Пікір • 28 Қаңтар, 2021

Полиция қызметіне серпіліс әкелетін модель

844 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында құқық қорғау органдары жұмыстарының озық әдістерін пайдалануының маңыздылығын атап өтті. Осы орайда «Полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидатын енгізу оның модульдік бекеттері желісін дамыту, полицияның жаңа учаскелік пункттерінің орналасуын оңтайландыру, бейнебақылау жүйесін дамыту, сондай-ақ «икемді» патрульдеу әдісін енгізу арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта бұл бағытта өте белсенді жұмыс жүргізілуде.

Полиция қызметіне серпіліс әкелетін модель

Мемлекет басшысы ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысында жүргізіліп жатқан жұмыстың негізгі тұлғасы учаскелік полиция инспекторы (УПИ) екендігін атап өтті. Бұл ретте учаскелік инспектордың мәртебесін заңды түрде арттыру, оған нәтижелі жұмыс үшін барлық мүмкіндіктерді беру тапсырылды. Осыған байланысты, учаскелік полиция мәртебесін заңнамалық арттыру оның өкілеттіктерін кеңейту арқылы іске асырылады. Атап айтқанда, учаскелік инспекторларға мынадай құқықтарды беру мәселесі пысықталуда: қорғау нұсқамаларын өз бетінше шығару; егер құқық бұзушының қатысуы зардап шеккен адамның немесе отбасы мүшелерінің өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін болса, оның тұруына 10 тәулікке дейінгі мерзімге тыйым салуды белгілеу туралы; ерекше талаптарды белгілеу, оның ішінде кешенді медициналық-психологиялық көмек бағдарламасынан өту туралы сотқа өтінішхат енгізу.

Сондай-ақ әкімшілік материалдарды қарау бойынша УПИ құзыретін кеңейту жоспарлануда. Қазіргі таңда учаскелік инспектордың ең төменгі жалақысы 150 мыңнан 200 мың теңгеге, ал оның көмекшісінікі 117 мыңнан 170 мыңға дейін көтеріліп, еңбекақы жүйесін жақсарту мәселесі шешілуде. Бұдан бас­қа, учаскелік инспекторлардың көмек­шілеріне тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы алу құқығы беріледі. Қыз­мет­керді ынталандыру шарасы ре­тінде учаскелік инспекторлар үшін шекті ар­найы атақтарды көтеру мәселесі пысықталуда.

Көптеген шетелдің полициясы сервистік модель қағидаты бойынша жұмыс істейтіні белгілі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында полиция қызметіне осы модельді енгізудің қолда бар фрагменттік нәтижелерін атап өтті. Әңгіме Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың тапсырмасымен Халыққа қызмет көрсету орталығы бойынша азаматтар үшін қабылдау бөлмелерін ашу, халықпен есеп беру кездесулерін, «Жолдағы қабылдау» акцияларын өткізу, халықтың сенім деңгейін ескере отырып, полиция қызметін бағалау өлшем шарттарын өзгерту бойынша атқарылған жұмыстар туралы болып отыр.

Қазақстан полициясына қатысты сервистік модель қауіпсіздік проблемаларын айқындау мен бірлесіп шешуде қоғаммен тығыз өзара іс-қимыл жасауға бағытталған жаңа идеология ретінде қаралады. Полицияның сервистік моделін енгізу бойынша алғашқы қадамдар жасалды. 2019 жылғы қарашадан бастап Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисімен ынтымақтастық шеңберінде Қарағанды облысының аудандарының бірінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілдеме бойынша қанатқақты жоба іске асырылуда.

Парақорлықтың себептері мен салдарын зерттеуге және жоюға көп көңіл бөлінуде. Негізгі құралдардың бірі – тұрақты негізде жүргізілетін сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне талдау жасау. Қазіргі уақытта әкімшілік полиция, көші-қон қызметі, тергеу және қылмыстық атқару жүйесі бөлімшелерінің қызметіне осындай 14 талдау жүргізілді. Полиция қызметінің азаматтармен өзара іс-қимыл кезінде бюрократиялық кедергілер мен сыбайлас жемқорлық әрекеттерін азайтуға бағытталған процестерді цифр­ландыру және автоматтандыру кезең-кезеңмен белсенді жүзеге асырылуда.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтер жұмысын автоматтандыру 83%-дан асады, бұл біз көрсететін 36 қызметтің 30-ы. Жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін автоматты құралдар желісі дамуда, бұл полицияның жүргізушілермен байланысын болдырмайды.

Барлық өңірде көші-қон қызметтері орталықтары ашылды, бұл еңбек иммигранттарына рұқсатты беру мен ұзартуды айтарлықтай жеңілдетеді. Тіркеу-емтихан бөлімшелері таратылды. Олардың қызметтері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілді. «Шеп» стационарлық бақылау бекеттері таратылды, өйткені олардың қызметі жиі сынға ұшырады. Бүгінде елдің шекараларын кесіп өту кезінде ең маңызды жерлерде алтауы ғана қалды. Статистика деректері министрлік қабылдаған шаралардың тиімділігін айғақтайды.

Қызметкерлерге қатысты басталған сотқа дейінгі тергеп-тексерулер саны 8 пайызға, 2019 жылы 369-дан осы жылы 341-ге дейін төмендеді. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары бес пайызға азайды. Құқықбұзушылықтарды жа­саудың әрбір фактісі бойынша ішкі істер органдарының қызметкерлері қыз­меттік тексерулер жүргізеді, олардың нә­ти­желері бойынша кінәлі адамнан басқа, оның тікелей басшылары да атқаратын лауазымдарынан боса­туға дейін қа­таң тәртіптік жауаптылыққа тартылады.

Жалпы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, ішкі істер органдары жүйесіндегі тәртіп пен заңдылықты сақтау жөніндегі жұмыс жүйелі түрде өтіп жатыр. Президент өзінің Жолдауы арқылы елдегі тұрақтылық пен құқықтық тәртіпті сақтауға үлкен мән беретінін көрсетті. Бұл мәселе Ішкі істер министрлігінің құзыретінде. Әрине, мұнда кадрлар маңызды рөл атқарады. ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысы кадр саясатының маңыздылығын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «полицияда дөрекілік пен біліксіздікке орын жоқ. Бұл жерде тек өз ісіне берілген және кәсіби тұрғыда дайындалған азаматтар ғана қызмет етуге тиіс», деді. Министрлікте жас қызметкерлерді сапалы іріктеуге үлкен көңіл бөлінеді. Ведомстволық білім беру саласындағы реформаларға байланысты 12 оқу орнының ішінде полицейлерді даярлау үшін 5 үздік оқу орыны сақталды. ЖОО қызметі толығымен практикаға бағытталған, дәрістер оқу үшін министрлік пен полиция департаменттері басшыларының қатарынан неғұрлым білікті мамандар тартылады. Қазіргі таңда ведомстволық оқу орындарына полицияның сервистік моделін енгізу мәселесін кеңінен талқылау басталды. Министрлік үшін ақпаратты тек профессорлық-оқытушылық құрамға ғана емес, сонымен қатар өз қызметінде сервистік тәсілді енгізе бастайтын курсанттарға да жеткізу өте маңызды. Қазіргі басты міндет – сервистік модельді енгізудің мәнін түсіндіру. Себебі мысал ретінде, шетелде сервистік модельді енгізу үшін 20 жылдан астам уақыт қажет болды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полицияның тірек пункттері жанындағы Қоғамдық кеңестерді қайта құруды тапсырды. Бүгінгі таңда учаскелік полиция пункттерінде бір жарым мыңнан астам Қоғамдық кеңес жұмыс істейді, олардың құрамына әкімдіктердің, ПИК-тің, түрлі ұйымдар мен кәсіпорындардың өкілдері, ақсақалдар мен елді мекендердің құрметті тұрғындары кіреді. Кеңестердің жұмысына барлығы сегіз мыңнан астам азамат қатысады.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев алқа отырысында қызметкерлерді әлеуметтік-материалдық қолдау негізгі міндеттердің бірі болып табылатынын атап өтті. Әрине, материалдық көмек – жұмысқа деген көзқарасқа әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Президент пен Үкімет тарапынан учас­келік инспекторларға қолдау көрсету, оларға сенім арту сала қызметін жақсартуға жол ашатыны анық.

Министрлік өз кезегінде қоғам үшін үлкен пайда әкелмейтін ерекше және бейінді емес функцияларды алып тастау, олардың жұмыс форматын өзгерту тұрғысында жұмыс істейді. Өзгерістер көбінесе қоғамға қызмет етуге, қауіпсіздік мәселелерінде тиімді шешімдерді әзірлеу бойынша бірлескен жұмысқа бағытталған ұйымдастырушылық тәсіл мен мінез-құлық стилін өзгертуге бағытталған. Бұл салада болып жатқан өзгерістер, ең алдымен, ішкі істер органдары жұмысының тиімділігін арттыруға және орган қызметкерлерінің әлеуетін дамытуға бағытталған. Полиция жұмысын бағалаудың ең маңызды өлшемі қоғамның оң пікірі және ішкі істер органдарына деген сенім деңгейі болып қала береді.

 

Айдар САЙТБЕКОВ,

ІІМ Алматы академиясының бастығы, полиция полковнигі