бұл орын осы қаладағы үлкен-кішінің жиі бас сұғатын жері. Бірақ, келушілер қатары әдеттегіден көп болды. Өйткені, мұнда «Тәуелсіздік-мақтанышым менің!» деген мерекелік бағдарлама өткізіліп, оның маңызы туралы жас ұрпақтарға тарихи дерек айтылды. Тәуелсіздік мерекесі расында қасиетті күн. Бұл бостандықты аңсап, «еңку-еңку жер шалған» аталар арманының тойы. Аязды күнгі дуылдаған мереке осыны ұғындырды...

 

Темір Құсайын - Оралдан:          

Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз армандап өткен Тәуелсіздік киелі де қасиетті ұғым ғана емес, сонымен бірге елдің есеюі, алға қарай дамуы, өсіп өркендеуі. Осындай оң бағытпен келе жатқан еліміздің батыстағы босағасы – Орал өңірінде Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа тұрмыстық нысандар – мектептер мен емханалар, қызмет көрсету орталықтары мен спорт кешендері пайдалануға берілді. Соның бірі Ақжайық ауданының Сайқұдық ауылында бой көтерген жаңа мектеп ғимараты. Оған ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Жұбан Молдағалиевтің есімі берілді. Оның ашылу рәсіміне Алматыдан арнайы келген біртуар суреткердің жары София апай өз тілегін былайша жеткізді:«Жұбағаң Қазақстанның тәуелсіз ел болуын мұрат тұтқан күйінде өмірден өтіп еді. Оған жете алмаса да, кейінгі ұрпағы тәуелсіздіктің жемісін көре бастады. Мен осыған қуанамын».

Батыс Қазақстанның бай тарихы мен шынайы шежіресі бар саналы ғұмырын азаттықпен еркіндік жолына арнап өткен арыстардың аз болмағанын көрсетеді. Айталық, сонау 1917 жылдың өзінде Ордада «Ұран» газетін шығарып, баспахана ашқан Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев және Тамимдар Сафиев секілді Алаш арыстары осы тізімнің бел ортасынан ойып тұрып орын алады. Тәуелсіздік мерекесі күні қарсаңында жаңғырту жұмыстары жүргізілген еліміздегі бірден-бір осы тарихи баспахананың қайтадан есік ашуы – ұлттық тарихымызды қастерлегеніміз болып есептеледі.

Орал қаласындағы тәуелсіздік таңы туғызған нысандардың бірі егемендіктің елең- алаңында, дәл сол 16 желтоқсан күні Мұхтар Әуезовтің «Қара көз» трагедиясымен ашылып, шымылдығы түрілген – қазақ драма театры. Осы киелі жерде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Елбасының Жарлығы бойынша тәуелсіздікті нығайтуға қосқан үлестері үшін мемлекеттік наградаларға ие болған бір топ батысқазақстандықтарды марапаттады.

 

Оралхан Дәуіт - Шымкенттен:

 

16 12-KaragandaТәуелсіздік күнін Оңтүстік Қазақстан жұртшылығы кеңінен атап өтті. Бұл күні Шымкент қаласындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтерген көрме залында жұртшылық мерекеге орай ұйымдастырылған түрлі көріністерді тамашалап, ел тарихынан сыр шертетін қойылымдарға куә болды. Салтанатты жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан, аймақты мекен еткен түрлі ұлт пен ұлыстың тату-тәтті күн кешуіне еңбегін сіңірген жетпіс адамға мемлекеттік сыйлықтар табыс етілді.

Жалпы, осы Тәуелсіздік күні облыста Индустрияландыру картасы аясында 2 жоба іске қосылды. Оның бірі, Шымкент қаласы «Отау Строй» ЖШС металл конструкцияларын шығаратын зауыты. Жобаның құны-543,6 млн. теңге. Жоспарлық қуаттылығы - жылына 3000 тонна. Жоба бойынша 22 жаңа жұмыс орны ашылған. Негізгі шығаратын тауарлары балкалар және колонналар. Өндірісте өңірде бұрын-соңды болмаған заманауи технологиялық жабдықтар қолданылуда. Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылған екінші жоба да Шымкент қаласында іске асырылуда. Ол «Алтын Тастақ» ЖШС-ның газсиликатбетон шығаратын зауыты. Жобаның құны 366,0 млн. теңге және 26 жаңа жұмыс орны құрылған.Сондай-ақ, тарихи маңызы да, саяси мәні де зор һәм елдігіміздің кепілі болған ұлық мейрамда Шымкент қаласындағы «Нұрсәт» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп отыр. Баспана кілті 29 жасқа дейінгі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 32 отбасыға салтанатты түрде табыс етілді. Тәуелсіздік күні қала орталығы мен барлық аудан орталықтарында мерекелік бағдарламалар мен спорттық жарыстар өткізілді.Кешке қазақстандық өнер жұлдыздарының концерті ұйымдастырылып, соңы отшашуға ұласады...

 

Айқын Несіпбай - Қарағандыдан:

Тәуелсіздік мерекесі күні кеншілердің Мәдениет сарайында өткен салтанатты жиналыстан бастау алды. Оған қатысушылар алдында облыс әкімі Бауыржан Әбдішев сөз сөйлеп, өңір жұртшылығын ел тарихындағы мерейлі мерекемен құттықтады. Бір топ еңбек ардагерлеріне , мәдениет пен өнер қайраткерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырылды.

Бүгін, қаламыздың барлық жерлерінде мерекелік шара жоғары деңгейде аталып өтті. Осындай игі істен «Болашақ» университетінің ұжымы да қалыс қалмады. Ал Теміртаудағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстары туралы деректер келушілерге кеңінен айтылды. Жалпы, бір мақсат, бір тілек тоғыстырған қарағандылықтардың ортақ қуанышы өз туған елдеріне деген мақтаныштарын паш етті.

 

Жолдасбек Шөпеғұл - Атыраудан:

Мұнайлы Атырауда ел Тәуелсіздігінің 22 жылдығына арналған шаралар шоғыры мерекеден бірнеше күн бұрын бастау алған еді. Сондай шаралардың қатарында тәуелсіздіктің елең-алаң шағында мемлекеттің қалыптасуына қалтқысыз қызмет етіп, бүгіндері жас ұрпақты отаншыл рухта тәрбиелеуге үлес қосып жүрген аға буын өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылғанын айтуға болады. Спорттың әр түрінен жарыстар мен турнирлер өткізілді. Мұндай тәрбиелік маңызы зор шаралар өңір орталығымен бірге аудандарды да қамтыды. Ал бүгін Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда «Жырым менің, Отаным!» атты сазды бағдарламаның аясында көркем өнерпаздардың өнері жұртшылыққа ұсынылды. Өңір өнерпаздары тәуелсіз Қазақстанды, туған ел мен туған жерді сүюге, қадірлей білуге үндеген әсерлі әндер мен күйлерді нақышына келтіре орындады.

 Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шараға этномәдени бірлестіктер де белсене қатысты. Соның бірі-«Иверия» грузин этномәдени бірлестігі ұйымдастырған концерттік бағдарлама. Өңірге танымал кәсіпкер Зураб Бобохидзе жетекшілік ететін бұл бірлестік жанынан 8-9 ұлттың өкілдері қатысатын би ансамблі құрылған. Сол ансамбль бүгін «Құрманғазы» мәдениет сарайында әр ұлттың биін биледі. Концерттік бағдарламада әр ұлттың тілінде әндер де шырқалды.Сонымен бірге, бұл күнгі мәдени шаралар «Жастар» мәдениет үйінде «Тәуелсіздік –елімнің ерлік жолы» атты концертпен жалғасын тапты.

 

Гүлайым Шынтемірқызы Ақтаудан:

Маңғыстауда тәуелсіздік мейрамына арналған шаралар желтоқсан айының алғашқы онкүндігі аяқтала бере бастау алды. Ішкі істер саласы қызметкерлеріне пәтер және қызметтік көліктер табысталып, мектеп пен балабақша басты орында тұрған Мұнайлы ауданындағы Атамекен ауылынан 200 орындық балабақша ашылды. Жеке кәсіпкер Б.Ақтөриев «Балапан» және «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары аясында «Рахат» балалар бақшасын іске қосты. Мұнайлы ауданының әкімі Е.Әбіловтің айтуынша, ауданда 2085 баланы қамтып отырған 19 балалар бақшасы бар болса, «Рахат» 9-шы жекеменшік бақша екен.

 Шара аясында қала орталығындағы «Ынтымақ» алаңында ҚР ҰҚК шекара әскерлерінің жас сарбаздары әскери ант қабылдады. Күзгі шақырылымда аталмыш әскери құрам республика бойынша 2 мыңнан астам жас сарбазбен толыққан, соның 362-і шекарамызды Каспий теңізі арқылы қорғауға бекінді. Олар енді екі айға жуық уақыт катерлер мен кемелерді басқаруды үйренеді.

 Мерекеге орай ұйымдастырылған алуан шаралар арасында «Тәуелсіздік тәу етер жалғыз киең» атты жас домбырашылар байқауы өтті. Талантты 11 жас қатысқан байқауда үміткерлер дәстүрлі ән және күй орындаудан сайысқа түсті. Сондай-ақ, «Қазақ елі осындай» патриоттық әндер байқауы, «Тәуелсіздік жолында» сурет көрмесі, түрлі спорттық сайыстар өтті.

 Аймақтың ардагерлері мен әр сала өкілдері жиылған салтанатты жиында өз еңбегінің үздіктеріне мемлекеттік наградалар тапсырылып, соңы концертке ұласты.

 

Сатыбалды Сәуірбай - Ақтөбеден:

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Ақтөбе қаласы бұрынғыдан гөрі де жасарып, жайнап кетті. Көшелерге ілінген қызылды – жасылды жалаушалар мен билбордтар елдігіміздің еңсесін көтеріп, ертеңіміздің жарқын болатынын айғақтай түскендей болды. Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрында өткен ел тәуелсіздігінің 22 жылдығына арналған салтанатты жиынға жұртшылық, соғыс және еңбек ардагерлері, этно- мәдени, діни, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік мекемелер өкілдері қатысты. Салтанаты жиында баяндама жасаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібеков өңірдегі экономикалық және әлеуметттік дамуға кеңірек тоқтала келіп, үстіміздегі жылдың өткен кезеңінде өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 1227 млрд. теңге құрағанын жеткізді. Облыстың үдемелі индустриялық –инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда өңірлер арасында көш бастаушылардың қатарында келе жатқанын тілге тиек етті.

 Салтанатты жиында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов еліміздің әлеуметтік -экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан бір топ ақтөбеліктерге үкіметтік наградалар тапсырды. «Парасат» орденімен Ырғыз ауданының «Алтын –Әсел» ЖШС директоры Хамит Өтеуұлы, «Қазхром» ТҰК» АҚ» президенті Виктор Тиль марапатталды. Бір топ ақтөбеліктер «Құрмет» орденіне, «Ерен еңбегі үшін»және «Шапағат» медальдеріне ие болды. Он бір адам «Облыстың 2013 жыл адамы» атағына ие болды, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және қазақстандық рухани бірлікті құруға қосқан үлесі үшін бір адам пәтермен, үш адам автокөлікпен, жеті адам ақшалай сыйлықпен марапатталды. Марапатталғандардың арасында белгілі ақын Ертай Ашықбаев автокөлік мінді. Салтанатты жиын ақтөбелік өнер шеберлерінің концертіне ұласты. Ән айтылды, би биленді, домбыра шанағынан күмбірлеген күй төгілді.

 Тәуелсіздік мерекесі аясындағы мәдени -көпшілік шаралар қалаға қарасты Сазды ауылындағы Мәдениет үйінде «Тәуелсіздік таңы» атты театрландырылған қойылыммен, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониядағы «Есіңде ме, сол бір кез» ретро -концертімен жалғасты. «МегаАқтөбе» сауда орталығындағы көркем-сурет көрмесін тамашалаушылар қатары да мол болды. Ал «Достық» үйінде тәуелсіздік күніне арналып өткізілген этномәдени бірлестіктер арасындағы қазақ мәдениетінің фестивальі мен мерекелік би кеші салтанатқа келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік шаралар аясында спорттық жарыстар, түрлі байқаулар ұйымдастырылды. Мереке аудандарда және елді мекендерде жалғасын тапты. Қыстың қатая түскеніне қарамастан, ақтөбеліктер Тәуелсіздік күнін ұйымшылдықпен атап өтті.

 

Фарида Бықай - Павлодардан:

 

16 12-PavlodarТәуелсіздік күні қарсаңында алыстағы Железин ауданының орталығында спорт мектебі, Арқар ауылында наубайхана, республикалық маңызы бар тас жолдың бойындағы Башмақ ауылында қонақүй пайдалануға берілді. Бұған қоса, Павлодар ауданындағы 6 ауыл мектебіне көлік кілттері табыс етілді. Облыс орталығындағы «Автомобилист» спорт кешенінде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында пауэрлифтингтен жарыс өтті. Қалаға қарасты Қазанғап би ауылында 300 орындық жаңа мәдениет үйі ашылды.

 Бүгін Тәуелсіздік күніне арналған шаралар қаламыздың басты жерлерінде аталып өтті. Жалпы, орталық алаңда болған жиында мерейлі мерекенің маңызы, Қазақстанның қол жеткізген табысы, алдағы міндеттері туралы кеңінен айтылды. Одан әрі «Желтоқсан оқиғасына қатысушылары мен құрбандарына» арналған мемориалдық тақта басына барып, асыл азаматтарға тәу еттік...

 

Оңдасын Елубай - Өскеменнен:.

 

16 12-zigisТәуелсіздік күні Республика алаңы қала тұрғындарына лық толды. Сазды әуен аспанда қалықтап тұр. Мерекеге байланысты қала басшылары жәрмеңке де ұйымдастырған екен. Ет, сүт, балық тағамдары арзан бағамен саудаланды. Сағат 11-де облыс әкімі сахна төріне шығып, өңір жұртшылығын еліміздің Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

 Тәуелсіздік даңғылында түрлі спорт жарыстары болып өтті. Қаланың бірқатар аудандарында да Тәуелсіздік мерекесі есте қаларлықтай мәнді де сәнді өтті.

 Бұдан бір күн бұрын өңір басшысы 50 адамға Елбасының атынан мемлекеттік марапаттарды тапсырған еді. Осы мерекелік шара аясында атақты шаңғышы А.Полторанин мен оның жаттықтырушысы А.Наконечныйға ақшалай сыйлық берілгенін атап өткіміз келеді. Сондай-ақ, даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов пен Ольга Шишигина Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы атанды.

 

Көсемәлі Сәттібайұлы - Тараздан:

Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Баласағұн» концерт залында өткен салтанатты жиын жамбылдықтарды бейжай қалдырған жоқ. Болашаққа «Бір ел – бір халық – бір тағдыр» ұстанымы аясында ұмтылған өңір тұрғындарының мереке қарсаңында қол жеткен табыстары да аз емес.

Облыстың жалпы аймақтық өнімі соңғы 3 жылда 33 пайызға өсіп, 764 млрд. теңгені құраған. Ал үстіміздегі жылдың 10 айында негізгі капиталға құйылған инвестицияның көлемі 154,2 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға артқан. Әрине, бұл толайым табысқа әрбір жамбылдықтың өз үлесін қосқаны анық. Облыс әкімінің баяндамасынан кейін өңір өнерпаздары сахнаға шығып, мереке қуанышын бөлісуге жиналғандарды әуелеген әсем ән мен күмбірлеген тәтті күйге тәнті етті.

Мереке күндері облыс орталығындағы «Достық» алаңына жиналған көпшілік те тәуелсіздіктің сәнін, бейбітшіліктің мәнін шын ұғына білді. Күннің күрт суытып, қардың қылаулағанына қарамастан олар ел тәуелсіздігіне арналған концертке құлақ түріп, түнгі аспанды нұрға бөлеген отшашу өрнектерін қызыға тамашалады.

 

Өмір Есқали - Петропавлдан:

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеу облыс орталығындағы бас алаңнан басталып, шын мәніндегі татулық пен келісім іс-шарасына айналды. Жүздерінен қуаныш төгілген, жылылық ескен қала тұрғындарына «Тәуелсіздік толғауы» атты мерекелік концерт ұсынылды. Онда түрлі ұлт өкілдері тамылжыта ән шырқап, мың бұрала би билеп, айналаны ен шаттыққа бөледі. Қазақстан Конституциясы, М.Жұмабаев көшелерінде ауыл шаруашылық жәрмеңкесі, қолөнер көрмелері, «Электроника» дүкенінде жеңілдіктер мен сыйлықтар акциясы ұйымдастырылып, әлеуметтік маңызды нысандардың іске қосылуы мерекелік іс-шараның салмағын арттыра түсті. Күрделі жөндеуден өткен екі балалар бақшасы кішкентай балғындарға есіктерін айқара ашты. «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы аясында 55 пәтерлі ипотекалық тұрғын үй бой көтерсе, «Береке» шағын ауданында «Жас отбасы» бағдарламасы шеңберінде 75 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа берілді. «Севказэнергосбыт» ЖШС-іне қарасты қызмет көрсету орталығы, № 2 Петропавл жылу электр орталығында № 4 турбогенератор пайдалануға берілді. Оның қайта жабдықталуына 5,7 млрд.теңге жұмсалды. Спорттық шараларға қатысушылар мен қызықтаушылар да мол болды. «Қызылжар су» АҚ-ның кең залында ардагерлер арасында волейболдан турнир өтсе, «Дельфин» бассейнінде балалар жүзуден өзара сынға түсті.

Еліміз үшін ұлық мереке саналатын Тәуелсіздік күні аудандарда да кеңінен аталып,солтүстікқазақстандықтардың тығыз топтасқандығының, саяси зор белсенділігінің айшықты үлгісін паш етті.

 

Нұрбол Әлдібаев -Талдықорғаннан:

 Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында халқымыздың қасиетті мерекесі - ел Тәуелсіздігінің 22 жылдығына орай салтанатты жиын өткізілді. Онда Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов сөз сөйледі: «Әлемдік өркениет көшінде өзіндік орны, мақсат тұтар мәдениеті, лайықты салт-дәстүрі бар халқымыз  ұлт болып ұйығалы бері тап  бүгінгідей  біртұтас, қуатты  мемлекет  құрып, өз тағдырын өзі шешуге мүмкіндігі болған емес. Еліміз осы аралықта талай  қауіп-қатерден аман  өтіп, етек-жеңін  жиып, еңсесін тіктей  алды. Бүгінде тірлігі жарасқан, бірлігі бақ ашқан еліміздің арманы  орындалып, толайым  табыстарға  жеткендігіміз – қазақ  халқының дара  тұлғасы,   перзенті, Ұлт  Көшбасшысы - Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаевтың  есімімен, салиқалы  саясатымен  тығыз байланысты. Осы бағыттың  дұрыс  екендігін  бүгінде  өмірдің  өзі  дәлелдеп  отыр. Тәуелсіздік – бұл  ең алдымен  елдің  экономикалық  дамуын,  әлеуметтік  маңыздылығын,  мәдени өркендеуін айқындады. Ауызбіршілік пен  ынтымақтың  арқасында  көп ұлтты  мемлекетімізде Елбасы  айқындаған  «Қазақстан- 2050»  стратегиясы  жүйелі түрде  іске асырыла  бастады.   Республикамыздың  осындай  биіктерді  бағындыруына Жетісу  жұртшылығы  да  сүбелі  үлесін  қосып, табысы  зор,  ырысы  мол  аймаққа  айналып    келеді»,-деді ол.

 Облыс әкімі айтса айтқандай, соңғы  5 жылда өңірлік жалпы  өнім  үш  есеге  артып, 550,0 млрд. теңгеден  1 трлн. 459  млрд. теңгеге  жетті. Өнеркәсіп  көлемі  1,7 есеге  өсіп,   516,3 млрд. теңгені  құрады. Сондай-ақ, үдемелі индустриялық - инновациялық даму бағдарламасы аясында индустрияландыру  картасына құны  331,6  млрд.  теңгені құрайтын 49 жоба енді. Бүгінде   238 млрд. теңгелік  39жоба жүзеге  асырылып , 5 400 жұмыс орны құрылды. Мұнан өзге де бірқатар өрелі істер атқарылды.

 Жалпы, жиын барысында алдағы міндеттер де кеңінен аталып, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне өзіндік үлес қосқан еңбеккерлерге наградалар табыс етілді.

 

Қанат Ескендір - Алматыдан:

 Алматылықтар Тәуелсіздік күнін Орталық алаңдағы Тәуелсіздік монументіне азаттық күресі жолындағы құрбандардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсімінен бастады.

 Осы шара барысында қала әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова жергілікті тұрғындарға игі лебізін жеткізді: «Тәуелсіздік күні – мемлекетіміздің ең тұғырлы да үлкен мерекесі. Себебі, ата-бабаларымыз аңсаған арман ақиқатқа айналды. Сондықтан біз оны қастерлей білуіміз тиіс».

 Мерекенің ресми бөлімінен соң орталық алаңда өнер жұлдыздарының концерті ұйымдастырылып, қаланың барлық аудандарында мерекелік жәрмеңкелер өткізілді.

 

Бақберген Амалбек - Көкшетаудан:

 Қазақстан Тәуелсіздігінің 22 жылдығына толағай табыстармен келген Ақмола облысының жұртшылығы мерекелік шараны жоғары деңгейде атап өтті. Осы күні әлеуметтік-экономикалық бағыттағы 22 жаңа нысан салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне берілді.

 Мереке кезінде «Елбасы жолы» фильмін мыңдаған адамның тамашалағанын атап өткіміз келеді. Сондай-ақ, дәл осы тұста, жуырда ғана халықаралық мәртебе алған Көкшетау әуежайына Мәскеуден алғашқы халықаралық рейс «Бойнг» ұшағы келіп қонды.

 Жергілікті өңірдегі мәдениет сарайында облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов еңбек озаттары мен өнер саңлақтарын марапаттады. Олардың қатарында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын Мемлекет басшысы қолынан алған «Родина» агрофирмасының директоры Иван Сауэр де бар. Сонымен бірге, бірнеше азаматқа медальдар мен наградалар берілді.

 

 

 

 

                                  

 

 

Соңғы жаңалықтар