19 Желтоқсан, 2013

Бастайды да тастайды, кен қазудан аспайды

300 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде өңір мекемелері мен ұйымдарының басшылары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізуді жиілетіп жүр. Бұл кездесулерде әдеттегідей жетістіктер жайлы баса айтылып, әңгіме содан аспай жатуы баяғы қалпы. Ондайда қанша айтқанмен, кәсіптік тұрғыдағы пайым-түсінігіміз, ой-топшылауымыз бар, болған жерлерде естіп-көруіміз бар, біраз кемшіліктер жайын да білуге оқталмай қала алмайсың. Амал не, мәселе мәнісі мәймөңкеленіп белгісіз күйде қалады. Тағы тақақтай түссең, ресми түрде хат жазылу керектігі ескертіліп сытылу жағы және қолма-қол. Хат жолданған күннің өзінде жауаптың ұзақ жолдан, онымен қоса күзеліп-түзеліп өтетінін білетіндіктен, құлқың қалай соқсың бұған. Сондықтан академик Әлкей Марғұлан бір ғалым өзінің докторлық еңбегін қорғап жатқанда екі-үш рет шығып сөйлегенде «Әлеке, бүгін көп сөйлеп кеттіңіз ғой» деген біреуге «Кісі не нәрсе туралы бірдеңе білген соң сөйлейді ғой, білмесе несін сөйлесін» дегендей білетіндеріміз кейбіріне айналып соқпасқа болмай отырғаны рас.

«Ертеңі көбейген істе береке болмайды» дейді халық. Бұл сөз ойға неге оралып отыр десеңіз, мәселен, аймақта бұдан екі-үш жыл бұрын дүбірлетіліп, ірі жобалардың қатарына жатқызылған Жезқазған қаласының іргесіндегі Кеңгір кентінде пайда болуға тиісті құс етін өндіретін фабрика туралы бүгінде ешқандай хабар-ошар естілмеуге айналды. Әлі салынып жатыр ма, әлде құрылысы мүлдем тоқырады ма беймәлім болып қалған-ды. Жалпы құны 2 млрд. 866 миллион теңгеге жобаланып, жылына 9,4 мың тонна жеңіл етті тұтынушыларға жөнелтпек жаңа кәсіпорын іске кірісуінің межеленген мерзімі де өткендей еді. Мәссаған, демегенде не дерсіз, енді ғана білініп отырғандай мұндағы жұмыстар әлі күнге дейін қолға алынбапты. Мыс өндіру көлемі төмендеп, жұмысшылар қысқартылған қала өміріне жаңа тыныс береді деген кәсіпорынның ашылуын күткен жергілікті тұрғындардың үміті қашан орындаларын ешкім тап басып айта алмайтын күйге күрмеліпті қазір.

Сол секілді осыдан біраз уақыт бұрын ғана Жаңаарқа ауданында да құс еті мен жұмыртқа өндіретін тағы бір фабрика салу белгіленген болатын. Белгіленуі не керек, Кеңгірдегі сияқты мұның да аты бүгінде ауызға алынудан қалып барады. Сөйтсек, құрылысы кейінге шегерілген екен. Неге бұлай? Аяқ астынан өзгертіле салынуы қалай? Мұның себептерін жасырмай айту орнына, жақ ашпай қалуымызда қандай гәптар бар?

Жаңаарқа демекші, осы жақта, дәлірек айтқанда Ералиев ауылдық округі аумағында ашық әдіспен көмірді қотарып, артып жан-жаққа жөнелтуші «Жалын» кенішінің жұмысы да тоқырауға айналуға шақ тұр. Себебін білсек, отынға сұраныс азайған деседі. Екіншіден, өндірілген өнімді сақтайтын қойма салынбаған. Ашық далада үйілген тау-тау көмір тозаңы бұрын малға жайлы жайылымға бұрқырап-шөгіп , айналасындағы табиғаттың көркін кетірген. Осылай боларын білген жергілікті жұрттың қарсылығына қарамастан, ашылған кеніш ақыры Арқаның ең бір шүйгін жерін шаруаға жарамсыз етіп тастады.

Жасыратыны жоқ, қанша ойлан­­саң да кейде осындай жөн-жо­сықсыз істердің қалайша жолы бола кетерін, «бүк түссе де менікілігін, шік түссе де мені­кілігін» түсінбейсің. Таяқ тастам жерде бір өзі жылына 8 миллион тонна көмір өндіруге қолы жеткен «Шұбаркөл» кеніші тұрғанда, екіншісін ашудың не қажеттігі болғанын, түсініп көріңіз.

Кең төскейі мыңғырған малға толы Түгіскен өңірін қазір тани алмайсыз. Күннен-күнге жүдеген кейпіне ішіңіз ашиды. «Жаңаарқа жылқысының қымызы мен еті-ай» деп тамсану бұдан былай түске айналатындай сыңайлы. Бірінен соң бірі ашылып жатқан қаптаған кеніш түліктер өрісін тарылтып барады. Кенді бетінен ғана алып, шала-шарпы пайдаланғаннан соң, тайып беретін әдет пайда болған. Осындай жағдайларға байла­нысты тілші қосынына реніштерін жеткізушілер көбейіп тұр. Олардың мәлімдеуінше облыстағы «Сарыарқа» ӘКК ҰК» АҚ қолпаш­­тауымен кен көздерін тала­са-тармасып пайдасына жарату­шылардың қаперіне жер тағдыры, жұрт келешегі кіріп шығар емес. Ой мен қырда кен қопарған техника, кен тасыған көлік күндіз-түні жосып жүр. Ал мал өрісі тарылып, жер бүліну үстінде. Осындайда қалайша еске түсірмессіз, кезінде Түгіскен ауы­лында қымыз, ет қал­бырлау цехы, мал бордақылау орны, басқа да шағын өндірістер құрылмақтығы жөнінде жар салынып айтылған еді. Алайда, аудан орталықтарында, ірі елді мекендерде жүн-тері өткізетін орын­дар салу ісі қағаз бетінде ғана қалды. Облыста өткен 10 айда қойдан алынған жүн шаруашылық­тың барлық санаттары бойынша 1943,7 тоннаны құрапты. Алынған ірі тері 161 мың 190 дана. Осы күнге шейін осынша зат­ты өңдеп, кәдеге жарататын орын құрылып көрмепті. Ауылға қа­жетті осындай істерге қолдау көрсету орнына табиғат байлығын талан-таражға салып, ел ішінің берекесін кетірген әрекеттер бел алып бара жатқандай.

Айқын НЕСІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

ҚАРАҒАНДЫ.

Соңғы жаңалықтар