19 Желтоқсан, 2013

«Атасу – Алашаңқай» мұнай құбыры толық қуатына шығады

521 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

01-147Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында атап айтқан­да, үстіміз­­дегі жылдың 13 желтоқсанында «ҚазТрансОйл» АҚ және «Қазақстан-Қытай мұнай құбыры» ЖШС Қарағанды облысындағы Шет ауданының Ақадыр кентіндегі №8 және Алматы облысындағы №10 мұнай айдау стансаларын пайдалануға қабылдады. Бұл екі станса «Атасу – Алашаңқай» экспорттық мұнай құбыры бойында орналасқан және жылына 20 миллион тонна өнімді тасымалдауға арналған.

 

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында атап айтқан­да, үстіміз­­дегі жылдың 13 желтоқсанында «ҚазТрансОйл» АҚ және «Қазақстан-Қытай мұнай құбыры» ЖШС Қарағанды облысындағы Шет ауданының Ақадыр кентіндегі №8 және Алматы облысындағы №10 мұнай айдау стансаларын пайдалануға қабылдады. Бұл екі станса «Атасу – Алашаңқай» экспорттық мұнай құбыры бойында орналасқан және жылына 20 миллион тонна өнімді тасымалдауға арналған.

01-004

01-147

Аталған құбыр желісі Қазақ­стан – Қытай магистральды мұнай құ­бырлары жалпы жүйесінің бө­лігі болып табылады, оның құрылысы екі кезеңде салынуда. Бірінші кезең шеңберінде 2003 жылы «Кеңқияқ – Атырау» мұнай құбыры және 2006 жылы «Атасу –Алашаңқай» мұнай құбыры салынған болатын. Ал екінші кезең­ді жүзеге асыру өзіне жүйенің қол­даныстағы өткізу қабілетін екі есеге арттыруды кіргізеді жә­не Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы үкі­мет­тері арасындағы мұнай және газ саласындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамыту туралы 2004 жылғы 17 мамырдағы Аралық ке­лісіміне сәйкес жүргізілуде.

Салтанатты ашылу рәсімінде «Қаз­ТрансОйл» АҚ жобаларды бас­қару департаментінің директоры Дулат Сембин атап өткендей, «Атасу – Ала­шаңқай» мұнай құбыры тартылған кезден бастап, яғни 2006 жылдан 2012 жылдың соңына дейін оның бойымен 52,1 миллион тонна мұнай тасымалданды. Ал биылғы 11 айда мұнай қотару көлемі 10,9 миллион тоннаны құрады.

«Қазақстан-Қытай мұнай құ­быры» ЖШС бас директоры Го И мырза өз сөзінде атап көрсеткендей, осынау ірі жоба екі мемлекет арасындағы экономикалық байланысты ғана емес, сонымен бір­ге тату көршілік, өзара достық қа­рым-қатынасты қалыптастырып, нығайтып отыр. Қос нысанды тапсырысқа сәйкес салып, межелі мерзімінде пайдалануға ұсын­ған «КазСтройСервис» АҚ өнер­кәсіптік құрылыс жөніндегі жетек­шісі Шайсмайл Гасанов құры­лыс­шылардың өз міндеттерін халық­аралық стандарттарға сай орын­дауға күш жұмылдырып, жоғары деңгейден қөрінгендерін атады.

– Ауданымыздың аумағында іргелі өндіріс ошағының орын теуіп, қуатын арттыруы жұрт­­­­шы­лықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсара түсуіне үлкен ықпалын тигізіп отыр. Бұл ретте жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға қолайлы жағдайдың жасалуы қуантады. Жасыратыны жоқ, бұрын жеке аудан болған өңірде жұмыссыздық күрделі мәселе кү­йінде қалып келген еді. Ақадыр кенті өзінің екінші тынысы ашылуы­мен қатар, осы стансаның пайда болуы тұрғындардың тұрмысына жаңа леп әкелгендей болды, – деді Шет ауданы әкімінің орынбасары Бә­кен Тілеуқұлов. – Жұмысшылар құра­мының бір бөлігін аудан жас­та­ры құрап отыр. Оларды оқы­тып, дайындықтан өткізуге де күш сал­­­дық. Сондай-ақ, мұндай өн­­ді­ріс­­тің болуы аудан бюджетін то­лық­­­­­тыруға да көп үлес қосатыны сөз­сіз.

Біз өзіміз де танысып, білге­ні­­міз­дей шынында да станса ең­бек­керлері негізінен жас буын өкіл­де­рінен тұрады екен. Со­лар­дың бірі – Зейдін Ермек Қарағанды мем­ле­кеттік техникалық уни­вер­си­те­тінің технологиялық колледжін бітір­ген соң мұнда бірден жұмысқа қабыл­даныпты. Ал Атырау мұнай және газ институтының түлегі Сан­­ды­ғали Сасаев та еңбек жолын ақа­дыр­лық замандастарымен бірге бастапты. Аталған оқу орын­да­­рын тәмамдаған олар «Қаз­Транс­­Ойлда» қосымша маман­дан­­ды­рыл­­ған дайындықтан да өтіп­­ті.

– Ақадыр кентіндегі жолдас­та­рым­ның біразы қазір осында еңбек етуде. Бұған дейін көбі Қарағанды, Жезқазған қалаларында жұмыс істеп жүрген болатын. Енді туып-өскен орталарында еңбек жолын жалғастырып жүр. Өз мамандығыма байланысты жоғары оқу орнында сырттай білімімді тереңдету де ойымда бар. Бұған компания тарапынан қолдау таптым, – дейді Зейдін.

Елді мекендерден оқшау, жапан далада орын тепкен жаңа өн­діріс шағын қалашықтай ықшам үй-ғимараттарымен көз тартады. Айналасы тап-таза әрі жинақы. Әлеуметтік-тұрмыс жағдайы да жақ­сы екені бірден сезіледі. Қала­шықты аралап көргенімізде іске қосылған мұнай айдау стансасы нысандарының бәрі, соның ішінде диспетчерлік бақылау мен басқарудың автоматтандырылған заманауи жүйелері, электр қуатын коммерциялық жағынан есептеу желілері, өрт пен газ тұтану қаупі төнген кезде дабыл қағу және жедел сөндіру буыны соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Мұнай қабылдау мен айдау үдерістері де осындай құрал-аспаптармен атқарылады.

Жалпы «ҚазТрансОйл» АҚ мұнай тасымалдаушылар қажет­ті­ліктеріне сай келетін магис­траль­ды құбырлар жүйесін жан-жақты дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын белсенді жүргізу үстінде. Ал Ақадырда іске қо­сылған осы станса соның нақ­ты бір дәлелі. Компания барлық тұты­нушыларға сұйық отынды үздік­сіз және мерзімді тасымалдау­шы сенімді серіктес ретінде беделін жылдан-жылға биіктетіп отырғанымен белгілі. Оны осы саладағы ынтымақтастықты терең­детудің, транзиттік тасымалды ұлғайтудың жаңа арнала­рын қалыптастырушы тұтқа, екі­жақты өзара іс-қимылды үйлес­тірудің ұйытқысы десе де болады. Транзиттік тасымал демекші, Ре­сейдің Сібір мұнайы да Қытайға Ақадыр арқылы өтпек.

Осы орайда жоғарыда атап айтқа­нымыздай, «Кеңқияқ – Аты­рау», «Атасу – Алашаңқай» және «Кеңқияқ – Құмкөл» мұнай құбыр­лары тартылған болатын. Кезекте «Кеңқияқ – Атырау» тармағында және «Кеңқияқ – Құмкөл» бөлігінде қосымша сорғы стансасын салу жобаланып отыр. Бірақ жұмыс мұнымен бітпейді. «Құмкөл – Қа­рақойын» және «Қарақойын – Ата­су» мұнай құбыр­ларының өткі­зу қабілеттігін арттыру да жалғас­тырылады.

Еліміз экономикасы әлеуетінің кү­шеюіне, стратегиялық серік­тес­тікті ны­ғайтуға өзіндік үлесі үлкен компания жылдан-жылға ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Олар­дың ішінде жыл сайын жүк айналымы көрсеткіштері мен таза кірісті ұлғайту, магистральдық мұ­най құбыры ұлттық оператор мәрте­бесіне қол жеткізуі, халықтық IPO бағдарламасына сәтті қатысу мен жаңа инвесторларды тартуы «ҚазТрансОйлдың» шын мәнін­­­де­­­гі компания екендігінде шүбә жоқ.              

Айқын НЕСІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Қарағанды облысы,

Шет ауданы.

Соңғы жаңалықтар