18 Желтоқсан, 2013

Белгілі ақын Қайрат Жұмағалиев қайтыс болды

2950 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

19-12-13-kairat jumagaliev-2

Қазақтың белгілі ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі  Қайрат Жұмағалиев 77-ге қараған шағында қайтыс болды. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасы хабарлады.

Қайрат Жұмағалиев 1937 жылы 16 қыркүйекте Орал облысы Орда ауданы Қосшы ауылында туған. 1959 жылы Қазақ мемлкеттік университетінің филология факультетін бітірген. 

Қ.Жұмағалиев 1959-1984 жылдары «Жазушы» баспасында кіші редактор, редактор, аға редактор, редакция меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, 1985-1992 жылы «Қазақтелерадио» комитетінде аға редактор, комментатор, редакция меңгерушісі, бас редактор, 1992-1996 жылдары Қазақстан Парламенті Сенатының аударма-редакциялық бөлімінде сектор меңгерушісі, кеңесші болды. Кейінгі кездері «Сарыарқа» журналында редактор болып қызмет етті.

Ақынның алғашқы шығармалары 60-жылдардың басында жариялана бастады.Алғашқы өлеңдер жинағы «Тұңғыш» 1964 жылы жарық көрген.  Осы кезге дейін оның қаламынан туған өлеңдер 30 кітапқа жинақталды. Бірқатар шығармалары орыс тіліне тәржімаланып, кітап болып басылған. Жеке өлеңдері ағылшын, француз, араб, неміс, қытай, хинди, испан, поляк және болгар тілдеріне аударылған. Өзі француз, моңғол ақын-жазушыларының романдарын қазақ тіліне аударған. Ақын өлеңдеріне көптеген әндер жазылған.

Қаламгер Беларусь Республикасының Құрмет грамотасымен, Қазақстан Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының грамоталарымен марапатталған.

Қайрат Жұмағалиевті ақырғы сапарға шығарып салу 20 желтоқсан күні Алматыда өтеді.

Сәкен Майлыбай.

Дереккөз: Қазақстан телеарнасы.

Соңғы жаңалықтар