МЕЛЬБУРН. Covid-19-ға қарсы вакциналар қолданысқа енгізіле бастады. Енді, саясаткерлер оны тез және әділетті түрде қалай бөлу керек деген мәселеге «бас қатырып» отыр. Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері бірінші кезекте вакцина алуы керек. Бұған бәрі келіседі. Себебі олар вирустың кесірінен науқастанғандардың өмірін сақтап қалуы үшін күресуге тиіс. Бірақ одан кейін кімге вакцина егу керек деген мәселе төңірегіндегі пікірталас қызып тұр.
Деректерге сүйенсек, 65 жастан асқандардың коронавирус инфекциясынан қайтыс болу ықтималдылығы жастарға қарағанда жоғары. Ал 75 жастан асқандарға мүлдем қауіпті.
Келесі деректер былай дейді. АҚШ-та және басқа да бірқатар мемлекетте мүмкіндігі шектеулі түрлі нәсіл мен этнос өкілдерінің орташа өмір сүру ұзақтығы әлдеқайда төмен. Сондықтан олардың арасында 65 жастан асқандар саны аз. Егер вакцина егуде біз қария кісілерге басымдық берсек, жоғарыда айтылған азшылықтың жалпы халықпен салыстырғандағы прапорциясы аз болмақ. Осындай аз ұлт өкілдерінің кезігіп жүрген қиындықтарының бәрін ескерсек, мұндай нәрсе әділетсіздік секілді.
Осындай әділетсіздікке жол бермеу мақсатында АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) қоғамдық денсаулық сақтау қызметкері Кэтлин Долинг басқаша әрекет етуді ұсынып отыр. CDC-ның Иммундық тәжірибе жөніндегі консультативтік комитетіне жасаған презентациясында Долинг мынандай бастама көтерді. Оның айтуынша, «негізгі жұмысшылар» – шамамен 87 миллионға жуық адам 65 жастан асқан 53 миллион америкалықтан бұрын екпе алуға тиіс. Тіпті, мұндай қадам өлім-жітім көрсеткішін 0,5 пайыздан 6,5 пайызға дейінгі аралықта қалдыратынына қарамастан, ол осыны айтып отыр (Мұндай болжам жасауымыз вакцинаның қаншалықты коронавирустан қорғайтынын, екпе қабылдаған адамның науқастанбайтынын немесе SARS-CoV-2 вирусын тасымалдамайтынын әлі күнге толыққанды білмеуімізге байланысты).
Егде жастағы америкалықтарды вакцинаны көбірек күтуге мәжбүрлеу саясаты мынаған байланысты. Ақ нәсілді америкалықтар нәсілдік тұрғыда басқаларға қарағанда көбірек. Сондықтан нәсілдік және этностық азшылыққа басымдық беретін әділетсіздікке жол бермеу үшін олар өз өмірін құрбан етуге бар. Бірақ мәселе мұнымен бітпейді. Коронавирустан қайтыс болған 65 жастан асқан адамдар арасында мұндай нәсілдік және этностық азшылықтың саны көп емес. Мэттью Иглесиас пен Ясча Моунк сияқты бірнеше сарапшының айтуынша, «негізгі қызметкерлерге» басымдық беру әділетті емдеуді қажет ететін азшылық қауымдастықтардың өлім-жітіміне әкеледі.
CDC консультативтік комитеті барлық «негізгі қызметкерлерге» басымдық беру туралы ұсынысты қабылдамады. Оның орнына бірінші болып вакцина қабылдайтындар тізімін 30 миллионға дейін азайтып, оны «төтенше жағдайдың алдын алу, мұғалімдер және азық-түлік дүкендерінің қызметкерлері» сияқты «алдыңғы қатарлы маңызды жұмысшылар» деп бекітті. Сонымен қатар 75 жастан асқан адамдарға бірдей басымдық ұсынды.
Бұл ұсыныс ең қауіпті топтарға басымдық беруді де, барлық негізгі қызметкерлерге басымдық беруді де қамтиды. Яғни алдыңғы қатарда жүр ме, жоқ па оған қарамайды. Шын мәнінде, «негізгі қызметкерлердің» қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың жұмысқа баруына мүмкіндік беру өте маңызды. 75 жастан асқан адамдарға осындай басымдық беру вирустың салдарынан жалпы қаза табатындар саны төмендейтінін, сондай-ақ аз қамтылған азшылық өкілдерінің де қайтыс болу көрсеткіші азаятынын көрсетеді.
CDC ұсынысы міндетті емес. Сондықтан әр штатта саны аз этнос пен нәсіл өкілдеріне тең дәрежеде қарап, көп адамның өмірін сақтап қалу үшін оны түзетуге мүмкіндік мол. Иллинойс штатының денсаулық сақтау департаментінің директоры Нгози Эзике жақында өткен «Нью-Йорк Таймс» газетінің вакцинаны тарату туралы дөңгелек үстелде мұны қалай жасауға болатынын кеңінен әңгімелеп берді. Ол нәсілдік және этностық азшылықтарды емдеу жөніндегі нұсқаулық ақтарға қолданылатын нұсқаулықтан ерекшеленетін медициналық жағдайлар бар екенін атап өтті.
Мәселен, қуық асты безінің қатерлі ісігі скринингі. Бұл ауру ақ нәсілді ер адамдарға қарағанда афроамерикалықтарда жиі кездесетіндіктен, оларды ертерек тексеруден өткізу ұсынылады. Сондықтан негізгі міндет – скрининг жүргізілуге тиіс тәуекел деңгейінде тұрған барлық адамдарды тексеру.
Егер АҚШ вакциналаудың қазіргі басымдықтарын сақтап қалса, бірақ тәуекел деңгейі бірдей адамдарға теңдей қарау принципі қолданылса, саясаткерлер афроамерикалық, латын және жергілікті америкалық қауымдастықтардың мүшелері 75 жастағы ақ нәсілді немесе азиялық америкалықтармен салыстырғанда қай жаста қауіпті шекке жететінін есептеуі тиіс. Содан кейін нәсіл мен этносты ескере отырып, кімнің қай жаста вакцина алуы керектігін анықтауы керек. Қолымызда мұның қаншалықты өзгеше болатынын көрсететін дерек жоқ. Бірақ вакцинаны екінші толқынмен алатындар тізіміне, мысалы, 72 жастағы афроамерикалық ер адам кіруге құқылы, ал ақ нәсілді 74 жастағы ер адам енбеуі мүмкін.
Кейбіреулер мұны нәсілшілдікке оралу деп, оған қарсылық білдіруі мүмкін. Бірақ олай бола қоймас. Неғұрлым жекеленген дәлелдер табылмаса, нәсіл вирустан зардап шегудің индикаторы ретінде қолданылады. Әртүрлі нәсілдік және этностық топтардың мүшелеріне олардың жалпы қоғамдағы үлестеріне пропорциялы түрде вакцина егу керек деген принцип басшылыққа алынбайды. Бұл этикалық тұрғыдан маңызды емес. Мақсат – көп адамның өмірін сақтап қалу, бұл біздің басты назарымызда болуы қажет.
Питер СИНГЕР,
Принстон Университетінің биоэтика профессоры және коммерциялық емес «Сіз сақтай алатын өмір» ұйымының негізін қалаушы
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org