Кеше Астанада Ресей Ғылым академиясы Экономикалық стратегиялар институтының халықаралық сарапшылар тобының «К новым высотам» – жаңа биіктерге» атты ұжымдық монографиясының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге қатысқан халықаралық сарапшылар тобының өкілдері – Александр Агеев (Ресей) пен Робин Мэтьюз (Ұлыбритания) монографияны жарыққа шығаруға негіз болған қағидаттар жөнінде айтып берді.
Кеше Астанада Ресей Ғылым академиясы Экономикалық стратегиялар институтының халықаралық сарапшылар тобының «К новым высотам» – жаңа биіктерге» атты ұжымдық монографиясының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге қатысқан халықаралық сарапшылар тобының өкілдері – Александр Агеев (Ресей) пен Робин Мэтьюз (Ұлыбритания) монографияны жарыққа шығаруға негіз болған қағидаттар жөнінде айтып берді.

Құрамында Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Швейцария және басқа да елдердің өкілдері бар халықаралық сарапшылар тобы жыл сайын Ресей Ғылым академиясы Экономикалық стратегиялар институтының аясында әлемнің 100 мемлекетінің арасында Интегралды қуат жөнінде рейтинг жасайды. Бұл рейтинг орыс, ағылшын және қытай тілдерінде жарық көреді.
Жиында сөз алған профессор Александр Агеевтің айтуынша, негізінен әлемдік рейтингтердің басым көпшілігі белгілі бір экономикалық көрсеткіштер қағидаларына арқа сүйейді екен. Ал Интегралды қуат жөніндегі жаһандық рейтинг алдыңғы қатарлы математикалық модельдерге сүйене отырып, экономикалық көрсеткіштерден басқа ішкі саяси тұрақтылық, сыртқы саясат, ұлттық қауіпсіздік, мемлекет басшыларының абырой-беделі мен ықпалы, олардың халықаралық қатынастар саласындағы бастамалары сияқты көптеген факторды ескеру негізінде жасалатын көрінеді. А.Агеевтің атап өтуінше, 2013 жылға арналған зерттеулер бойынша Қазақстан Интегралды қуат жөніндегі жаһандық рейтингте 34-ші орынға тұрақтапты. «Қазақстан экономикалық даму саласында айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, тұрақты, егеменді мемлекет ретінде аяғынан нық тұрды. Стратегиялық жоспарлау – мемлекеттің біртіндеп, сатылы түрде және табысты дамуының ең маңызды алғышарттарының бірі. Бүгінде Қазақстанда әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу мақсат етілген «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді стратегиясы қабылданып, жүзеге асырылуда. Біздің зерттеулеріміз бойынша, Қазақстан 2015 жылға қарай Интегралды қуат жөніндегі жаһандық рейтингте бірден 10 сатыға көтеріліп, 24 орынды иеленеді», деді өз сөзінде А.Агеев.
Ал профессор Р.Мэтьюздің пікірінше, Қазақстан бүгінде жоғары экономикалық табыстарға қол жеткізіп, медицина, ғылым мен білім беру салаларында халықаралық деңгейге жеткен. «Әлеуметтік саясат нәтижелі жүргізілуде, сонымен қатар, халықаралық бітімгершілік жобаларының тұтас легі жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары Қазақстан түрлі әлемдік рейтингтердің басты көрсеткіштері бойынша қарқынмен алға жылжуда. Осы жетістіктердің барлығы Қазақстанның зор әлеуетін көрсетеді. Бұрын «Қазақстан-2030» Стратегиясы қабылданып, ол мерзімінен бұрын жүзеге асырылды. Зерттеулердің қорытындысына жүгінсек, әлемнің ең белді 30 мемлекетінің қатарына қосылып, «Қазақстан-2050» Стратегиясын да мерзімінен бұрын орындауға Қазақстанның толық мүмкіндігі бар. Біздің болжамдарымыз бен бағалауларымыз бойынша, қазіргі қарқынынан айырылмаса, бұл межеге 2025 жылы да жетуі мүмкін», деді Р.Мэтьюз.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
-------------------------------
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.