Аталған құжат жөнінде баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бұл келісім ауыл шаруашылығы жануарларына селекциялық-асыл тұқымды жұмыс жүргізу тәртібін реттейтінін атап өтті. Сондай-ақ ЕАЭО аясында асыл тұқымды мал шаруашылығы нарығын дамытуға, өзара сауда кедергілерін жоюға бағытталған.
Келісімнің ұғымдық аппаратында «асыл тұқымды өнім», «асыл тұқымды құндылық», «асыл тұқымды жануар», «селекциялық және асыл тұқымды жұмыс», «ауыл шаруашылығы жануары» сияқты терминдер біріздендірілген әрі нақтыланған. «Селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіруді мүше-мемлекеттердің уәкілетті органдары жүзеге асырады, талдамалық қамтамасыз ету ғылыми-зерттеу ұйымдарында бекітіледі. Сондай-ақ Келісімде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер асыл тұқымды мал және селекциялық жетістіктер туралы мәліметтер алмасуды көздейді. Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесіп, Келісімді іске асыру үшін нормативтік құжаттарды әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Келісімді ратификациялау ЕАЭО ауқымында селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізуді оңтайландыруға, мал шаруашылығында селекция мен асыл тұқымды істі дамытуды қамтамасыз етуге, отандық асыл тұқымды өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», деді ведомство басшысы.
Келісім Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу мәселелері бойынша келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясатты іске асыруға бағытталған. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы жануарларының жасалған типтерін, желілерін (тұқымдарын) және кростарын апробациядан өткізу көзделген. Сонымен қатар, асыл тұқымды өнімге молекулярлық-генетикалық сараптама жүргізуді, асыл тұқымды жануарлардың тұқымын айқындауды және олардың асыл тұқымдық құндылығын бағалауды біріздендіру арқылы іске асыру қарастырылған. Бұл шаралар ЕАЭО шеңберінде асыл тұқымды мал шаруашылығының ортақ нарығын дамытуға және өзара саудадағы кедергілерді жоюға алып келеді деп күтіледі. Бұл өз кезегінде отандық асыл тұқымды өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Сонымен қатар депутаттар жалпы отырыста генетикалық сараптама жүргізу үшін республикада тиісті материалдық-техникалық база, сондай-ақ еліміз асыл тұқымды малды ЕАЭО-ның қандай елдерімен, қандай көлемде айырбастап келгені туралы мәселелерді қозғады.
Нұрлан Нығматулин осы заң жобасын талқылау кезінде депутаттардың Ресейден асыл тұқымды мал әкелу үшін бірқатар кедергі бар екенін айтқанына тоқталды. Сондай-ақ ол ратификацияны қабылдап, оған Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін ТМД елдерінен асыл тұқымды малды кедергісіз алып келуге жол ашылатынын атап өтті. Палата Төрағасының айтуынша, осы мәселені Мәжіліс заң жағынан қамтамасыз етіп отыр. Ал жауапты министрлік басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, ұйымдастыру шараларын жасауы қажет. Н.Нығматулиннің пікірінше, бұл – ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге үлкен көмек болмақшы.
Жиын барысында «2005 жылғы 25 қарашадағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
«Қазіргі таңда ТМД келісіміне сәйкес ұйымға мүше елдермен шекарамыз ашық. Осыны пайдаланып, кейбір азаматтар заң бұзады. Мысалы, 2005 жылдан бастап осы кезге дейін ұрланған 223-тен астам көліктің тек 30 пайызы (66 көлік) елге қайтарылды. Өйткені сұрау салу нормаларында кемшіліктер бар. Осы кемшіліктерді жою үшін құжатқа жаңа нормалар енгізілді», деді заң жобасын депутаттарға таныстырған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. Ведомство басшысының айтуынша, енді жаңа ереже бойынша сұрау салуды орындауға бір-ақ ай беріледі. Сондықтан сұрау салу бойынша ақпарат ұсынудан бас тарту үшін нақты негіз қажет. Бұдан бөлек, құжатта жол-көлік, өрт және табиғи апаттан зардап шеккен автокөліктер туралы мәлімет беру қарастырылған. Сондай-ақ кеден органдарымен ақпарат алмасу, бір жыл ішінде сұрауы жоқ автокөлік қай жерде анықталса, оны сол мемлекетте қалдыру мәселелері қарастырылған.
«Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттер арасында ортақ кедендік шекара бар. Көліктер тексерілмейді. Сондықтан осы көліктерді бақылап, ақпарат алмасу үшін бұл хаттама қажет. Былтырғы сәуірде осы заң жобасы Парламентте қаралған болатын. Бірақ бір норма кірмей қалғандықтан, кері қайтарылды. Халықаралық шарттарға сәйкес хаттаманың 1-бабы, 5-тармағы, «е» тармақшасындағы норманы заң жобасына кіргізу қажет болды. Онда мына мәселе айтылған: «Біздің мемлекетте шекарадан өтетін көліктер туралы ақпараттық деректер базасы жоқ. Сондықтан бұл норма Қазақстанға қолданылмайды». Осы ескертпені заң жобасына кіргіздік. Бүгінде барлық нормалар халықаралық «Вена конвенциясына» сәйкестендірілді», деді министр.
Заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс Төрағасы құжатқа қатысты өз пікірін білдіріп, ұрланған автокөліктерді қайтарудағы кемшіліктерге тоқталды. «Көлік ұрлаудағы ең қарапайым тәсіл – оны шетелге шығару. Сол жақта оған жаңа VIN-код жапсырылады, сосын көлікті тіркейді. Бұл схемадағы ең үлкен мәселе – «вин» кодты иелену. Ұрланған көлікті шетелге апарып, оны шанаққа жапсырады. Дәл сондай түс таңдалып, көлік маркасы мен жылы сәйкестендіріледі. Қазір мұның бәрі белгілі. Осылайша, ұрланған көлік «заңдастырылады», деді Нұрлан Нығматулин.
Тағы бір тәсіл бар. Жоқ көліктің VIN-кодын шетелдің ішкі істер министрлігіне тіркейді. Осы орайда, Мәжіліс Спикері мұндай тәсілді жүзеге асыруға құқық қорғау саласы қызметкерлерінің де қатысы бар екенін атап өтті. Өйткені VIN-кодты осы салаға жауапты мамандар ғана біледі. Нұрлан Нығматулин келтірген деректерге сүйенсек, кейінгі 15 жылда Қазақстан аумағында 40 303 автокөлік ұрланған. Соның 223-і ғана ТМД елдерінен табылыпты. Бірақ 66 көлік қана елге қайтарылған.
Мәжілістің жалпы отырысында «1993 жылғы 22 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара көмек туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. «Хаттама Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының функцияларын нақтылауды көздейді. Бұл екі мемлекеттің жеке және заңды тұлғаларына өздерінің жеке әрі мүліктік құқықтарын қорғау үшін соттарға, сондай-ақ басқа да құзыретті органдарға тікелей жүгінуді оңайлатады», деді Әділет министрі Марат Бекетаев.
Құжат Қазақстанның Моңғолиямен құқықтық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға бағытталған. «Хаттама арқылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсетудегі құзыретін белгілейтін шарттың 27-бабын алып тастау көзделеді. Себебі бұл мәселелер алдағы уақытта Бас прокуратураның құзыретіне жатады. Хаттаманы ратификациялау Қазақстан мен Моңғолия азаматтарының құқықтарын қорғауға бағытталған азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді», деді министр.
Сондай-ақ отырыс барысында Палата VII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың I сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспарын бекітті. Жоспар негізгі 5 бөлімнен тұрады. Бірінші сессияға барлығы 35 негізгі іс-шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде Мәжіліс комитеттерінің 9 кеңейтілген тақырыптық отырысы, «Үкімет сағаттары», халықаралық конференция, 9 дөңгелек үстел және басқа да іс-шаралар ұсынылып отыр. Мәжілістің халықаралық және парламентаралық қызметін іске асыру бойынша шаралар жеке кесте негізінде жүзеге асырылады. Жоспар жобасы Мәжілістің тұрақты комитеттерінде пысықталып, өзекті мәселелерден туындайтын маңызды іс-шараларды қамтыған. Сонымен қатар елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдайды ескере отырып, аталған тақырыптық отырыстарды бейнеконференц-байланыс форматында өткізу мүмкіндігі де қарастырылған.
Жалпы отырыс соңында бірқатар депутат мемлекеттік орындар басшыларына сауал жолдады. Мәселен, Мәжіліс депутаты Александр Милютин Премьер-Министрге жолдаған сауалында зейнетақы жүйесін қайта құруды ұсынды. «Қазақстандықтардың көпшілігінің жалақысы аздығынан олардың зейнетақы жинағы жеткіліксіз. Біздің партия (ҚХП) бұрынғы зейнетақы жүйесіне қайта оралуды ұсынады. Басты ұсынымыздың бірі – азаматтардың еңбек демалысына шығу жасын қайта қарау. Оны еңбек жағдайының күрделілігіне сүйене отырып есептеу қажет», деді депутат.
Депутат Ғазиз Құлахметов Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында қандастардың құжаттарын ретке келтіру мәселесін көтерді. Бұлардан бөлек, жиын барысында Сауытбек Абдрахманов, Арман Қожахметов, Азат Перуашев, Дания Еспаева, Ирина Смирнова, Гүлнар Бижанова, Жанат Омарбекова, Айгүл Жұмабаева, Ерлан Саиров, Артур Платонов әртүрлі өзекті мәселе бойынша депутаттық сауалдар жолдады.