ЛОНДОН. Коронавирус пандемиясы қарызға белшесінен батқан кедей мемлекеттерді дилеммаға толы қиындыққа әкелді. Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, Эфиопияның премьер-министрі Абий Ахмед өкінішпен айтқандай, кедей елдердің басшыларына екі мәселенің бірін таңдауға тура келді. «Не қарызды уақтылы қайтаруы тиіс, не қаражатты адам өмірі мен олардың тіршілігіне қажетті мұқтаждыққа жұмсауы керек». Кейінгісін таңдағанда Африка елдері өзінің ең үлкен қарыз берушісі – Қытайдың алдында жауап беруі қажет.
Ахмедтің айтуынша, борышты қайтаруға мораторий жариялау Эфопияның коронавируспен күресуіне мол мүмкіндік берді. Мұндай қадам әлемнің ең кедей елдерінің бірі – Эфиопияны сақтап қала алады. Осы мемлекеттің сыртқы қарызы 2020 жылғы сәуірден жыл аяғына дейін 1,7 миллиард долларға жетсе, 2022 жылға қарай 3,5 миллиардқа жетпек. Оның сөзіне сүйенсек, коронавируспен тиімді күресу құны шамамен 3 миллиард долларды құрайды.
Қарызға мораторий жариялау Анголаны да сақтап қалды. Бүгінге дейін Covid-19 дағдарысынан туындаған шикізат бағасының құлдырауына байланысты Чад, Конго Республикасы, Мавритания, Судан, Ангола қатты қаржылық қысымға ұшырады. Бірақ қыркүйекте Ангола өзінің үш ірі несие берушісімен, олардың ішінде Қытай Даму банкімен (CDB (China Development Bank) – Ангола 14,5 миллиард доллар қарыз) және Қытайдың Экспорттық-импорттық банкімен (EximBank, 5 миллиард доллар қарыз) келісімге келді. Соған сәйкес, 6,2 миллиард доллар қарызын алдағы үш жылда өтейді.
Сол сияқты, қазан айында Замбия доллармен көрсетілген облигация бойынша 42,5 миллион доллар сыйақыны төлей алған жоқ. Осылайша сыртқы қарызы 12 миллиард долларға жетіп, дефолттың алдында тұрды. Бұл ішкі жалпы өнімнің шамамен жартысына тең. Бірақ жоғарыда аталған қытайлық несие берушілер мәмілеге келді. CDB пайыздар мен негізгі қарыздарды төлеуді алты айға, 2021 жылдың сәуіріне дейін шегерді. Ал EximBank өзінің 110 миллион долларлық тәуелсіз несие портфеліндегі барлық төлемдерін тоқтатты.
EximBank-пен келісім G20-ның Қарыз қызметін тоқтата тұру бастамасы (DSSI) шеңберінде жасалды. Соған сәйкес, әлемдегі 73 кедей ел екіжақты қарызды өтеуді уақытша тоқтата тұрмақ. Бүгінге дейін 46 мемлекет, соның ішінде Ангола мен Замбия секілді Африкадағы 31 мемлекет DSSI-ға өтініш жасады.
Кейінгі шегерілген төлемдердің шамамен 70 пайызы, яғни 8 миллиард доллары Қытайға тиесілі. Бұл Африканың ресми қарызының 62 пайызын құрайды. Бұл таңқаларлық жағдай емес. 2008 жылғы дүниежүзілік қаржы дағдарысынан бастап Қытай дамушы елдерге тікелей несие беруді тұрақты түрде көбейтіп келді. Мұндай несиені ең көп қарызға алған 50 мемлекеттің Қытайға қарызы 2005 жылы орташа есеппен ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына жетпесе, 2017 жылы 15 пайыздан асып кетті. Мұның қаупі жоғары. Қытайлық несие берушілер көпжақты даму банктеріне қарағанда қарыз алудың ауыр шарттарын – жоғары пайыздық мөлшерлеме, қысқа мерзім белгілейді. 2020 жылғы сәуірде Танзания президенті Джон Магуфули бұрынғы басшының ұсынысымен қолға алынған 10 миллиард долларлық жобаны тоқтатамын деп мәлімдеді. Өйткені Қытайдың мұндай қаржыландыру шарттарын «тек маскүнем» ғана қабылдайды деді ол.
Оның үстіне, Қытайдың екіжақты несиелерінің көп бөлігі саяси банктер мен мемлекет басқаратын коммерциялық банктерге тиесілі. Олар Қытай билігінің бақылауында болуы мүмкін. Мұндай банктер тәуелсіз несие берушілер ретінде емес, заңды түрде тәуелсіз субъектілер ретінде жұмыс істейді. Ендеше, Париж клубына мүше ірі тәуелсіз несие берушілерден айырмашылығы, олар көбінесе даму несиелері үшін кепілдік талап етеді. Дамушы елдерге берілген несиелердің шамамен 60 пайызға жуығына кепіл қойылған. Мемлекет қарызды жою туралы өтініш бергенде, қытайлық несие берушілер кепілге салынған активтерді иелену құқығын талап ете алады.
Сонымен қатар қытайлық банктердің ресмиі де, жекесі де мәртебесі нақты болмағандықтан, тәуелсіз несиелерді екіжақты және жасырын түрде қайта қарауға құмар. Мәселен, Қытайда коммерциялық несие беруші деп саналатын CDB мен Замбия билігі арасындағы келісім осындай. CDВ-ті Дүниежүзілік банктің және G20 елдерінің DSSI-ге ресми екіжақты несие беруші ретінде қатыстыру жөніндегі ұсынысынан бас тартып, Қытай билігі қарызды қайтару және төлемдерді тоқтату «ерікті түрде және нарықтық принциптерге сәйкес» жүзеге асырылуын талап етті.
Әрине, мұндай жағдайға Қытай ғана кінәлі емес. Бұл көптеген несие берушілердің тиісті қаржыландыруды қамтамасыз етпеуіне, әсіресе инфрақұрылымдық инвестицияға назар аудармауына байланысты. Нәтижесінде, көптеген кедей мемлекет қытайлық несие берушілерді құшақ жая қарсы алды.
Африка елдері көбейіп келе жатқан халыққа қажетті инфрақұрылымды салуға мүмкіндігі жоқ. Оның үстіне, олардың халықаралық капитал нарықтары мен банктерге қолы жетпейді. Тәуелсіз несие берушілер де жеңілдік танытпады. Мысалы, 2017 жылы Париж клубының Сахара маңы елдеріне берген мемлекеттік және қоғамдық кепілдендірілген қарызы тек 5 пайызды құрады.
Қытайлық несие берушілер, керісінше, басқару реформалары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар тұрғысынан көп нәрсе талап етпейді. Осылайша, кедей Африка елдеріне несиені оңай береді. Нәтижесінде, несие берудің қатаң шарттарына байланысты, жұмыс істеуі қымбат және ешқашан лайықты табыс әкелмейтін жобалар басталды.
Covid-19 дағдарысы кезіндегі қарыз мораторийі кедей елдерге уақытша мұрсат беріп, пандемиямен күреске қаражат бөлуге жағдай жасады. Бірақ бұл қадам аталған елдердің қарыз проблемаларын шеше алмайды. Керісінше, мораторийдің аяқталуы Халықаралық валюта қоры мен басқа да көпжақты институттардың араласуын талап ететін ілеспе дефолт толқынын тудыруы мүмкін.
Осы қарыз мәселесін тұрақты түрде шешу үшін жаңа халықаралық құрылым қажет. АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Джо Байден Қытайдың тиімсіз несиелендіруіне қарсы әрекет етуге тиіс. Тіпті Қытайды әділетсіз сауда келісімдері үшін жауапкершілікке тарту – АҚШ-тағы негізгі екі партияның ортақ келісімге келе отырып жүзеге асыратын мәселелерінің бірі.
Паола СУБАЧКИ,
Queen Mary университеті Жаһандық саясат институтының халықаралық экономика профессоры
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org