Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында балаларды қорғау, астық нарығы, халықаралық шарттар, мектеп, мемлекеттік сатып алуға қатысты құжаттар қаралды.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында балаларды қорғау, астық нарығы, халықаралық шарттар, мектеп, мемлекеттік сатып алуға қатысты құжаттар қаралды.
Күн тәртібінде қызу талқыға түскен «Балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Мәжіліс депутаты Алдан Смайылдың жетекшілігімен жұмыс тобында әзірленген заң жобасында балалардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, әртүрлі жас топтарындағы балаларға арналған ақпараттық өнімнің (баспа, аудио-бейне өнімдердің, БАҚ және тағы басқалар) мазмұнына қойылатын арнайы талаптарды бекіту көзделеді. Ақпараттық өнімнің «6–», «6+», «12+», «16+» және «18+» секілді жас санаты белгісі беріліп, әрбір жас санаты бойынша соларға тән критерийлер айқындалады. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне ақпараттық өнімді дайындауға және таратуға тартқаны, кино және бейнетуындыларды көпшілікке көрсету қағидаларын бұзғаны, бұқаралық ақпарат құралдарында балалардың денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін материалдарды жариялауға рұқсат бергені үшін жауаптылық көзделген.
Орталық және жергілікті атқарушы органдарды балалардың денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі құзыретпен қамтамасыз ету жайы да назардан тыс қалмапты. Сондай-ақ, балалардың денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін, олардың өміріне ықтимал қауіп төндіретін ақпараттық өнімді насихаттау үшін жарнаманы пайдалануға, кәмелетке толмағандар пайдаланатын білім беру және тәрбиелеу, оқу-әдістемелік пәндер мен керек-жарақтарында, оқулықтарда, дәптерлер мен күнделіктерде жарнама орналастыруға тыйым салуды белгілеу қарастырылады.
А.Смайылдың сөзіне қарағанда, балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау жөніндегі заңдық актілер алғаш рет Ұлыбритания мен АҚШ-та қабылданыпты. Мәселен, Англияда 1990 жылы бейнежазу туралы арнайы заң қабылданып, балаларды эротикалық және өзге де жағымсыз ақпараттардан қорғау қолға алынған.
Ал АҚШ-та 1998 жылы кәмелетке толмағандардың жеке өмірін қорғау заңдық актісі қабылданып, алғаш рет балалар веб-сайтын класификациялау нормасы енгізіліпті. Яғни, бұл балаларға көруге болмайтын ақпараттық ресурстарға кіруге жол бермейді. Сөз орайы келгенде айта кетер жайт, Жапония 2009 жылы ақпараттық өнімдерді таңбалау заңын қабылдаған.
Заң жобасы туралы өз ойын ортаға салған Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин мүдделі министрліктер мен құрылымдар тарапынан кешенді іс-қимылдың қажет екенін де ерекше атады. Спикер бұл ретте ашықтық пен қолжетімділік баланың дамуы мен денсаулығына зиян келтіретін ақпараттардың шығуына жол бермеуі тиіс. Біздің барлығымыз да ақпараттың ашықтығын, жариялылығын, қолжетімділігін қолдаймыз. Алайда, біз осылардың көлеңкесінде басқа Батыс мемлекеттерінде заңмен қатаң қадағаланатын, пайдасыз жаққа жол ашып алмауымыз керектігін түсінуіміз қажет, деді Н.Нығматулин. Сондай-ақ, депутаттар Ә.Тойбаев, Н.Сабильянов, А.Пепенин, Т.Ибраев және өзгелері балаларды қатыгездікке, зорлық-зомбылыққа және өзге де жағымсыз әрекеттерге итермелейтін ақпараттарға қарсы заң жобасы туралы оң көзқарастарын білдіре отырып, бірқатар сауалдар қойып тиісті ақпараттар алды. Осылайша, талқылаудан өткен «Балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда қолдау тапты.
Бұдан басқа кешегі отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астық нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл құжат электрондық астық қолхаттары жүйесін және астық қабылдау кәсіпорнын немесе мақта өңдеу ұйымдарын уақытша басқаруды жетілдіруге бағытталған. Мысалы, астық қабылдау кәсiпорнының техникалық сыйымдылығы көлемі шегінде астық қолхаттарын және оның бөліктерін беруді жүзеге асыру ұсынылған. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің мәлімдеуінше, енгізілген өзгерістер министрлікке астық туралы толық ақпараттар алуына мүмкіндік береді.
Жалпы отырыста, сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Мәжіліс депутаттары М.Әшімбаев, З.Балиева және Қ.Сұлтанов бастамашы болған заң жобасында шет мемлекеттермен екіжақты халықаралық шарттарды Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде және тараптардың келісуі бойынша өзге де тілдерде жасасу көзделетін өзгерістер бар.
Қырғызстанда мектеп салу туралы Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық келісіміне түзетулер енгізуге байланысты хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы да депутаттардың қолдауына ие болды. Келісімге сәйкес қырғыз тарабы екі нысанды тұрғызу үшін Бішкек пен Ош қалаларынан жер телімдерін берсе, ол жерлерге «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы қаржысына екі мектеп салынады. Ал мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң жобасы бірқатар өзгертулерімен екінші оқылымда мақұлданды. Президенттің мемлекеттік сатып алу жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген заң жобасы мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғалардан тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде олардың жасырын монополиясын болғызбауды, тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге бағалардың бірыңғай ақпараттық жүйесін құруды, сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының жұмыс істеуін қарастырады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».