Қостанай облысы – еліміздегі қасиетті өңірлердің бірі. Қазақстанның, қазақ халқының тарихы Қостанай өңірінсіз кемшін түсер еді. Ел қорғаған Шақшақ Жәнібек тархан, ғылым мен білім жарығын шашқан Шоқан, Ыбырай, Алаш ардақтылары Ахмет, Міржақып, Амангелді, Кейкі батыр, Мәриям апа бастаған ақындар легі, қазақ театр өнерінің пайғамбарлары Серке, Елубай, Қапан секілді халқымызға осынау құнарлы топырақ берген бірегейлердің есімін жалғастырып тізе беруге болады. Бай тарихы бар өңірдің бүгінгі тірлігі бірлігімен мазмұнданып, уақытпен бірге тыныстайды.

УАҚЫТПЕН ҮНДЕСКЕН АЙМАҚ
Нұралы СӘДУАҚАСОВ,
Қостанай облысының әкімі.
Қостанай облысы – еліміздегі қасиетті өңірлердің бірі. Қазақстанның, қазақ халқының тарихы Қостанай өңірінсіз кемшін түсер еді. Ел қорғаған Шақшақ Жәнібек тархан, ғылым мен білім жарығын шашқан Шоқан, Ыбырай, Алаш ардақтылары Ахмет, Міржақып, Амангелді, Кейкі батыр, Мәриям апа бастаған ақындар легі, қазақ театр өнерінің пайғамбарлары Серке, Елубай, Қапан секілді халқымызға осынау құнарлы топырақ берген бірегейлердің есімін жалғастырып тізе беруге болады. Бай тарихы бар өңірдің бүгінгі тірлігі бірлігімен мазмұнданып, уақытпен бірге тыныстайды.
Торғай-Тобыл бойындағы ел астығын жинап, малын бағып, кенін қазып, еліміздің дамуына хал-қадерінше үлес қосып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған міндеттері мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың арқасында облыстың макроэкономикалық көрсеткіштері көңілдегідей деңгейге көтеріліп келеді. Соның ішінде өнеркәсіп өнімі көлемінің индексі 100,1 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 266 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 144 пайызды құрады. Негізгі капиталдағы инвестиция 8 пайызға артып, 177 миллиард теңге болды. Өңірде қолға алынған он бір инвестициялық жобаның барлығы да бүгінде пайдалануға беріліп, облысымыздың табысын тасытқан кәсіпорындарға айналды. Облыс бюджетінің 99,6 пайызы игерілді. Әлеуметтік салада алдымен ауызға ілінетін баспана мәселесі болса, өңірде жалпы ауданы 212 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдарға қарағанда 4 пайызға көп.
Қостанай облысының экономикасы көпсалалығымен ерекшеленеді. 2007 жылға дейін жалпы өңірлік өнімнің құрылымында ауыл шаруашылығы басымдық танытатын, ол барлық жалпы өнімнің 24 пайызын құрайтын. Ал соңғы бес жылда өнеркәсіптің үлесі басым болып отырғаны анық байқалады. Ол бүгінде шамамен 25 пайызды құрайды. Әрине, біз мұны қанағат тұтып отырғанымыз жоқ. Еліміздегі облыстардың үздік жетілігіне кіру үшін ілкімді жұмыстар күтіп тұр. Бұл межеден алдағы 3-4 жылда көрініп қаламыз деген сеніміміз де бар.
Әдетте, ауыл шаруашылығы өндірісі табиғи-климаттық жағдайға, кен өндіру өнеркәсібі әлемдік нарық жағдайына тәуелді болып тұрғанда, бұл біздің облыс экономикасына да әсерін тигізеді. Сондықтан ауыл шаруашылығын әртараптандыру, баламалы өндірістерді дамыту, оның ішінде шикізат секторының ықпалын азайтып, жоғары баға қосылатын өнімдер өндіретін өнеркәсіп кәсіпорындарын дамытуды негізгі міндеттердің бірі санаймыз. Дегенмен, Қостанай қашаннан ауыл шаруашылығымен даңқы шыққан өңір. Қазір жалпы өңірлік өнімнің 21 пайызын экономиканың осы саласы береді, сонымен қатар, бұл еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 14 пайызын құрайды. Қостанай облысы республикадағы барлық өндірілген астық пен ұнның 25 пайызын, еттің 10 пайызын, сүттің 7, жұмыртқаның 12 пайызын береді. Қазақстан бойынша ұн өндіруден әзір Қостанайдың алдына еш облыс түскен жоқ, біз бірінші орында келеміз.
Биыл көктемде қостанайлық диқандар 5,2 миллион гектарға егін ексе, соның 4,4 милион гектары тек дәнді дақылдарға тиесілі болды. Жаз-күз айларында жаңбырдың көп жаууына байланысты астық жинау науқанында қиындықтар болмай қалмады. Соған қарамастан облыс диқандары орташа гектар айналымын 11,4 центнерге жеткізіп, қамбаға 5 миллион тонна астық құйып алды. Бұл республикада жиналған барлық астықтың төрттен бірі деген сөз. Елбасының тапсырмасына сәйкес, біздің облыста егін шаруашылығын әртараптандыру соңғы үш жылда белсенді жүргізіліп келеді. Биыл майлы дақылдар алқабын 36 мың гектарға тағы да кеңейттік. Бұл май сығатын кәсіпорындарды шикізатпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік берді және осының арқасында облысқа келетін өсімдік майының импорты 11 пайызға қысқарды.
Жемдік дақылдардың көлемін 2016 жылға дейін 675 мың гектарға дейін жеткізетін боламыз. Бұл облыста мал шаруашылығын дамытуға тікелей байланысты. Осы салада шағын, орта, ірі тауарлы сүт және ет өндіретін фермаларды құруымыз олардағы мал басын екі есе көбейтуге мүмкіндік берді. Егер 2010 жылы облыстағы 398 ауыл шаруашылығы кәсіпорнында 85 мың бас ірі қара болса, қазір шаруашылықтың саны 838 болды, ал ондағы мал саны 155 мың басқа жетті. Бұл барлық мал санының 39 пайызы.
Өңірде 10 сүт өндіру заманауи кешенін, 17 бордақылау алаңын құрдық. Оның сыртында 15 шаруашылық асыл тұқымды мал өсіреді. 5 құс фабрикасында жаңғырту жұмыстарын жүргіздік. Осы шаруашылықтардың барлығында жұмыс озық инновациялық технологиямен жүргізіледі, әрине, ондағы малдың да өнімділігі жоғары. Мысалы, жеке сектордағы бір сиыр жылына 2500 килограмм сүт берсе, ал мамандандырылған шаруашылықтардағы сиырлардың көрсеткіші 5 мың килограмнан 6400 килограмға дейін жетеді. Жалпы алғанда, Елбасының азық-түлік молшылығын жасау жөніндегі тапсырмасына сәйкес қойылған міндеттерді шешу жолында облыс ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттің қолдауын да сезініп отыр. Соңғы үш жылда аграрлық сектордың маңызды салаларына бөлінетін субсидияның көлемі 3,3 есе өсті. 2003 жылдан бері осы саланы дамытуға 334 миллиард теңге жұмсалса, соның 149 миллиард теңгесі, яғни 45 пайызы қайтарымсыз қаржы болатын.
Қостанай облысы кен өндірісімен де даңқы шыққан өңір. Кен өндіру бүгін де облыс экономикасының жетекші саласы болып отыр. Өнеркәсіп өндірісінде оның үлесі 52 пайызға тең. Қостанай облысында еліміздегі барлық темір кенінің 90 пайызы өндіріледі. Ал темір жентектері мен бокситтің және асбестің 100 пайызын Отанға біз береміз. Бұл саладағы негізгі ірі кәсіпорындар «Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі», «Қостанай минералдары» акционерлік қоғамдары, «Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы, Краснооктябрь және Торғай боксит кен өндіру басқармалары осы байлықты шалқытып отыр.
Соңғы жылдары өңір экономикасының дамуына машина жасау өндірісі айтарлықтай ықпал ете бастады. Мемлекеттің қолдауының арқасында «АгромашХолдинг» және «СарыАркаАвтоПром» кәсіпорындары дүниежүзіне белгілі «Ssang Yong», «Пежо», Chance, «Ивеко» маркалы автомобильдерді құрастыру өндірісін бастады. Осы жылы 6700 автомобиль сапқа қойылды, бұл өткен жылғыдан 2,5 есе көп көрсеткіш. Елімізде шағын автобустар тек Қостанайдан ғана шығады, биыл 581 қолайлы көлік тұтынушыларға жол тартты.
Машина жасау ісінде қазақстандық үлесті көбейту – алдағы уақыттағы жұмыстардың негізгі мазмұнының бірі. Сол үшін қазір қораптарды дәнекерлеу мен бояу жұмыстарын атқаратын ірі цех ашылды. Осы цехта шағын жүйелі әдіспен бірінші отандық «Nomad» автомобилін шығару басталды, ал алдағы көктемде «Тoyota Фортунер» автомобилін де осы цехтан сапқа қоюды бастайтын боламыз. Бұрын кенімен, астығымен белгілі Қостанайды машина жасау орталығының біріне айналдырған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы екені жұртқа аян. Индустрияландыру картасы жүзеге асқан кезеңде облыста 101,2 миллиард теңге тұратын 69 жоба өмірге жолдама алды. Оларда 4,3 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Осы бағдарлама шеңберінде ашылған ұқсату кәсіпорындарында еңбек өнімділігі 1,3 есе артты. Қостанай облысы жүзеге асырған және инвестиция әкелген жобалар жөнінен республика өңірлері арасында екінші орында келеді.
Қостанайда индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде майда сортты прокат өндіретін «ЕвразКаспиансталь» зауыты жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Ол толық қуатында жұмыс істегенде жылына 450 мың тонна металл шығаратын болады. Келесі жылдың өзінде зауыт 230 мың тонна шығарғалы отыр. Алдағы уақыттағы мақсат Индустрияландыру картасына жаңа технологияларды, заманауи құралдарды енгізе отырып, өнімнің жаңа түрлерін шығаруды игеруге мүмкіндік беретін инвестициялық жобаларды жүзеге асыру болмақ. Облыста тек «Бизнестің жол картасы-2020» бойынша үш жылдың ішінде бизнесті дамыту үшін 250 адамға және кәсіпорынға қаржылай көмек көрсетілді.
Облыс экономикасын дамытуда кәсіпорындардың сыртқы экономикалық байланысы және олардың халықаралық саудада ықпалдасуы маңызды орын алады. Өтіп бара жатқан жыл әлемдік бағаның және сыртқы нарыққа шығаратын темір кені, темір жентегі, астық, ұн және асыл металл сияқты отандық өндіріс тауарларына сұраныстың төмендеуімен ерекшеленді. Мысалы, астықты бұрын 25 елге шығарсақ, биыл 13 мемлекетке ғана арттық. Сондықтан жыл бойы сыртқы сауда айналымы былтырғыға қарағанда 20 пайызға төмендегені байқалды. Алайда, оның ішінде экспорттың үлесі импорттан 1,6 есе басым болды. Облыстағы сыртқы сауда айналымының 43 пайызын Кеден одағы елдерімен алыс-берісіміз құрайды. Мұның ішінде негізінен іргелес Ресеймен саудамыз үзілген емес.
Шетелдерде сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті өнімдер өндірудің үздік, жаңа технологияларын меңгеру үшін өндіріс кәсіпорындарына жаңғырту жұмыстары қажет. Ал ол ірі инвестицияларды қажет етеді. Осы орайда, 2013 жылы өңір экономикасына 177 миллиард теңге инвестиция құйылды. Оның 70 пайызы – кәсіпорындардың өз қаражаты. Облыстағы «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы инвестицияның өсуіне көптеген жұмыс жүргізіп отыр. Оның базасында «Инвестиция тарту және инновацияны қолдау орталығы» құрылды. Облыс делегациясы Ресейдің Орынбор, Свердлов облыстарына, Беларусь республикасына барып келді. Сәуір айында Қостанайда «KOSTANAY INVENT – 2013» халықаралық инновациялық форумы өтті. Оған Ресейдің көрші облыстары мен Беларусь республикасының және Қазақстанның он облысынан кәсіпкерлер мен экономистер, ғалымдар қатысты. Экономикалық даму көршілерге ортақ мақсат. Сондықтан осы форумда көптеген жетістіктер көрмеге қойылды, сонымен қатар, өзекті мәселелер де ортаға салынды.
Облыс өңірінің экономикасы дамыса халықтың әлеуметтік жағдайы да жақсара түседі. Соңғы алты жылда облыстың ауылдық жерлерін газдандыру қарқынды жүргізіліп келеді, оған 7,5 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Шалғайда жатқан Қамысты, Денисов аудандарының орталығына газ құбыры тартылды. «Рудный–Качар кенті – Федоров ауылы магистральді газ құбырының құрылысы» жобасы жүзеге асуда. Алайда, ауылдар мен селоларды газдандыруда бұл жұмысты қанағат тұтпаймыз. Себебі, облыс өңіріндегі 618 елді мекеннің тек алпысы ғана көгілдір отынның рахатын көріп отыр. Облыстағы елді мекендерде ауызсудың өткірлігі білінеді. Соңғы алты жылда халықты ауызсумен қамтамасыз ету жүйесін дамытуға 18,5 миллиард теңге бөлінді, тек үстіміздегі жылы «Ақбұлақ» бағдарламасына 5,6 миллиард теңге жұмсалды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз мықты болуы үшін өңірлердің мықты дамуы керектігін айтқан болатын. Қостанай өңірінің байлығы тек астық пен кен емес, маңдайын күн сүйіп, жүзін жел қағып егін еккен, мал өсірген, кен қазған адамдар, бүгінгіні ертеңге жалғар жас ұрпақ. Облыста түрлі ұлттың өкілдері бір атаның балаларындай тату-тәтті өмір сүріп, еңбек етіп отыр. Елбасымыз ылғи айтып келетін достық, бірлік, береке – еліміз дамуының басты кепілі. Қостанайлықтардың мақсат-мұраты да осы – Қазақстанның табысын тасыту, мерейін асыру.

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
● Қостанай облысындағы автомобиль жолдары желісінің ұзындығы 9514 шақырымды құрайды. Бұл республикадағы жолдардың ең ұзыны болып табылады, оның 1408 шақырымы республикалық маңызға ие.
● 2012 жылы басталған «Арқалық–Шұбаркөл» теміржол желісінің ұзындығы 214 шақырым, оның 49,3 шақырымы Қостанай облысы аумағынан өтеді. Қазір бұл учаскеде жұмыс аяқталды.
● Қостанай облысында Рудный, Лисаков, Жітіқара және Арқалық – төрт моноқала бар. Рудныйдың даму мүмкіндігі жоғары, Лисаков пен Жітіқараның дамуы орташа, Арқалықтың даму әлеуеті төмен.
● Шағын несиелерді облыста 303 адам алған, оның ішінде 295 адам ауылдық жерде тұрады.
● Жыл басынан бері орташа айлық жалақы 8,3 пайызға өскен, ол 83000 теңгені құрайды.
● Облыста 2005 жылдан бері 5320 орындық 15 жаңа мектеп салынды. Биыл мемлекеттік жалпы білім беретін мектептерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге барлық қаржы көздерінен 4 миллиард теңге жұмсалған.
● Соңғы төрт жылда балабақшалар мен шағын орталықтардың ашылу есебінен 7400-ден аса бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбиеге тартылған. Облыста әлі 19 000 бүлдіршін балабақша кезегін күтіп отыр.
● Соңғы жылдары облыста заманауи құралдармен жабдықталған 6 ірі медициналық нысан пайдалануға берілді. Оған 17,5 миллиард теңге жұмсалған.
● 2012-2013 оқу жылында облыста 4953 түлек мектеп бітірді. 2013 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуден түлектер жинаған орташа балл – 75,44 болды.
● Облыста қазір 18 тіл үйрету орталықтары жұмыс істейді. Онда мемлекеттік тілді оқып үйренуге 11964 адам тартылған, ағылшын тілін 593 адам үйренуде.
● Облыста 120-дан аса мүгедек студент оқуына төлеу үшін әлеуметтік көмек алады. Осы мақсатқа биыл 16 миллион теңге қаржы жұмсалды.
● 2011-2013 жылдары «Сыбаға» бағдарламасы арқылы облыста 11572 ірі қара малы алынған.
● Жыл ішінде облыс өңірінде жасалған қылмыс саны 12,6 пайызға өскен. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың 53 пайызы ашылған.
● «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы облыс аумағында 46 инвестициялық жобаны іске асыруда. Олардың жалпы құны 300 миллиард теңгені құрайды.
● Облыстағы алтын өндіретін үш компания үстіміздегі жылдың 10 айында «Доре» қорытпасының 3,9 тоннасын өндірген.
● Облыс аудандары мен қалаларында 7 мыңнан астам сауда және 1 мыңнан аса қоғамдық тамақтандыру орындары бар.
● Инфрақұрылымды және коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамту бағыты бойынша 1081 жұмыс орны құрылған. Жұмыспен қамту мекемелерінің жолдамасымен 428 адам жұмысқа орналастырылған.

ЖАСТАР БОЛАШАҚ ІРГЕСІН ӨЗДЕРІ ҚАЛАУЫ ТИІС
Қазір жастарға қатысты өзекті мәселелер көп. Білім алу, тәрбие, мамандық таңдау, жұмысқа орналасу, бос уақытты мағыналы өткізу секілді толып жатқан өзекті мәселелердің шешімін табуына жастардың өздері де атсалысуы тиіс. Ол үшін жастар тарапынан бастау алатын қызықты істер мен бастамаларды қолдап отыру өте маңызды. Осы мақсатта облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовтың бастамашылдығымен облыста жастар орталығы ашылған болатын. Бұл орталық жұмысқа орналастыру, шығармашылық әлеуетті дамыту, білім беру қызметі, халықаралық ынтымақтастыққа үлес қосу істермен шұғылданады.
Орталық құрылғалы бері жастар үшін жұмысқа орналастыру бюросы жұмыс жасай бастады. Онда кәсіпорын, мекеме басшылары мен жұмыс іздеушілердің диалогы ашық онлайн базасы арқылы жүзеге асады. Орталық мектеп оқушылары, колледждер студенттері, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері үшін облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарында кәсіптік бейімдеу экскурсияларын өткізіп тұрады. Жастар Варваринск алтын-мыс кен орнын аралады, «СарыАрқаАвтопром», «АгромашХолдинг» машина жасау кәсіпорындарындағы трактор құрастыру жұмыстарына қатысты. Қостанайдағы ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату кәсіпорнының бірі Қостанай ұн комбинатында болып, озық технологиялық диірмен жұмысымен, жоғары сапалы ұн, макарон өнімдерімен танысуға мүмкіндік алды. Мұның өзі жас буынға мамандық туралы көптеген түсінік берері сөзсіз.
Жастар бастамалары орталығының педагогикалық жасағы Әулиекөл ауданындағы «Достық» лагерінде «Зажги лето» атты жазғы ауысымды ұйымдастырды. Жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін лагерьде шығармашылық десанты өткізілді.
Қостанай облысы республика бойынша бірінші болып Жастар күнін кеңінен мерекеледі. Оған арналған қызықты шаралар Жастар бастамалары орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп келеді. Биылғы жылы ол ерекше нысанда ұйымдастырылды. Жастар желек жолында спорттық жарыстар өтсе, облыс орталығында дәстүрлі емес жастар мәдениетінің шығармашылық фестивалін – хип-хоп батл, брейк-дансты, тағы басқаларын тамашалады. Жастар қалашығы құрылды, онда хэнд-мэйд шығармашылығымен айналысатындар мен фотографтар сайысына қатысушылар да, оны қызықтаушылар да көп болды. Ашық аспан астында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы жәрмеңке ұйымдастырды.
Мұның барлығы да ең бастысы жастардың, студенттердің белсенділігін арттырады. Жастар үшін селқостық – ең жаман әдет. Белсенділік бар жерде жастардың болашаққа деген сенімі де күшті болады.
Тимур ШӨКЕНОВ,
Жастар бастамалары
орталығының директоры.

МАЙЛЫ ДАҚЫЛДЫҢ КЕЛЕШЕГІ ЗОР
Мен сонау 90-жылдардың аяғынан бастап, диқаншылықпен айналысып келемін. Біздің «Қаржау» шаруа қожалығы соңғы жылдарға дейін тек бидай егумен айналысып келді. Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егін шаруашылығын әртараптандыру жөнінде айтты. Өзімнің негізгі мамандығым экономист болғандықтан Нұрсұлтан Әбішұлының бұл тапсырмасының өте өзекті екеніне басымды иген едім. Нарық сұранымын ылғи тамыршыдай тап басып отырғанда ғана кәсіпкердің еңбегі жанарына көзім жетіп келеді.
Мен 2011 жылғы көктемгі дала жұмыстарында шаруашылық қожалығына тиесілі 7,5 мың гектар жердің шетінен шамалап, күнбағыс, зығыр секілді майлы дақылдар ектім. «Қазагрофинанс» акционерлік қоғамына майлы дақылдарды өсіру, өңдеу үшін техника мен құрал-жабдықтар алуға өзімнің жобамды ұсынып, несие қаржы алдым. Майлы дақылдар өсіруге жерінің құнары жақсы Федоров ауданының Копыченка ауылынан май сығатын зауыт салдым. Оған осы саладағы неміс жабдығын алып, орнаттым. Қазір неміс технологиясы бойынша құрамында барлық дәрумендері, адам ағзасына қажетті Омега-3, Омега-6 қышқылдары, табиғи дәмі сақталған «Лавра» майын өндіреміз. Өткен жылы 2 мың гектарға күнбағыс, зығыр еккен едік, биыл оны 3 мың гектарға жеткіздік. Май зауытында жылына 3900 тонна май шығаратын мүмкіндік бар. Біз екі жылға жуық уақытта осы қуаттылықтың жартысын игердік.
Жыл өткен сайын өнімнің бәсекеге қабілетті болу қажеттігі білініп отыр. Оны өзіміз де сезінеміз. Өйткені, ішкі нарықта өсімдік майының бәсекесі қатты болып тұр. Азық-түліктің бұл түрі облысқа Ресейден де көп келеді. Біз өнімнің сапасына аса мән беріп отырмыз. Салқын күйінде сығылған күнбағыс майының бүкіл дәрумендері өзінде қалады. Қазір осыны түсінген тұтынушы өзгелерден сәл қымбаттау бағасына қарамай біздің цехта өндірілген «Лавра» майын алып жатады. «Қаржау» шаруа қожалығының май зауыты шығарған өнімді Астана, Қарағанды, Көкшетау қалаларына, көрші Ресейдің іргелес Челябі қаласына артамыз. Тіпті алыстағы Ауғанстан, Тәжікстан да «Лавра» майының дәмін татты.
Май сығу цехында бүгінде жыл бойы он екі адам үзіліссіз жұмыс істейді. Ауыл адамдарына жұмыс беру де көздеген мақсаттың бірі еді. Оған да көңіл тоқ.
Мұхамеджан АКУЛОВ,
«Қаржау» шаруа
қожалығының жетекшісі.
Федоров ауданы,
Копыченка ауылы.



ӨНДІРІС СИПАТЫН ӨЗГЕРТКЕН САЛА
Қостанай өңірінде өнеркәсіптік өнім өндірумен 600-ге жуық кәсіпорын айналысады. Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі еліміздегі ғана емес, одан сырт жерлердегі ең ірі кен орындарының бірі. Облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына оның ықпалының зор екені де рас. Соңғы жылдары өңірде табысы да, даңқы да мұнан кем соқпайтын өндірістің түрі пайда болды. Бұл еліміз Тәуелсіздігінің тікелей жемісі деп білсек артық емес. Өйткені, сыртқы экономикалық байланыстың дамуы, еліміздегі инвестициялық-инновациялық бағдарламалардың өріс алуы Қостанайда машина жасау ісінің басталуына мүмкіндік берді.
Осыдан 20 жыл бұрын Қостанай облысы Қазақстандағы машина жасау орталықтарының біріне айналады дегенге кім сенер еді? Ол көпшілік үшін ертегідей қиял болып көрінетін. Ал қазір қостанайлық машина жасаушылар құрастырған комбайндар мен тракторларға, тағы басқа да ауыл шаруашылығына қажетті озық үлгідегі техникаларға еліміз диқандары тарапынан сұраныс көп. Биылғы жылдың он айының өзінде машина жасау кәсіпорындары 351 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Қазақстан Республикасында Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бастау алған 2010 жылмен салыстырғанда, бұл саланың өндіріс көлемі 2,3 есеге өсті.
Облыста машина жасау саласының «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамы, «СарыарқаАвтоПром», «Агротехмаш», «Дормаш», «Дон Мар», «Болашак А» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері секілді ірі кәсіпорындары бар. Осы кәсіпорындардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығы техникаларын құрастырады. Ал 2010 жылдан бастап «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамы өндірістік алаңдарында оңтүстіккореялық Ssang Yong автомобильдерінің құрастырылуы басталған еді. Оның бүгінге дейін Ssang Yong Kyron, Ssang Yong Actyon, SsangYong Rexton, Ssang Yong Actyon Sport, Ssang New Actyon сияқты модельдері, сондай-ақ премиум класты жеңіл автомобиль – SsangYong Chairman шығарылды. Үш жылдан бері кәсіпорын осы модельдердегі 3400 Ssang Yong жеңіл жүрдек машинасын сапқа қойды, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 90 пайызға көп.
2012 жылдан бастап «АгромашХолдинг» украиналық әріптестерімен бірлесіп, Chance автомобилін құрастыруда. Жоба толық қуатында жұмыс істегенде жылына осы көліктің 25 мың данасын тұтынушыға ұсынатын болады. Үстіміздегі жылдың он айында «АгромашХолдинг» кәсіпорнының өндіріс алаңында 4354 Ssang Yong, Chance және Peugeot автомобильдері құрастырылды.
Сонымен қатар, кәсіпорынның өндіріс алаңында 2012 жылдан бастап, «СарыАрқаАвтопром» серіктестігімен бірлесіп, УАЗ және IVECO маркалы автомобильдері құрастырылып жатыр. Осы кезге дейін жолаушылар және жүк машиналарының 671 данасы дайын болды. Жақында «Allurgroup» компаниясының құрамына кіретін «СарыАрқаАвтопром» зауыты IVECO-682 ауыр жүк машинасының құрастыру желісінің тұсаукесерін жасады. Осы салтанатты шараға қатысқан Индустрия және жаңа технология министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау мен IVECO компаниясы операциялық директоры Франко Фузиняни жаңа жүк машинасының лентасын қиған болатын. Альберт Рау «Бұрын «Жигули» мінетін едік. Міне, енді жүрдек машинаның түр-түрі өзімізде құрастырылып жатыр. Дүниежүзіне белгілі моделі «IVECO-682» ауыр жүк машинасын құрастыру желісінің ашылған күні біз үшін тарихи күн болады әлі!» деген еді. 20 тоннаны бір-ақ артатын өзі жүрдек, өзі мықты, іші қолайлы машина біздің алысқа жүк тасушылар тарапынан үлкен сұранысқа ие болары сөзсіз.
«СарыарқаАвтоПром» кәсіпорны қолға алған «Қостанай қаласында шанақтардың бояуы мен пісіруін қоса отырып, NOMAD модельді Ssang Yong автомобильдерін CКD әдісімен құрастыру» деп аталатын жобаның құны 14,859 миллиард теңге тұрады. Бұл жоба шеңберінде алғашқы қазақстандық машина шығады, оны өзіміздің нарықта басқа алыс және жақын шетелдерге ұсыну да жоспарда бар. Бұл алғашқы құрастырылған отандық автомобиль Қазақстан үшін бірегей жоба, ол шанақтардың ұсақ түйінді құрастыруын, бояуы мен пісіруін қамтиды. Сондай-ақ, Toyota Fortuner маркалы автомобильдерді құрастыру да 2014 жылы көктемде басталады. Осы жоба толық қуатына енгенде Қостанайдан жылына 3000 Toyota Fortuner тұтынушыларға жол тартатын болады.
Индустрияландыру картасы бағдарламасы бойынша машина жасау саласында 29,8 миллиард теңгенің 8 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде құны 28,7 миллиард теңге болатын 6 жоба толық қуаттылық деңгейіне жетуге жақын. Барлық 8 жоба бойынша 1250 қостанайлық жұмыс орнын машина жасау саласынан табады.
Міне, Қостанай өңірінің өндірістік сипатын машина жасау ісі осылай өзгертті.
Мейрам СӨКІТБАЕВ,
облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп
басқармасының басшысы.



ШАРУАҒА АРНАЛҒАН «СЫБАҒА»
Ауылда тұрған соң мал ұстамай болмайды. Құрық ұстаған аталарымыздың қазанынан майы, босағасынан берекесі кетпеген. Мен бұрын ауыл тұрғындарына арналған 400 мың теңге шағын несиеден алып жүрдім. Оның көмегі тимей қалмады, бірақ көлемі тым аз болды, сондықтан айналымға келе бермейді. «Сыбаға» бағдарламасы ауылда тұрып, мал шаруашылығымен айналысамын дегендерге жақсы көмек. Мен «Сыбағаны» екі жылдың ішінде үш рет бөліп алдым. Оған банкке қоятын кепіліміздің болмауы себеп болды. Балалардың, туған-туыстың қаладағы үйлерін қойып, 11 миллион 800 мың теңге қаржы алдық. Жеті жылдың ішінде аман-есен малымызды көбейтіп алсақ, несиені төлеп шығамыз деген үмітіміз бар.
«Сыбаға» бойынша бізге бірінші рет 2012 жылдың маусым айында 6 миллион 300 мың теңге берілді. Оған 30 ірі қара және 2 асыл тұқымды бұқа сатып алдық. Сол жылдың желтоқсан айында қолымызға тағы да 2 миллион 440 мың теңге, үшінші рет биыл сәуір айында 3 миллион теңге тиді. Олардың барлығына да сиыр мен тағы бір асыл тұқымды бұқа сатып алдық. Қазір барлығы 74 сиыр, 3 бұқамен қысқа түстік.
Бұрын «Сұлукөл асыл тұқымды қой зауыты» шаруашылығы елімізге тегіс белгілі болған еді. Жайылымы жақсы. Ауылдың айналасында егін жоқ. Біз тұрған Федосеев ауылы осы шаруашылықтың бөлімшесі саналатын. Ауылдың айналасында қазір де ешқандай егін егілмейді, малға жайылым мол. Жемшөпті биыл жеткілікті дайындап алдық. Шаруа қожалығында қазір бір малшыға, бір күзетшіге, бір механизаторға жұмыс ұсындық. Ептеп техниканы да жинап жатырмыз, онсыз жұмыс жүрмейді. «Сыбағаны» алғаннан кейін бір жылда оның үстемесін төлей бастау керек. Біздің шаруашылық оны да төлеп қойды, жақында комиссия келіп, малды, қораны, санитарлық тазалықты, жемшөптің сапасын, барлығын тексеріп кетті. Мал қораның біреуін өткен жылы, екіншісін биыл салып алдық. Қыс айларында жылы қорада тұрған мал көктемге күйлі шығады.
Біз несиенің ақшасына малды алыстан тасымай, ауылдағы жекелердің қолындағы сиырлардан таңдадық. Ал бұқаны Әулиекөл асыл тұқымын ұстап отырған ауылдағы бір шаруашылықтан сатып алдық. Сиырлар да, бұқалар да жергілікті мал болғандықтан, оларды тұтыну, бағу, көбейту сыры бізге де мәлім. «Сыбаға» – шаруашылықты дамытуға қолайлы бағдарлама. Осы бағдарлама бойынша мемлекеттің субсидиясын да алып отырмыз. Бұл да шаруаның еңбегін бағалау, оған үлкен көмек деп білемін. Өткен жылы 33 бұзау алдық, әрине, бірінші жыл болған соң шамалап қиындықтар болды. Сиырларымыздың үшеуі ақ бұзау туды, бұл әулиекөл асыл тұқымын алып үлгердік деген сөз. Келер көктемде сиырлар тағы бұзаулайды, мал саны көбейе, сонымен қатар, асылдана түседі. Егер «Сыбаға» болмағанда мен ешқашан малымды бұлай көбейте алмас едім. Өйткені, ауылдағы адамда мол қаржы қайдан болсын. Осы бағдарламаны маған арналған сыбағадай көремін. Мұның тағы бір жақсысы, субсидия алу үшін малды ылғи тексертіп, күтіміне жете мән бересің. Менің қорамдағы тұқымы азған сиырлар алдағы жеті жылда етті төңкеретін әулиекөл тұқымы болып іріктеледі, шаруамыз аяғынан тұрады.
Сәруарбек ШОЛАНОВ,
"Шоланов" шаруа
қожалығының жетекшісі.
Әулиекөл ауданы,
Федосеев ауылы.
________________________
Айқарма беттің материалдарын дайындаған «Егемен Қазақстанның»
Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.