Экономика • 28 Қаңтар, 2021

Қазақстан Чехия нарығына 45 өнімді экспорттайды

284 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан жалпы құны 324,8 млн доллар болатын 45-тен астам өнім түрін экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл туралы экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-чех үкіметаралық комиссиясының тең төрағаларының кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстан Чехия нарығына 45 өнімді экспорттайды

Кездесу бейнеконференция форматында өткен. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, үкіметаралық комиссия – өзара ынтымақтастық мәселелерінің кең спектрі бойынша нақты шаралар қабылданатын алаң ретінде танылды. Тараптар Қазақстан мен Чехия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін, алдағы отырыстың күн тәртібіндегі мәселелерді, сондай-ақ COVID-19 пандемиясы (медициналық техниканы, жабдықтарды, дәрілік препараттарды және т.б. өнімдерді жеткізу) кезеңінде денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

Қазақстандық сарапшылар сауда ынтымақтастығын дамыту мақсатында Чехия нарығына шығарылуы мүмкін әлеуетті тауарлардың тізбесін дайындаған. Тізімге мұнай-химия, металлургия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс саласының өнімдері енген. Кездесу барысында қазақстандық тарап Чехияның атом энергетикасы кәсіпорындарына «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ табиғи уран концентраттарын және уран өнімдерін жеткізу; станоктарды жөндеу және жаңғырту және олардың жиынтықтаушы және қосалқы бөлшектерін өндіру жөніндегі орталықты (технопарк), сондай-ақ отандық өндірістерде одан әрі қолдану үшін Қазақстанда компоненттік база өндірісін дамыту жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығын құру; Қытайдан Еуропаға Чех Республикасына/нан/арқылы контейнерлік жүктерді (жүк тасымалдарын) дамыту бойынша нақты ұсыныстар білдірген.

Министрлік мәліметінше, екі ел арасындағы тауар айналымы 2019 жылы 380,4 млн долларды құраған. Ал 2020 жылдың 11 айында өзара сауда-саттық 9,9 пайызға төмендеп, 312,4 млн долларды құрапты. Чехияға экспорт үлесі 4,5 пайызға, Чехиядан импорт үлесі 11,2 пайызға қысқарған.