Отырыс барысында Мемлекет басшысы экономикалық жүйені басқару кезіндегі дағдарысқа қарсы шаралардың негізгі бағыт-бағдарын атап өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта қолға алынатын экономикалық өсімді қалпына келтіруге негізделген реформаларды айқындап берді.
Мәселен, Мемлекет басшысы Экономикалық қылмыстармен күрес агенттігі құрылатынын мәлімдеді. Менің ойымша, бұл бастаманы мемлекетті стратегиялық деңгейде басқаруды нығайтудың, институционалдық реформалардың тиімді қадамы деп бағалауға болатын секілді. Әрине, аталған агенттіктің қызметтік міндеттері алдағы уақытта анықталады. Дегенмен, Президенттің сөзіне қарағанда, бұл ведомство «көлеңкелі» экономикаға қарсы күресті күшейтетінін аңғаруға болады.
Бұлай деп болжам жасаудың өз себебі бар. Мәселен, ел Президенті мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын цифрландыруды ұсынды. Яғни, Мемлекет басшысы жеке кәсіпкерлерді онлайн-кассалық машиналар мен POS-терминалдарды қолданған жағдайда салықтық есеп беруден босату мәселесін қарастыруды тапсырды. Меніңше, жаңадан құрылатын Экономикалық қылмыстармен күрес агенттігі кәсіпкерлердің босаңсып кетпеуіне ықпал етеді.
Бекжан САДЫҚОВ,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының магистрі