Тәуелсіздік күнінің қарсаңында белгілі журналист Берік Уәли жетекшілік ететін «Аманат» пікірсайыс интеллектуалдық клубының ұйымдастыруымен Алашорда мемлекетінің 96 жылдығына және сол мемлекеттің ізашары Әлихан Бөкейхановтың туғанына 147 жыл толуына орай Астанада дөңгелек үстел өтті.

Алғашқы сөзді сенатор Мұрат Бақтиярұлы алып, Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығын биік дәрежеде өткізу жөнінде өзінің келелі ойларын ортаға салып, бұл іске байланысты тиісті орындарға сұрау салып жатқанын жеткізді. Айтулы күн ЮНЕСКО деңгейінде мерекеленсе артық болмас еді деген байламын ұсынды. Ал «Алашорда» қоғамдық қорының директоры Сұлтанхан Жүсіп: «Алаш көсемдері Алаш автономиясын неге кеш жариялады немесе отаршыл Ресейден бөлінуге неге ұмтылмады» деген тақырыпта баяндама жасап, тарихшылардың әлі де болса тісі бата қоймаған мәселені жан-жақты қозғап, Әлихан Бөкейханның жарық көріп жатқан таңдамалы шығармалары жайлы баян етті.
Профессорлар З.Қабылдинов, Д.Махат, К.Ілиясова, т.б. Алашорда автономиясы туралы әлі де жұртқа белгісіз деректерді сөз етіп, ұлт көсемі саналатын Әлихан Бөкейхановтың туған күнін халықтық мерекеге айналдыру керек деген ойын еске салды. Өзге де пікір білдірушілер Алашорда қозғалысының асқақ арманы «Жас тұлпарға», уақыт өте келе Желтоқсан көтерілісіне ұштасқанын, ендігі жерде қазақтың ел болуына іргетас болып қаланған осы үш кезеңді кешенді түрде зерттеп, зерделеу керек екенін ортаға салды.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».