Пікір • 28 Қаңтар, 2021

Өзекті мәселеге назар аударды

153 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жайылымдар мәселесіне арнайы тоқталды. Ауыл адамдарының байлығы – жайылым. Сол арқылы олар өздерінің өрісін кеңейтіп, табысын арттырып, жағдайын жақсартып отыр. Малын жаятын жер таба алмау – үлкен проблема.

Өзекті мәселеге назар аударды

Президент Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, жыл соңына дейін бос жатқан жайылымдық жерлерді иелерінен қайтарып алуды тапсырды. Елімізде жайылымға арналған жер жеткілікті. Алайда оны реттеп, қадағалап отырған жергілікті атқарушы орган жоқ. Соның салдарынан ауыл адамдары қазір қиын жағдайда қалды. Тіпті, кейбір елді мекендердің маңайын мал таптап, топыраққа айналдырған. Өзге жерді кейбір шаруашылықтар меншігіне алып алған. Не өздерінде мал жоқ, не басқа малды жібермейді. Президент айтып өткендей, жайылымдардың 99 пайызы қожалықтардың иелігінде. 36 пайызы ғана қолданыста, ал қалған 46 млн гектар жайылым бос жатыр.

Елімізде «Жайылымдар туралы» заң бар. Тек оған жергілікті атқарушы органдар пысқырып та қарамайды. Заң бойынша малы жоқ шаруашылықтардың жайылымдық жерін қайтарып алуға болады. Бұл талаптарды шаруа қожалықтары ескермейді, ал жергілікті атқарушы орган бақыламайды. Екі ортада зардабын халық шегіп отыр.

Мәжіліс депутаты ретінде осы мәселеге байланысты Үкіметке бірнеше рет сауал жолдадым. Алайда бұл мәселе сол жабулы күйінде қалды. Мемлекет басшысының осы проблемаға назар аударып, нақты тапсырмалар бергені орынды деп есептеймін. Президенттің шешілмей тұрған өзекті мәселені көтеруі ауыл тұрғындарын қуантқаны анық.

 

Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,

Парламент Мәжілісінің VI шақырылым депутаты