Еліміздің бас қаласы –Астанада «Қазақ сөздігі» атты бір томдық түсіндірме сөздігі жинағының тұсаукесер рәсімі болды. Бұл туралы «24 kz» хабарлады.
Бұл құнды жинақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жарыққа шықты. Ал осы уақыт аралығына дейін 80 мың сөз бен сөз тіркесін қамтыған «Өзбек тілінің түсіндірме сөздігі», қырғыздардың 50 мың сөз бен сөз айқышын қамтыған екі томдық «Қырғыз тілінің сөздігі», түріктердің 92 292 сөзді қамтып, 122 423 сөз мағынасы келтірілген «Түрікше сөздіктері» шығарылды. Осы орайда «Қазақ сөздігі» 106 мың атау сөз бен 48 300 сөз тіркесін қамтыған бірегей сөздікке айналып отыр. Мемлекет басшысы осы сөздікке арнаған алғы сөзінде былай деді: «Тіл – ұлтпен бірге жасап, толассыз толығып отыратын құбылыс. Қолдарыңызға ұстап отырған «Қазақ сөздігі» - біздің мемлекеттік тіліміздің түркі тілдер тобындағы ең бай тіл екендігін айғақтайтын бірегей басылым».
Осы құнды жинақтың маңызы туралы Мәдениет және ақпарат министрі М. Құл-Мұхаммед те өз пікірін білдірген болатын: «Бұл сөздікте 106 мың атау сөз бен 48 300 сөз тіркесі қамтылып отыр. Жалпы айтқанда, дүние жүзіндегі 30-дан астам түркі тілдерінің ішіндегі ең байы қазақ тілі екендігін дәлелдейтін басылым».
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: «24 kz»