Экономика • 27 Қаңтар, 2021

ДСҰ: Өтпелі кезең аяқталды

849 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

2015 жылдың 30 қарашасында Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі атанды. Іргелі ұйымның табалдырығын аттаған 162-ші мемлекет ретінде тарихқа енді. ДСҰ талаптарына сәйкес, жаңадан қабылданған мүше мемлекеттерге бес жылдық өтпелі кезең беріледі. Бұл елдердің етек-жеңін жинап, дайындығын пысықтауы үшін қажет. 2020 жылдың соңында Қазақстанға берілген өтпелі кезеңнің уақыты аяқталды. 2021 жылдың келуімен біздің ел алыс-беріс пен барыс-келістің жаңа кезеңіне қадам басты.

ДСҰ: Өтпелі кезең аяқталды

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ашық та әділ бәсекеге беттеу

Қазақстан биылдан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарын толық орындауы шарт. Бірінші кезекте шекарадағы шектеулерді азайтып, салықтық кедергілерді жоюы керек. Импорт пен экспортқа қатысты тосқауылдарды да реттеуге тиіс. Өнімін шекара асырып жүрген отандық компаниялар да өндірістерін ДСҰ талаптарына сәйкестендіруі қажет. Бес жылдық өтпелі кезең осындай жұмыстарды тындыру үшін әрі үлкен ұйымның атмосферасын сезіну үшін берілді. Мұны кейбір экономистер «жеңілдікті кезең» деп те атайды.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың пікірінше, ұйымға мүше болғанға дейінгі жылдарда және одан кейінгі өтпелі кезеңде Қазақстанның сауда заңнамасы ДСҰ-ның нормалары мен ережелеріне толықтай сәйкестендірілген. Бұл өз кезегінде отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ұлттық экономиканы әртараптандыруға, экономиканың өңдеуші және көрсетілетін қызметтер секторына инвестиция тартуға, сол үшін қолайлы ахуал жасауға жол ашты.

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан ДСҰ-ға кірген сәттен бастап барлық шетелдік инвестициялардың шамамен 50 пайызы шикізаттық емес секторға бағытталған. Атап айтқанда, инвестициялардың 30 пайызы қызмет көрсету секторына, 18 пайызы өңдеуші өнеркәсіпке тартылған. Бұл Қазақстан билігінің экономиканы әртараптандырып, шикізаттық бағыттан іргені аулақ салу туралы мақсат-міндеттерімен үндесіп жатыр.

Әлбетте, ДСҰ-ға мүше болудың артықшылығы көп. Министр Бақыт Сұлтанов өткен жылдың соңында өткен ресми жиындардың бірінде ең маңызды үш басымдыққа тоқталды. «Біріншіден, бизнес экспорттық әлеуетін толық көрсетуге мүмкіндік алды. Екіншіден, ұйым ережелері кемсітпеу қағидатына негізделген. Үшіншіден, Қазақстан басқа елдердің де сауда саясатына ықпал ететін болды. Сауда жүргізудегі дәл осындай қолайлы жағдайлар 2019 жылы ел экспортын 2015 жылмен салыстырғанда 26 пайызға өсіруге ықпал етті», деді Бақыт Сұлтанов.

«Өтпелі кезеңді қалай өткердік?» деген заңды сауал туындайды. Эко­номист Талғат Демесіновтің айтуын­ша, оның нәтижесі алдағы екі-үш жыл­дың көлемінде анық байқалмақ.

– Өтпелі кезең – Қазақстанның экспорт-импорт бағытында жұмыс істейтін кәсіпорындарына берілген дайын­дық мерзімі. Отандық компания­лардың бұл жеңілдікті қалай пай­даланғаны олардың өздеріне ғана мәлім. Дүниежүзілік сауда ұйымы ала­ңында кімнің қалай дайындалғанын алдағы бір-екі жыл нақты көрсетіп береді. ДСҰ-ға кіру – ашық әрі адал бәсе­­ке­лестікке беттеу. Сондықтан бұған компаниялардың жүрдім-бар­дым қарамағаны анық. Жалпы, Қазақ­стан Дүниежүзілік сауда ұйымына дер уақытында кірді. Әлбетте, оған мү­ше болмасақ та, сауда-саттық жал­ғаса берері анық. Алайда экспорт­тау­шылар мен импорттаушылар жасан­ды кедергілерге тап болар еді. Дүние­жүзілік сауда ұйымы біздің сыртқы саудамызды жеңілдетті, эспорттық әрі импорттық әлеуетімізді арттырды. Ұйымға мүше болудың оңтайлы тұсы өте көп, – деді Талғат Демесінов.

 

Қазақстан нарығы несімен қызықтырады?

Қазір картада жоқ КСРО-ның құра­мында болған 15 мемлекеттің ішінен Дүниежүзілік сауда ұйымына ең бірінші болып Қырғызстан мүшелікке өтті. Бұл 1998 жыл болатын. Қазірге дейін посткеңестік кеңістіктегі 11 мем­лекет ДСҰ-ға мүше. Әзірше ең соң­ғы болып Қазақстан қабылданды. Ресей 2012 жылы, Украина 2008 жылы ұйымның қатарына қосылды. Бела­русь, Әзербайжан, Түрікменстан мен Өзбек­стан кезегін күтіп жүр. Осы ора­й­да көпшілікті «үлкен ұйымға өркениеттен ада Африканың кейбір мемлекеттері мен әлеуеті бізден әлдеқайда төмен іргедегі Қырғызстан қалай мүше болды?» деген сауал толғандырады.

UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттерді екі топқа бөліп қарастыру керек. Біріншісі дайын өнім шығарып, экспорттаса, екіншісі  шикізат ұсынады. Жоғарыда айтыл­ған Африка құрлығының кейбір мемлекет­тері мен Қырғызстан әлем елдерін ши­кі­зат көзі ретінде қызықтырып отыр.

– Қазақстанның Дүниежүзілік сау­да ұйымына кіру процесі ұзақ жүрді. Біріншіден, бізді мемлекеттердің көбі қолдай қойған жоқ. Екіншіден, ел Үкіметі ұйымға үлкен дайындықпен кіруді көздеді. Әуелі отандық нарық­ты дамытып, өндіріс орындарын кө­бейтіп, дайын өнім шығаруды жолға қою бағытын ұстанды. Сол үшін ин­дус­трияландыру бағдарламасын қа­былдады. Бұл дұрыс қадам болды, әрине. Алайда индустрияландыру бағдарламасы біз күткен нәтижені берген жоқ. Жоба-жоспарлардың көбі қағаз күйінде қалды. Мұның себептері де сан алуан. 2007-2009 жылдары дағдарысты өткердік. Инновациялық жобаларға бағытталған қаржы сол тұста елдегі әлеуметтік жағдайды жақ­­сартуға, экономиканы реттеуге жұм­­сал­ды. 2014, 2015, 2016 жылдары да эко­номикалық құлдырау орын алды. Мұны жүйелік дағдарыс дедік. Осын­­дай тосын жағдайлардың сал­дары­нан Қазақстанда ғылымға, техно­логия­ға бөлінетін қаржы көлемі азайды. Десе де, әлемнің дамыған елдері мұн­дай қысылтаяң шақта ғылым мен техно­ло­гияға көп қаржы жұмсайды. Себебі экономиканы алға сүйрейтін озық идея­­лар дәл осындай күрделі кезеңдерде дүниеге келеді, – деді Мақсат Халық.

Экономистің пікірінше, Қазақстан әлем елдерін шикізат көзі ретінде әлі де қызықтырады.

– Тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізге 350 млрд доллар инвестиция тартылыпты. Соның 90 пайызы шикізат секторына бағытталған. Қазақстан шетелдік инвесторларды тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Алайда біздің елдің сыбайлас жем­қорлық рейтингінде алдыңғы орындарда тұруы инвесторлардың сеніміне селкеу түсіретін секілді. Оларға керегі – заңның үстемдігі. Бұл ретте «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану керек. АХҚО Сотының ағылшын құқығы қағидаттарына сай жұмыс істеуі инвес­торларды қызықтырары даусыз, – деді экономист.

Соңғы жылдары елімізде шетке шикізат шығаруды азайтып, өндіріс секторын өркендетуге маңыз бері­ліп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында аталған мәселеге ерекше назар аударды. Мұнайға иек артуды доғаратын уақыт келгенін жеткізді.

Талғат Демесінов ДСҰ Қазақстан­ның ауыл шаруашылығы саласына серпіліс әкеледі деген сенімде.

– Әсіресе, ет және ет өнімдерін өнді­ре­тін отандық компаниялардың айы оңынан тумақ. Шаруа қожалық­тарына мемлекет тарапынан малды асылдандыруға қомақты көлемде субсидия беріледі. Оның игілігін көретін уақыт жетті. Алыс-берістегі жасанды кедергілер алынып тасталған соң, етті еркін саудалауға жол ашылады. Бұдан түсер табыс та қомақты. Бара-бара етті терең өңдеуге де мүмкіндік туады, – деді сарапшы.

 

Қытай мен Ресейдің ықпалы қандай?

Қарапайым қисынға салсақ, Қазақ­стан экономикасы алыстағы АҚШ пен шалғайдағы Швецияны қызықтырады дегенге сену қиын. Есесіне біздің нарық іргедегі Қытай мен Ресейге тиім­ді. Осы орайда Қазақстан экономикасы екі алып мемлекеттің ықпалында кетуі мүмкін деген қауіп те жоқ емес.

– Қытай мен Ресей тарапынан қы­сым болатыны түсінікті, – дейді Мақ­сат Халық. – Қазірдің өзінде Ресей Қазақ­стан нарығына Еуразиялық эконо­ми­калық одақ аясында үлкен ықпал жасап отыр. Бұл Одаққа да мүше бол­ғанымызға бес жыл. Осы ара­лы­қ­тағы ресми статистикаға назар аударсақ, сатқанымыздан сатып ал­ғанымыз көп. Демек, әзірше Еура­­зия­лық экономикалық одақ біз­дің елге тиімді емес. Десе де, Одақ Дү­ние­жүзілік сауда ұйымына кірген Қазақстанға үлкен тәжірибе алаңы болғаны даусыз.

Экономист Сапарбай Жобаев «Қытай мен Ресейдің ықпалынан сезік­тенетіндей ештеңе жоқ» деген пікірді алға тартып отыр.

– Дүниежүзілік сауда ұйымының ережесі мүше мемлекеттердің бәріне ортақ және бәріне теңдей мүм­кін­дік қарастырылған. Әлбетте, мем­лекет­тердің барлығы ұйымның артық­шылықтарын тиімді пайдаланғысы келеді. Иә, Қазақстан нарығы бірінші кезекте Ресей мен Қытайға тартымды. Аталған елдермен экономикалық байланыстарды дамытудан қашпау керек. Түптеп келгенде, тиімді шарттар жасау әркімнің өз қолында емес пе?! – дейді Сапарбай Жобаев.

 

ДСҰ һәм ЕАЭО

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында да, Еуразиялық эконо­микалық одақ алаңында да үлкен жетістіктерді бағындыруға ниетті. Алайда екі ұйымның да түпкі мақсаты бір – еркін сауданы дамыту. Осы орайда көпшілік арасында «Қазақстан іргелі екі ұйымның біреуіне ғана басымдық берсе қайтеді» деген әңгіме де арагідік айтылып қалады.

Мақсат Халықтың айтуынша, ДСҰ мен ЕАЭО арасында құқықтық кедер­гілер бар. Бұл ең алдымен екі ұйым­ның тарифтерінің әртүрлілігіне байланысты.

– Бірақ Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақ бір-бірінің жұмысына кедергі кел­тір­мейді. Мұндай одақтар әлемде өте көп. Бір мемлекет бірнеше одаққа мү­ше болуы да қалыпты дүние, – дейді ол.

Сапарбай Жобаев Қазақстан екі ұйымның тізгінін қатар ұстауы керек деп есептейді. Себебі ДСҰ да, ЕАЭО да экономикалық еркіндікті қолдайды.

– ЕАЭО Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен құрылды. Елбасы оның біз үшін тиімді екенін білген соң осындай қадамға барды. Ендеше оның жұмысын ақсатуға әсте болмайды, – дейді ол.

Рас, соңғы жылдары Дүниежүзілік сауда ұйымының әлемдік деңгейдегі рөлі әлсіреп кетті. Экономистер бұ­ған АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп ұстанған протекцио­низм сая­саты кері әсер етті деп есеп­тейді.

– Дональд Трамп АҚШ-тың ішкі нарығын ғана ойлады. Еуропаға өкпе айтты, Қытаймен арада «сауда соғысы» тұтанды, Мексикамен байланысты үзді. Осыдан кейін мемлекеттердің көбі оқшаулануға көшті. Оның үстіне былтыр коронавирус пандемиясы да елдер арасындағы байланысқа салқынын тигізді. Осылайша, әр мемлекет өз бетінше күн көруге көшті. Бір жағынан дұрыс та болған секілді. Мемлекеттер өз әлеуетін байқап көрді, – дейді Мақсат Халық.

Дональд Трамптың орнын Джо Бай­деннің басқаны белгілі. Сарапшылар жаңа президенттің келуімен Дүние­жү­зі­лік сауда ұйымының әлемдік эконо­ми­кадағы рөлі қайта күшейеді деген сенімде.

 

Шетел банктеріне шектеу жоқ

ДСҰ талаптарына сәйкес, 2021 жылдан бастап шетелдік банктер «бір терезе» қағидаты бойынша Қазақ­станда филиалдарын аша алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің банктік реттеу депар­таменті директорының орынбасары Бақытбек Рысымбетовтің айтуынша, шетелдік банктердің филиалдары Қазақстанның банктік реттеу бағытындағы талаптарына бағынуы тиіс.

Экономистер біздің нарыққа әлем­дік қаржы институттарының қиын­дық­сыз қадам басуынан Қазақстан­ның ұтары көп екенін алға тартты.

– Шетелдік банктермен бірге Қазақ­­станға олардың корпоратив­тік этика­сы мен мәдениеті де келеді. Отан­дық банктерге бәсекелес атанып, олар­дың жұмысын ширатады. Соңғы жыл­дары Қазақстанда бірқатар банк жабыл­ды. Олар осы нарықтағы әлсіз ойын­шылар еді. Ірі банктер нарықта мейлін­ше орныға түсті. Бәсекелестік болма­са, монополиялық сипат етек алады. Шетел­дік ойыншылардың келуі мұндай жағ­дайға жол бермейді, – деді Мақсат Халық.

Десе де, шетел банктері Қазақстан нарығына қызығушылық танытпауы да мүмкін ғой. Өйткені бізде халық саны аз. Бұл бір. Екіншіден, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі жоғары.

– Қазір Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 9 пайызға тең. Бұл сырттан келген банктер теңгені қаржылық реттеушіден дәл осындай пайыздық мөлшерлемемен алады деген сөз. Әл­бет­те, олар халыққа несиені 9 пайыз­бен бермесі анық. Өйткені, өздері де табыс табуы керек. Бұл үшін өздерінің пайыздық мөлшерлемесін қосады. Сондықтан шетелдік банктердің пайыздық мөлшерлемесі төмен болады дегенге сену қиын. Банк шетелдікі болғанымен, ереже Қазақстандыкі ғой, – дейді экономист.

Сапарбай Жобаевтың айтуынша, Қазақстанда шетелдік қаржы инс­ти­туттары үшін тиімді жағдайлар жасалған.

– Осыдан біршама жыл бұрын ашылған Алматы өңірлік қаржы орта­лығы инвестициялық әлеуетімізді арт­тыр­ды. Соның нәтижесінде Орта­лық Азия елдеріне салынған 450 млрд доллар көлеміндегі инвести­ция­ның едәуір бөлігі Қазақстанға бағыт­т­алды. Осынау оң тенденцияны «Астана» халықаралық қаржы орта­лығы жалғастырып отыр. Ендеше Қазақ­станның қаржы нарығы әлем елдері үшін әлдеқайда тартымды, – дейді экономист.

Wikipedia-дағы дерекке сүйенсек, қазір Қазақстанда 26 банк жұмыс істейді. Соның 12-сінің жарғылық ка­пи­талында шетел капиталының үлесі бар. Атап айтқанда, біздің нарықта Ре­сей, АҚШ, Қытай, Пәкістан, Бірік­кен Араб Әмірліктері, Түркия, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттердің қаржысымен құрылған банктер жұмыс істеуде. Бірақ оларды шетел банктері деуге келмейді. Өйткені, олар біздің елде жұмыс істеу үшін жеке заңды тұлға ретінде тіркеліп, Ұлттық банктің арнайы лицензиясын алған.

– Шетел банктерді Қазақстанға келуге ынталандыруымыз керек. Мұндай саясат еліміздің экономикалық дамуына үлкен үлес қосады. Бәсекелестіктен бұрын капитал көбейеді және қаржылық қызметтің сапасы жақсарады, – дейді Сапарбай Жобаев.

ТҮЙІН: Қазіргі уақытта ДСҰ-ға мүше 164 мемлекет әлемдік тауар айналымының 98 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Қазақстанның сыртқы саудадағы үлесінің көп бөлігі де Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттерге тиесілі. Десек те, жеңілдікті кезеңді өткерген Қазақстан үшін іргелі ұйымның ықпалы енді анық сезіле бастайды. Оның теріс я оң ықпал екенін уақыттың еншісіне қалдырдық. Бір анығы елдің экономикасы үшін, отандық компаниялар үшін нағыз бәсекеге түсер сындарлы сәт енді туғандай.